Әлеумет

Нан бағасы бақылауда

Алайда ол күлшеге айналып кетпесе болғаны

Ас атасы – нанның қымбаттағанына біраз болып қалды. Биыл бидай өнімі жылдағыдан төмен екенін Үкімет те, әлеуметтік желі белсенділері де айтып жатыр. Бидай өндіруші бірден бір мемлекет бола тұра ұн тапшылығына ұрынып, нанның қымбаттауы қисынға келмейтін сияқты. Бірақ, осылай болып жатыр.

Нанның бағасын бақылауда ұстау үшін жергілікті әкімдіктер жанталаса жұмыс істеп жатыр. Тиісті басшылар Түркістан облысы бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы — 71,5 теңге көлемінде екенін мәлімдеді. Ал Түркістан қаласында арнайы дүкендерде 75 теңгеден сатылып жатыр екен. Бұл туралы арнайы рейдтік шара аясында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт мәлімдеген.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтың төрағалығымен арнайы құрылған жұмыс тобы әлеуметтік нан бағасының өсуіне қарсы жүйелі жұмыстар атқарып жатқанға ұқсайды. Облыс орталығында әлеуметтік нан бағасын бақылауға арналған рейдтік шаралар ұйымдастырылған. Шара аясында сала мамандары Түркістан қаласында бірнеше маркеттер мен әлеуметтік дүкендерді аралап, әлеуметтік нан мен азық-түлік бағаларымен танысқан.

«Қазіргі таңда Түркістан қаласына бидайды төмен бағамен жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілген. Сондай-ақ, жергілікті «Ақжол» серіктестігі наубайханасымен келісім-шарт жасалды. Наубайхана күніне 25 мың дана нан өнімін даярлап, қала сұранысының 80 пайызын қамтып отыр. Әлеуметтік нан өндіру үшін наубайхана арзандатылған 1-сұрыпты бидай ұнымен қамтамасыз етілетін болады. Өндірушілерге арзан бағадағы шикізатты жеткізе отырып, әлеуметтік нан бағасын тұрақтандырып отыратын боламыз. Күнделікті 1-сортты ұннан жасалған әлеуметтік нан Түркістан қаласындағы 20 сауда орнында 75 теңгеден сатылуда. Ал облыс бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы 71,5 теңге көлемінде. Мамандар нанның салмағын да қадағалауда ұстап отыр», – деді Нұрлан Мархабатұлы.

Шара аясында Түркістан қаласындағы азық-түлікті төмендетілген бағамен сататын әлеуметтік дүкендер де таныстырылды. Түркістан облысы бойынша Тұрақтандыру қорының басқарма директоры Марал Марасилов жергілікті тұрғындар арзан бағада азық-түлік алулары үшін Түркістан қаласында сегіз әлеуметтік дүкеннің жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
«Біздің қорымыздағы он төрт әлеуметтік дүкеннің сегізі жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қалған дүкендерді іске қосатын боламыз. Әлеуметтік 19 тауардың бағасын тұрақтандыру үшін жұмыстар атқарылуда. Жалпы, қазіргі таңда қоймада 12 мың тонна өнім бар. Бұл қор бағаны қалыпты ұстауға жеткілікті. Ал әлеуметтік нан бағасын көтермеу мақсатында наубайханаларға арзан бағада ұн, субсидия беруді қолға алып жатырмыз», — деді Марал Марасилов.

Қазір Шымкенттегі көптеген жеке наубайханаларда нанның бағасы 80 теңгеге көтерілгеніне біраз уақыт болып қалды. Тұрғындардың бұл бағаға да көзі үйренді. Ал, әлеуметтік дүкендердегі баға әкімдік тарапынан бақылауға алынып, соны ұстап тұру үшін зыр жүгіріп жүр екен. Бірақ бұл жүгіріспен олардың қай жерге дейін баратыны белгісіз. Себебі нарық заманында бағаға мәжбүрлі бақылау жүрмейтіні айтпаса да түсінікті. Ал мемлекеттің есебінен бағаны тұрақты ұстап тұрудың мүмкін еместігі бұған дейін талай мәрте дәлелін тапқан. Былайша айтқанда, бағаны күштеп ұстап тұрғанымен, нанның салмағы төмендеп кететіні бірнеше рет орын алған. Сол көрініс тағы да қайталануы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде осыған байланысты әртүрлі әңгіме айтыла бастады. Бұл жөнінде әріптесіміз Сабыржан Байбосынов өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Шымкентте нан бағасы 60 теңге. Бірақ  көлемі кішірейіп кеткен нан екен ғой, доста-аар!» деп жазды.

 Иә, нанның салмағын ұстап тұра алмасақ та бағасын қымбаттатпауға болады екен. Бірақ, мәселе дәл осылай жалғаса беретін болса нанымыз бірте-бірте күлшеге айналып кетпесе болғаны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *