Әлеумет Қоғам

Шардараданы шаттыққа бөлеген той

Сұлу Сырдың бойы мен Қызыр аралаған Қызылдың құмында орналасқан Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен саналады. Аудан орталығы – Шардара қаласының атауының өзі ғалымдардың пайымдауынша парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы, керуен жолдарының түйіскен жері болған.

Шағалалы Шардараның жаңа тарихы Қызылқұм алқабын игеруден басталады. Өткен ғасырдың орта шенінде СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі арнайы қаулы қабылдап, соның негізінде Шардара су қоймасының іргесі қалана бастады. Алып құрылысты «Главриссовхозстрой» бас басқармасының құрамынан құрылған «Шардара құрылыс» басқармасы жүргізді. Жаушықұм алқабына 1958 жылы алғашқы қада қаққан құрылысшылар тұрағы әуелі Сырдария поселкесі атанса, арадан он жыл өткенде ауқымы ұлғайған елді мекенге қала мәртебесі беріліп, Шардара қаласы болып аталды.

Қазақстанның оңтүстігінде мақта мен күріш өндірісін ұлғайтуға байланыс­ты жасалған қадам құтты болып, кеше ғана бұйығып жатқан маң дала үйрек ұшып, шағала қонған айдын шалқарға айналды. Кешегі топырағына түрен түспеген Қызылқұм мен Жаушықұм арасындағы жазық дала құрыш білекті құрылысшылар мен алтын қолды диқандардың, таяғы құтты малшы қауымның ерен еңбектерінің арқасында көз тартатын ғажайып мекенге айналып шыға келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен Бүкілодақтық екпінді құрылысқа келген, тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өздерінің міндеттерін абыроймен орындап шықты.

Гүлденіп-көркейген Шардараның әрбір нысанында жанкешті еңбектерінің жарқын қолтаңбаларын қалдырды. Осылайша Қызылқұм алқабын игерудің арқасында сыйымдылығы 5,7 млрд. текше метр су қоймасы, қуаттылығы 100 мегаватт су электр стансасы, 60 мың гектардан астам суармалы, 1 млн. гектар жайылым жері бар Шардара ауданы өмірге келді.

Содан бері жарты ғасырдан аса уақыт өтіп, Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл, аудан орталығының Абай селосынан Шардара қаласына көшірілгеніне 50 жыл толып отыр. Осынау айтулы даталарды лайықты атап өту үшін аудан әкімі Қайрат Жолдыбай арнайы іс-шара бекіткен болатын.

Жоспарға сәйкес 55 жылдықтың құрметіне орай ауданда 55 игілікті іс-шара ұйымдастырып, ол шаралар жүзеге асты. Солардың ішіндегі ең бастыларын атап өтсек, Шалғайдағы бес елді мекен саналатын Ақалтын, Егізқұм, Сүткент, Қызылқұм, Достық ауылдарының ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге, Көксу ауылдық округіндегі Айдаркөл, Баспанды, Жоласар елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталған ауызсу құбырлары пайдалануға берілді.

Руханият саласында да айтарлықтай шаруалар ұйымдастырылды. Аудандық «Серілер сайысы-2019», «Жеңгесі жақсы қандай-ды?», «Қазыналы қария – қабырғалы бимен тең» атты аудандық байқаулар өткізілді. «Өнермен өрілген өмір» тақырыбымен ақын, сазгер, асаба Әкім Мұсақұловтың кездесу кеші ұйымдастырылса, Шардара туралы және сазгер Лесбек Амановтың әндерінен облыстық байқау, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер Жалғас Кеңесовтің «Туған жерге тағзым» концерті өтті. «Туған  жерге тағзым ет» атты кәсіпкерлер акциясына алыс-жақында жүрген шардаралық азаматтар қатысып, аудан тойына өз үлестерін қосты.

23 қараша күні ауданның 55 жылдық торқалы тойы кең көлемде аталып өтті. Тойға келген қонақтар алдымен Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын және ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдар көрмесін тамашалады. Мерейтой құрметіне «Алтын күз» жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, ауылшаруашылығы саласында лизинг бойынша алынған жаңа техникалар көрмесі қойылып, ауылшаруашылығы өнімдері арзан бағада саудаға шығарылды. Сондай-ақ, мерекеге келген қонақтар аудандық Мәдениет сарайында ұйымдастырылған Шардара тарихынан сыр шертетін сурет көрмесін тамашалады.

Аудандық Мәдениет сарайында тойға жиналған қауымды аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтап, Шардараның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлеріне сый-сияпат жасап, мерекелік медальмен марапаттады. «Алты алаш» алаңында «Шардара – шаттық мекені» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, соңы отшашуларға ұласты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *