Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Саусақ шығарған бір жылға сотталса,

Бес рет оқ атып, бес рет пышақтаған адамды қандай үкім күтіп тұр

Тоқсаныншы жылдардың басында қылмыс әлемінің серкелері үстемдік құрған кезең болды. Тіпті ол кезде полицияның өзі солардың ығына жығылып, ықпалымен жұмыс істеді деп те айтылатын. Бірақ одан кейін, ел есін жиғанда полиция да күш алды. Бұрын өздерін жарты әлемнің иесі сезініп жүргендердің бірі қамалды, бірі қаза тапты, қалғандарды бас амандығын ойлап шетел асты. Содан 10-15 жылдай мамыражай заман орнаған секілді еді. Соңғы үш-төрт жылда «атып кетті, асып кетті» деген ауыр қылмыстар жайлы қайта жиі айтыла бастады.

Сондай оқиғаның құрбанына айнала жаздаған азаматтың бірі сәрсенбі күні редакцияға келді. Өзін Дәурен Қошқаров (суретте) деп таныстырған ол Шардара ауданына қарасты 50 жылдық ауылында тұрады екен. Оның айтуы бойынша, осыдан бірнеше ай бұрын Шымкент қаласының Қазыбек би көшесі бойында көлікпен келе жатқанда оны қысып тоқтатқан екі көліктегі сегіз жігіт қарудан бес рет оқ атып, бес жерден пышақтаған екен. Абырой болғанда оқтың екеуі көлікке тиіп, үшеуі адам өміріне қауіп төндірмейтін дене мүшелеріне тигенге ұқсайды. «Сол сәтте мені жанымдағы кісі ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер оқты алды, – дейді Д.Қошқаров. – Кейін әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне алып барғанда ешкімнің үстінен жазар арызым жоқ екенін айтып, кетіп қалдым. Ойым — өзіме оқ атқан адаммен жеке сөйлесу болған. Бірақ арада бір айдан аса уақыт өткенде олар менің үстімнен Шардара аудандық ішкі істер бөліміне жала жауып, арыз түсіріпті. Онда, тіпті, мені атты деп көрсетіпті. Олардың жалған арызынан нәтиже шықпады. Содан кейін Шымкентке келіп, бұрын болған оқиға бойынша полицияға арыз жаздым. Қылмыстық іс қозғалып, қазір Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық сотында қаралып жатыр. Бірақ тергеушілер айыпталушының «қылмысты бір өзім жасадым» дегеніне сеніп отырғанға ұқсайды. Кейбіріне іздеу жарияладық дегенді де айтып қалды. Қысқасы, бүгінде айыптау орындығында бір ғана адам отыр. 

Ал мен істің созылып кеткенінен күдіктенемін. Айыпталушының сот отырысында еркін жүріп, сөйлесуіне қарағанда ақталып, жазадан құтылып кете ме немесе шартты жазамен шектеле ме деген күдігім бар. Бүгін судья үкімді оқуы керек еді, тағы кейінге қалды. Не себепті мұндай шешім қабылданғанын білмеймін».

Үкім келесі аптада оқылуы мүмкін. Соттың қандай үкім шығаратынын уақыт көрсетеді. Біздің ойымызға осы кезде 2-3 жылдай бұрын Сарыағашта орын алған оқиға оралып отыр. Аудандық аурхана ауласында төбелесіп қалған екі ересек адамның бірі полицияға «саусағымды шығарды» деп арызданғанда тергеу амалдары да, істің сотқа өту процесі де жылдам жүріп, судья сотталушыны бір жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айырған болатын. Біз мұны неге еске алып отырмыз? Сонда Қазақстанда саусақ шығарғанға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, адамды бес рет атып, бірнеше рет пышақтағандарға қандай жаза тағайындалады екен? Оны білетін уақыт алыс емес. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *