Әлеумет

Жаңа жәрдемақы жайында

Бүгінгі күні Шымкент қаласы бойынша төрт және одан көп перзенті бар 20 380 ана көпбалалы ана ретінде жаңадан тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Бұл жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының осы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша қолға алынды.

Айтылып отырған жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Оның мөлшері бала санына қарай сараланады. Айталық, төрт баласы бар отбасыларға — 42500 теңге, бес балаға – 53125, алты балаға – 63750, жеті және одан да көп балаларға — 74375 теңге жәрдемақы төленеді. Орта есеппен алғанда жәрдемақының мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгенің аралығында болып отыр. Бұл 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемімен біріктіріліп төленеді. 

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның орташа мөлшері 16160 теңгені құрайды. 1 қазандағы жағдай бойынша Шымкент қаласында жәрдемақының бұл түрін 9991-ге жуық адам алады. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.

Осы айтылып отырған мәселелер төңірегінде, яғни жәрдемақы тағайындау барысында кез келген тұрғынға кеңес керек болса, тұрғылықты жеріңіздегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалдарына, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне және Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен хабарласуға болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *