Басты жаңалықтар Мәселе

Бөржарда спорт кешенін салуға тегін жер бар…

Егер әкімдерде ниет болса…

«Өзге пікір» газетінің өткен нөмерінде «Бас тартамын!» Ордабасылық Ж.Өтеген әкімдік ұсынған медальді қайтарып бермек» атты мақала жарияланған болатын. Онда ауданның Құрметті азаматы өзіне берілген «Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл» мерекелік медалін ресми түрде қайтарып бермек ниетте екені айтылған.

Рас, бүгінде қандай іс-шара болмасын медаль дегенің жаңбырша жауатын болды. Соның салдарынан төсбелгінің де қадірі төмендеп кеткен сыңайлы. Дегенмен, әлі де болса әлдекімдер әупірімдеп қол жеткізе алмайтын медальді ол кісі не үшін қайтарып берді? Оның себебін кейіпкеріміздің өзі аталған мақалада айтып берген болатын. Оны қайталаудың қажеті болмас. Ал бұл жайында әкімдік қызметкерлері не ойлайды? Біз осы сауалды Ж.Өтегенге медаль тапсырған Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық округінің әкімі Ербол Алтынбаевтан сұрадық.

– Аудан бойынша төрт жүздей адамға осындай мерекелік төсбелгі таратылды. Біздің ауылдық округте мұндай медаль оннан астам адамға бұйырған екен, — деді әкім. — Оны тапсыру өзіме табысталды. Кезек Жанысбек Өтеген ағамызға келіп, омырауына төсбелгіні тақпақ болғанымда ол кісі үнтаяқты алды да көпшіліктің көзінше медальдан бас тартатынын айтты. Өзгелері рахметін айтып жатқанда Ж.Өтеген ағамыздың бұл әрекетін түсінбей қалдым. Мұның себебін соңыра сұрамақ болғанмын, бірақ, ол кісі жиын соңына қалмай, кетіп қалыпты. Ағамыздың ауылға спорт кешенін салу мәселесін көтеріп жүргенін білемін. Бірақ оған жер жоқ. Барлық жер сатылып кеткен ғой. Біреулерден жер қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Тіпті, жер иесі келісіп жатса, сатып алуға да дайынбыз. Дегенмен, төсбелгіден бас тартқаны ыңғайсыз болды».

Әрине, медальдан бас тарту – өзіне биліктің назарын аударудың бір тәсілі екені түсінікті. Ендеше, осы әрекеті арқылы Ж.Өтеген мырза билікке қандай уәж айтқысы келді екен? Осы жағын өзінен тағы бір нақтылап сұрадық.

— Менің туған ауылымның, ауданның көркейгенін қалайтын азамат ретіндегі негізгі мақсатым — аудандағы әлеуметтік және коммуналдық мәселелердің оңды шешім табуына атсалысу. Ордабасыда қордаланған, шешімін күткен мәселелер көп екенін өткен жолы да айтқанмын. Бірақ ұсынысқа құлақ түретін жанашыр жан табылмай тұр. Әкімдер халықтың мұң-мұқтажын шешудің орнына өздеріне пиар жасаумен айналысып кетті. Бұлай болмайды. Бір ғана мысал айтайын. Бөржар ауылдық округінен қаншама спортшылар шығып жатыр. Шағын ғана Ұялыжар ауылының өзінен шыққан чемпиондар елімізді төртүл дүниеге танытуда. Олар ауылдағы мәдениет үйінің ешқандай жабдығы жоқ аядай бір бөлмесінде жаттығу жасап жүр. Оны әкімдер білмейді деп айта алмаймын, бірақ жағдай жасамайды. Президенттің өзі орталықтан шалғай ауылдарға көп көңіл бөліңдер деп тапсырды емес пе?

Әкімдер ауылдарда жер жоқ деген сылтауды айтуға құмар. Бірақ, олай деуге негіз бар ма? Осыдан бірнше жыл бұрын Бөржар ауылындағы коопертив басшылығы балабақша салуға деп тегін жер берген. Оны да тиімді пайдалана алмады. Менің жеке шаруа шаруашылығым бар, соның жерінен төрт гектар тегін беруге әзірмін. Ауылдағы «Көлбай» кооперативі де осынша көлемде жер беруге дайын. Тек ауылымызға спорт кешенін салып берсе болды. Тіпті ауылдан шыққан жігіттер кешеннің жобасы мен құрылысына қажетті құжаттарды да тегін жасап беруге келісіп отыр. Біреу жерді тегін берсе, енді біреуі құжаттарды жасауға дайын отырса әкімдерге одан артық не керек? Олар тарапынан әрекет болса жеткілікті. Бірақ, бүгінгі әкімдерге тегін дүние керек емес сияқты ғой. Міндетті түрде бюджеттен қаражат қарау керек.

Бөржар ауылында 10 мыңға жуық тұрғын бар. Егер ол жерге спорт кешені салынса, көрші Қайнар мен өзге жақын ауылдардың жастарына да спортпен шұғылдануына мүмкіндік туындар еді. Президент салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін әрбір ауылда спорт кешені болуы керек деген тапсырма берді. Алайда, Ордабасы ауданының шенділері мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға құлықсыз секілді».

Елбасы өз Жолдауында «туған жерге туың тік» деп бекер тапсырып отырған жоқ. Әрбір азамат өзі туып-өскен ауылына жағдай жасасын дейді. Осыны басшылыққа алған бөржарлықтар ауылда спорт кешенін салу үшін қолдан келер мүмкіндіктерді әкімдікке ұсынғанымен, соңғылар тарапынан қолдау болмай жатқанға ұқсайды. Өкінішті-ақ. Мұны Ордабасы ауданының қазіргі әкімі Әліпбек Өсербаев біледі ме екен? Білмесе, ауылдық округ әкімдері мұны айтуға неге асық емес? Ал егер білетін болса әкім неге үнсіз отыр екен?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *