Басты жаңалықтар Мәселе

Оқушы зорланғанда Тараздың әкімі қызметтен кетті

Ал Келестегі адам өліміне ешкім жауапты емес пе?

Осыдан үш аптадай бұрын Келес ауданынан бір оқырманымыз хабарласты. Ол Ошақты ауылдық округіндегі Д.Қонаев атындағы мектепте жылу қазандығы жарылып, бір қызметкердің ауыр жағдайда ауруханаға түскенін айтқан болатын.

Қазандық жарылса, қалпына келер, ал адам өмірін қалпына келтіру мүмкін бе? Шыны керек, осы хабарды алғаш естігенде күйік шалған азаматтың ертерек сауығып, отбасына аман-есен оралуын тілегенбіз. Алайда, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады. Денесінің 70 пайызын күйік шалған жас жігіт аурухана төсегінен тұрмаған күйі жан тапсырды. Артында еңіреп екі перзенті мен жанарын жасқа шылап жұбайы қалды. Өкінішті, әрине.

Осы оқиғадан құлағдар болғаннан кейін арнайы аталған мектепке бардық. Күн сенбі болатын. Сағат түскі екілердің шамасында мектеп ауласына енгенде қазандық жақта жүрген біреулерді көріп, солай қарай қадам бастық. Бізді директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Кәттәбеков қарсы алды. Мектеп басшысы Оспан Мырзақұлов жоқ болғасын ұялы телефонына хабарластық. Алғашқыда Абай ауылына шыққалы жатқанын айтқан ол біздің мектепке келгенімізді естігенде алғашқы жауабын өзгертіп, «жолда кетіп барамын» деп қашқақтағандай болды. Аз ғана уақыт кідіре тұруын сұрап, соңынан тез жететінімізді айта бергеніміз сол еді байланыс үзілді (әдейі үзген болуы да мүмкін). Қайтып ол кісімен байланысу мүмкін болмады.

 Директордың орынбасарының сөзіне қарағанда жарылыс өте қатты болғанға ұқсайды. «Мен таңертең сағат жетіден өткенде тұрғанмын, – деді Нұрлыбек Кәттәбеков. – Шамамен 7-30-дар шамасында мектепке жақын орналасқан үйдің адамдары қазандық орналасқан ғимаратта жарылыс болғанын айтты. Тез жеттім. От жағушы мектептің кіре берісінде отыр екен. Жедел жәрдемді күтпей, көлік ұйымдастырып, ауруханаға алып кеттік. Ол кезде сөйлеп отырған. Не болғанын сұрағанымда, «күн суытқанда іске косатын екінші қазандыққа от жаққанын, бірақ ортадағы кранды ашуды ұмытқанын» айтты. Екінші қазандықтағы судың аузы бекітулі күйі астына от жаға берген соң жарылған болып тұр ғой. Көріп-білгендер жарылыстың қатты болғанын айтады. Қазандық орналасқан ғимараттың шатыры бір көтеріліп түскен сыңайлы. Қабырғалар жарылған. Есік пен терезелерді ондаған метрге дейін ұшырып жіберіпті. Олардың барлығын қайта қалпына келтірдік.

От жағушы бөлек бөлмеде болған. Сонда да атылған ыстық судың буы жеткен ғой. Сол кезде ол терезеден сытылып шықса керек. Кейін Шымкенттегі күйік орталығына алып кетті. Денесінің көп бөлігін күйік шалғандықтан өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты. Кеше жаназасы өтті. Ертең жеті күндік асы беріледі. Қолдан келгенше артында қалған балалары мен әйеліне көмектесеміз. Бұл енді кездейсоқ болған қайғылы оқиға ғой».

Әрине, оқиғаның әдейі ұйымдастырылмағаны түсінікті. Ал жарылыстың себебі — кездейсоқтықтан ба, әлде немқұрайдылықтан ба, ол жағын тиісті органдар анықтауы тиіс. Бәлкім, қауіпсіздік шаралары жұмысшыға басшылық тарапынан жеткілікті деңгейде түсіндірілмеген шығар. Қалай болғанда да мәселені жылы жауып қоя салатындай адам өмірі — ойыншық емес. Ол үшін кінәлі адамдар болса жауап беруі тиіс.

Соңғы кезде ауыр жұмыстарға жұмысшыларды шамадан тыс жегу оқиғалары көбейіп кетті. Тіпті, тәулік бойы жұмыс істейтіндер де бар. Мұнша уақыт демалыссыз жұмыс істеу қиын. Оған адам ағзасы физикалық тұрғыдан шыдас бермейді. Ал от жағушы күні-түні сырттан көмір тасиды, оны жағады, күлді шығарады. Мұның барлығы ауыр жұмыс есептеледі. Мүмкін, марқұм шаршап, бір сәтке қалғып кеткен шығар. Оның үстіне түсірілген көмір тиісті жерге, яғни бастырма астына тасымалданбаған. Бұл көмірді дұрыс сақтау, сапасын жоғалпау шарасының да орындалмағанын көрсетпейді ме? Шыққан күл де көмірге жақын жерде жатыр. Көмір шоғы ұзақ уақыт сақталатынын ескерсек, мұнда да қауіпсіздік шараларын күшейткен дұрыс. Осы жайттың барлығы тергеу барысында зерделенуі тиіс.

Тараз қаласында мектепте зорланған қыз үшін мекеп директоры, білім басқармасының басшысы, қала әкімі қызметтен кетті. Облыс әкіміне сөгіс берілді. Ал Келес ауданында мектеп қазандығында адам қаза болды. Ол үшін ешкім жауапқа тартылмаса, әділдіктің қайда қалғаны?

Мектеп директорының бізбен тілдесуден қашқақтағаны түсініксіздеу болып тұр. Мүмкін О.Мырзақұлов журналистердің сұрағына жауап бермей жүре берсем, басқа да жауапкершіліктен құтыламын деп ойлайтын шығар. Осындайда тықыр таянған түйеқұстың сырт көзден жасырынбақшы болып, басын құмның астына тыққанымен басқа дене мүшелерінің көрініп тұратынын білмейтін күлкілі қылығы еріксіз еске түседі екен.

Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның отбасына көмектесетін қайырымды жандар табылар. Алла ешкімді де несібесіз қалдырмайтыны анық. Алайда, бейбіт заманда қыршын кеткен жігіттің өлімі сұраусыз қалмау керектігі айтпаса да түсінікті. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *