Қоғам Мәселе

Жүйкені жұқартқан жолдар қашан түзеледі?

Үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауының атымен аталатын ауданның тізгіні соңғы бірер айдан бері Әліпбек Өсербаев мырзаның қолында. Әліпбек Шәріпбекұлы күні кешеге дейін түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан қаласын түлеткен тәжірибесі мол азамат. Міне, біз аудан басшысының іскерлігін ескере отырып, құлаққағыс ретінде түтйкілді бір мәселені айтсақ дейміз.

         Осыдан бірер ай бұрын Темірланнан Шымкент қаласына қарай шыға беріс жол тас-талқан етіп бұзылды. Елді мекенге кіре беріс жол жабылды. Бұл әсіресе ары-бері өтетін көлік жүргізушілеріне оңай тимеді. Енді талай адам күндіз былай тұрсын, түнде ары қарай шығатын жол таба алмай тығырыққа тірелді. Сол жолдың құрылысы, не керек, күні кеше ғана аяқталды-ау. Ал оған дейін қаншама адамның жүйкесін жұқартқаны шындық. Мұны бір деңіз. Темірлан ауылынан Арысқа баратын жолдың құрылысы толық аяқталды деуге әлі ерте. Қазір де жұмыстар жүріп жатыр, бірақ ол қай кезге дейін созыла бермекші? Сонау жазда бастау алған жол құрылысы сағызша созылып кетті. Шенеунік мырзаларға бәрібір шығар, бірақ ары-бері жүретін жолаушыларға жүдә обал болды. «Жол азабын жүрген біледі», – демекші, көлігі бар азаматтардың жүйкелері сыр бергені өтірік емес.

         Жол демекші, бұл тақырыпты қозғаған сайын мәселе шыға береді. Мысалы, осы ауданға қарасты Қараспан ауылында кейбір жолдардың құрылысы басталғанымен кейін аяқсыз қалғаны өкінішті-ақ. Мұны бізге сол елді мекенде тұратын тұрғындардың өзі айтып отыр. Ал аталған ауылға кіре берістегі Бадам өзенінің үстіне салынған көпірдің әбден тозығы жеткен. Күндердің күнінде опырылып құлауы мүмкін. Көпір үстінен өткен көлік жылдамдығын азайтпаса қиынға соғары хақ. Себебі жамалған жер бір тегіс етіп жасалмай қалып кеткен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталайық. Біздіңше, әрбір қолға алынған іс дер кезінде тез әрі сапалы жасалса екен. Қарапайым халыққа одан өзге ештеңе керегі де жоқ. Сонда ғана елдің шенеуніктерге деген көзқарасы өзгереді. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халықтың арасында жылымық орнар ма еді деген ойға кенелесің. Біз айтуын айтамыз-ау, ал ол орындала ма, жоқ па — ол жағы ешкімге белгісіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *