Басты жаңалықтар Мәселе

Алла үйі ма, қоқыс алаңы ма?

Теріскейдегі келеңсіз көрініс көңіл құлазытады

Оқырманның есінде болса, осыдан екі жылдай бұрын Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғандағы орталық мешіт әжетханасында қасиетті Құран кітабын дәрет қағазы ретінде пайдаланылғаны жөніндегі сұмдық оқиға жамағаттың жағасын ұстатқан болатын.

Әрине, ақыл-есі дұрыс, жүрегінде титтей де иманы бар адам мұндай сорақылыққа бармасы анық. Сонда мұны кім істеген болуы мүмкін? Исламды қорлағысы келген жұмыр басты пенденің тірлігі ме, әлде білместіктің салдары ма? Жә, бұл енді өткен шақтың оқиғасы. Ал осындай сорақылыққа жол берілген орталық мешіттің бүгінгі жағдайы қандай?

 Қызмет барысымен Созақ ауданына жиі болмаса да жылына 3-4 рет, кейде одан да көп рет барамыз. Сол сапарларымызда жолай мешітке соғып кететініміз бар. Шамамен осыдан екі жылдай бұрын мешіт төңірегінде құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанын көретінбіз. Жергілікті тұрғындардан дәретхананың жаңадан салынатынын естігкенде «Әп, бәрекелді!», – деп, іштей ризашылық танытқанымыз да есімізде. Алайда, содан бері қанша уақыт өтсе де сол құрылыстың аяқталғанының куәсі бола алмай келеміз. Баяғы жартас – сол жартас. Қашан барсаңыз да тасбақа аяңнан да баяу жүріп жатқан құрылыс алаңында қажетті материалдармен бірге қоқыс та шашылып жатады. Бірақ неге екені белгісіз, мешіт айналасында құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген жұмысшылар байқалмады. Әдетте, ұзаққа созылған құрылыс нысанына қатысты «сақалды құрылыс» деген теңеу айтылатын, ал Шолаққорғандағы мешіттің қосымша ғимаратының құрылысы тіпті, «ақсақалды құрылысқа» айналып барады.

Биыл Шолаққорғанға табанымыз тигенде тағы да орталық мешітке бас сұқтық. Өзгерген ештеңе жоқ. Әлі де сол бітпеген құрылыс, шашылған қоқыс. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегенге саятын болсақ, «мешітіне қарап, жамағатын таны» деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Өйткені, мешіттердің таза, ыңғайлы, көзтартар халде болуы сол мешіттің имамы мен жергілікті жамағаттың іс-әрекеттеріне, жанашырлығына тікелей байланысты. Сонда талай таланттарды тудырған, қаншама қалталы азаматтарды түлетіп ұшырған Теріскейде Алланың жердегі үйі — мешітке жанашырлық танытатын бір азаматтың табылмағаны ма? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мәселе ондай иманды азаматтың жоқтығында емес, соны ұйымдастыратын жанның табылмай отырғандығында болса керек.

Рас, біз Ислам мемлекеті емеспіз. Ата заңымызда зайырлы мемлекет екеніміз тайға таңба басқандай жазылған. Алайда, әр азаматтың өзінің ұстанатын, сыйынатын діні болғандықтан, оны қоғамнан бөліп алып тастай да алмаймыз. Жергілікті атқарушы органдарда дін істерімен айналысатын арнайы лауазым иелері мен мамандар бар. Аудандарда бұл іспен аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары айналысуы тиіс. Демек, дәл осы лауазым иесі жүрегі иманмен нұрланған, жомарт жандарды ұйымдастырып, мешіт құрылысына қол ұшын созушы азаматтардың көмектесуіне себепкер, сауап істің орын алуына дәнекер болса, Алланың ризашылығына бөленіп, жамағаттың алғысын арқалаушы ма еді?  

Әрине, мешіт салу, оны сапалы күйде ұстап тұру – мемлекеттің міндетіне кірмейтіні түсінікті. Жомарт жандардың арқасында бүгінде барлық аудан орталықтарында, ауылдарда жамағатқа қызмет ететін құлшылық үйлері бой көтерген. Өз еркімен жамағатқа мешіт тұрғызып бергендердің бұл әрекетін ерлікке теңеуге болады. Қалған шаруа жамағаттың жұмылуымен орындалып жатса жарасымды емес пе? Ол үшін ұйымдастырушы азаматтың белсенділігі қажет. Онсыз да құлшылық үйіне бас сұққан сайын садақа тастап кететін жамағаттан көмек сұраса аянып қалар ешкім жоқ. Тіпті, тұтастай құрылысты қайырымдылық ретінде атқаруға дайын қалталы азаматтардың табылатынына күмән жоқ. Облыс қазынасына қомақты қаражат құйып отырған ауданда орталықтағы бір мешіттің бірнеше жыл бойы қорғансыздың күйін кешіп келе жатқаны, сол аудандағы жамағатты ғана емес, басшыларды да ойландырғаны дұрыс. Бұл жерде мәселе қаражатта емес, ниетте екені түсінікті.

Кез-келген нәрсенің бағасын, сапасын салыстыру арқылы анықтауға болады. Сол себепті өзге аудандарда бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын сұрастырып көрдік. Отырар ауданының әлеуметтік ахуалын Созақпен салыстыруға келмейді. Халық саны да аз. Дегенмен, Отырарда 2018 жылы құрылысы басталған екі бірдей мешіт пайдалануға берілді. Мешіт болғанда да, ауласы ат шаптырым жерді алып жатқан екі мешіт те заманауи үлгіде бой көтерген. Бірі аудан орталығы Шәуілдірдегі «Есен ана» болса, екіншісі Талапты елдімекеніндегі «Жанәділ ата». Осындай мешіттер қысқа уақытта Шардара, Төлеби, Келес және Жетісай аудандарында да бой көтерді. Түлкібаста бір ескі мешіт бұзылып, орнына қысқа мерзімде жаңасы тұрғызылды. Төлеби ауданының Балдыберек ауылы мен Жетісай ауданының Ділдәбеков пен Атамекен ауылдық округтеріндегі жамағат жаңа мешітке барып жүр. Онда жамағатқа құлшылық ету үшін бар жағдай жасалған. Ал Келес ауданында 60 отбасы мекендеген шағын ғана Қаратал елдімекенінің тұрғындары асарлатып-ақ бір жылда мешіт тұрғызып алды. Осылардың барлығы мешіт саламыз деп қазынаның қаржысына телмірген жоқ. Ортадан бір адамдар бас болып шықты. Басқалары соған қосшы болып көмектесті, соңынан ерді. Нәтижесінде үлкен сауап істің ұйытқысы болды.

Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов кең байтақ қазақ даласына ислам дінін алып келген қожа руынан шыққан азамат. Әрине, оның өзге де шаруасы шаш етектен шығар, бірақ ата-бабаларының әрекетін жалғап, қалталы қайырымды жандарға ой салып, Шолаққорғандағы орталық мешіттің тезірек ретке келуіне қол ұшын созса сауап іс болар еді. Бәлкім, мешіттің мұндай халге түсуіне оның идеология саласына жауапты орынбасарының бостық танытып жүргендігі себеп болып отыр ма екен? Қалай болғанда да ауданның орталық мешітінің жетімнің күйін кешіп отырғаны аудан басшысына да, аудан жамағатына да жақсы атақ әкелмесі анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *