Өмірдің өзі

«Майбалақ шопыр»

Арқасы бардың барлығы ақын, қолына қалам ұстағанның барлығы жазушы емес. Дегенмен, басқа саланың майталманы болса да қалам ұстаса ел қалап оқитын туынды дүниеге әкелуге бейім тума таланттар болады. Бірақ, олар өздерін жазушы санамайды. Жазған-сызғанын мақтангершілікке салып, өзін жарнамалаудан да аулақ жүреді. Міне, ел ішінде жүрген осындай жанның бірі — астаналық Мұхтар Жанұзақ. Әлеуметтік желіде өзіндік ой-пікірімен ерекшеленетін онымен тілдесе қалсаңыз, қарапайымдылығы байқалып тұрады. Өзі туралы сұрай қалсаң, «Майбалақ шопырмын. Елордада автобустың «баранкасын» бұрап жүрмін», – деп елеусіз жауап береді. Бірақ өмірде көрген-білгендерін түртіп алатын қойын дәптеріне көз жүгіртсеңіз талай дүниелерді оқуға болады. «Мұхтар айтыпты…» дейтін езутартарлар да жоқ емес. Осы қасиетін қадір тұтқан алматылық ағасы Қали Жолдасов Мұхтардың өзі айтатындай «шимайларынан» «Майбалақ» деген атаумен кітап құрастырыпты. Назарларыңызға сол кітаптан үзінділер бергенді жөн көрдік.

Бопаланың баласы құдыққа түсіп өлген жыл…

…Тағы бір демалыста әкеммен Қарағандының Абайындағы ағайындарға барып қайттық. Таңертең тоғыз болмай шыққаннан, діттеген жерімізге он екі болмай-ақ жетіп бардық. Көптен көрмеген ағайын-туыстармен арқа-жарқа болып, өткен-кеткеннен әңгіме қозғап, бір жасап қалдық-ау. Әңгімені айтып, тамақты жеп, бойдақ шайды ішіп болып, қайтайын деп жатқанда Абайда тұратын Пайзолла құда әкеме:

– Секе, телефонмен хабарласып тұрайық, нөмірімді жазып алыңыз, Ермекбаев Пайзолла деп сақтап қойыңыз, – деді.

– Әй, сенің пәмилең Бекшеев еді ғой баяғыда, – деп еді, тағы бір әңгіменің тығыны ашылып кетті.

– Секе, менде мектепті бітіргенше метірке деген болмаған екен ғой. Он жылдықты бітіріп, аттестат алуға барсам, метіркең жоқ деп аттестат бермей қойды. Енді не істеймін? Ол кезде «ауылсәбеттің» хатшысы Күзембаев Төлеген. Ұрып айдап сол кісіге барып, мән-жайдың бәрін түсіндірдім. Содан әлгі кісі жазсам жазып бере салайын деп:

– Нешінші жылы туылғансың? – деді. Былай ойлап қарасам туған жылымды да білмейді екенмін. «Мм», – дей беріп едім, Төкең:

– Қай жылы туылғаныңды да білмейсің бе? – деді.

– Әке-шешем  «Бопаланың баласы құдыққа түсіп өлетін жылы туғансың», – деп отырады ғой – дедім міңгірлеп. Содан Төкең қолындағы қаламының құйрығын тістей отыра аз-кем ойланды да:

– Тәәк, Бопаланың баласы мен үйленгеннен кейін бір жыл өткесін өлді. Мен қырық алтыда үйленген болсам, бала қырық жетіде өлді. Кәк рәз жабағы қырқым бітіп, шопандардың құдықтың басына қоныстанып жатқан кезі еді. «Ызнашит», сенің туған жылың мен күніңді мың да тоғыз жүз қырық жетінің он бесінші июні деп жазсақ болады екен. Атаң — Ермекбай, әкең — Бекше, демек сен «Ермекбаев Пайзолла Бекшеевич боласың», – деп метіркемді жазып беріп еді, – деп әңгімесін аяқтады Пайзолла құда.

Шіркін, баяғының кісілерін айтам да, сөзге келместен алдына барған баланың сөзін жерге тастамай, жұмысын тындырып жіберіп отыр. Қазіргілерге барып: «Туған жылымды білмеймін, әке-шешемнің айтуы бойынша Астананы Нұр-Сұлтан деп атайтын жылы туыппын, маған метірке жазып беріңіз», – деп айтып көріңізші…

   Жүзден де өтем…

Бір күн демалыста әкемді ағайындарға апарып келмек болып шештім де, өзін үш-төрт күн бұрын ескертіп қойдым. Содан ол кісі баратынын айтпақ оймен Теміртаудағы Көпжасар ағама телефон соғып:

– Алло, ассалаумағалейкум! Көпжасар, үй-іші аман ба? Осы демалыста сендер жаққа барайын деп жатырмын. Үйде боласың ба? Абай жақтағы ағайындарға барып қайтайық, – деп жатыр. Арғы жақтан Көпжасар ағамның дауысы есітіліп, екеуі сөйлесіп кетті.

– Біз жолда, пойызда ел жаққа кетіп барамыз.

– Тыныштық па,  жай қыдырып бара жатсыңдар ма?

– Нағашым қайтыс болған, соған кетіп барамыз.

– Ойба-ай, Мұрат аға ма? Әй, Мұрат аға енді қайтыс болып жүр ме? Қашанғы Мұрат еді ол кісі… Біздің өзіміз сексенге келдік, – деп жатыр әкем таң қалып.

Сөйткен Мұрат атамыз қартайғанша «ИЖ» мотоциклінен түспейтін. Бірде жиеніне көрген түсін баяндап беріп отыр дейді. «Есіктің алдында тұрған «матасекілді» бір теуіп оталдырып, мініп алып жолға шыққаным сол еді спидометр 100-ден асып бара жатыр. Әй мен осы 100-ден де өтейін деп тұрмын-ау», – деген екен. Сол түсі оңынан келіп 103-ке келіп қайтыпты атамыз. Бәрімізге де сол атамыздың жасын берсін деп тілейік. Біреулер түске сенбейді. Бірақ кейде оның да осылай дәл келетін кездері болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *