Әлеумет Мәселе

«Кешікпей келем деп ең…»

Әліпбек Шәріпбекұлын сарыла күткен халықонымен ақыры кездесе алмады

Осыдан бір айдай бұрын Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл толған мереке кең көлемде аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қаржы шашып той тойлауды тоқтатыңыздар» деген тапсырмасы бола тұра.

Қазақтың ертегілерінде, аңыз-әпсаналарында «отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізіпті» деген сөз тіркесі жиі қолданылады. Бірақ, шынайы өмірде мұндай ұзақ тойдың болғаны туралы дерек есту қиын. Ал, экономикалық дағдарыс тұсында, тіпті, мұның айтылуы да орынсыз секілді. Дегенмен, 70 күн болмаса да 55 жылдық мерекені 55 күн бойы 55 іс-шара өткізу арқылы тойлау үрдісін жақында Ордабасы ауданынан кезіктірдік. Әрине, 55 жылдыққа қазынаның қаражатынан шашау шығармай, демеушілердің көмегімен 55 нысан ашылып немесе осынша игі іс атқарылып жатса неге қолдамасқа, қалайша қуанбасқа? Алайда, олқылықтың орны ойсырап тұрғанда той тойлау не теңің дегің келеді екен.

«Жарық сапасыз, жайылым жоқ»

Ордабасылық тұрғындардың аудан әкіміне айтар уәждерінің көп екенін Бөржар ауылында өтеді деген кездесуге барғанымызда байқадық. Әкім ауыл тұрғындарымен кездеседі деп алдын-ала хабарланғандықтан болар, мектептің акт залына жиналғандар қарасы аз болмады. Алайда, «кешікпей келем деп ең…» деп әндетпесе де, әкім Әліпбек Өсербаевтың жолына елеңдей қараған тұрғындар белгіленген уақыттан бір сағаттан аса уақыт күтсе де онымен кездесе алмайтындарына көздері жетті. Өйткені, осы кезде ғана аудан әкімдігінен болса керек, бір жігіт келіп, әкімнің келе алмайтынын хабарлады. Халық та көнбіс қой, «осылар өтірік айтқанды неге қоймайды екен. Біз ерігіп жүрміз бе, жұмысымызды тастап келдік қой бәріміз», – деп ызаланғанымен, біртіндеп орындарынан тұрып, тарқай бастады.

Бұл кездесудің болатынынан құлағдар болған біз де Бөржар ауылына барған болатынбыз. Әкімді сарыла күткен тұрғындардың аудан басшысына қандай уәж айтқысы келгенін білгіміз келіп, бірнешеуін әңгімеге тарттық.

«Ауыл әкімдігінен сағат 11-де аудан басшысы Әліпбек Өсербаевпен кездесу болады дегесін, ауылдың мұң-мұқтажын жеткізейік деген оймен келген едік. Бір сағат уақытымызды күтумен өткізіп, алданған баладай кері қайтып барамыз, — деп бастады әңгімесін Бөржар ауылдық округіне қарасты «Ынтымақ» елдімекенінің тұрғыны Анарбай Сыдықов (суретте). – Біздің бірінші айтпақ болғанымыз – ауылдың жарық мәселесі еді. 150 отбасыға қуат таратып отырған бір ғана трансформатордың күші жеткіліксіз болғандықтан, жарығымыз пілте шамға ұқсап тұрады. Тұрмыстық техникаларды пайдалану қиын. КСРО-ның «көзін көрген» бағаналардың әбден тозығы жеткен. Сырықтан қойылғандары сәл қаттырақ жел тұрса құлағалы тұр. Босап, салбыраған сымдар бір-біріне тиіп, от шашырап, жарық жиі өшіп қала береді. Ауылға түнде келе қалсаңыз, көбінше тас қараңғы түнекке тап боласыз. Оның үстіне төмен салбырап тұратын жалаңаш сымдардың адам өміріне төндірер қаупі де жоғары. Осындай жағдайларға байланысты ата-аналар балаларының қауіпсіздігін ойлап, оларды мектеп ауласынан күтіп алатын болған.  

Жарықтың қайта-қайта сөнуі ауылға су айдайтын насостың жиі істен шығуына да себеп болады. Оны ауыстыру үшін де екі-үш күндей уақыт, қосымша қаржылай шығын кетеді.

Ауылда 7-8 көше болса, соның біреуі ғана асфальтталған. Басқаларына тас та төселмеген. Жауын-қарда лай-батпаққа айналса, жазда шаңнан көз ашпайсың. Ауылымыздың бүгінгі сиқы осы. Суымыз да ащы. Әкімдер ауыл азаматтарының денсаулығын ойлайтын болса басқа жерден тұщы су шығарып берсе деген ұсынысымыз бар.

Ауылдан жұмыс табу қиын, диханшылықпен айналысуға да жағдай жасалмаған, су жоқ. Сол себепті жастар қалаға қатынап жұмыс істесе, біздер малмен айналысамыз. Бірақ оған жайылымдық жер тапшы. Жолдың бір бетінде үйіміз болса, екінші жиегіне тақап бидай егіп тастайды. Онысы қоршалмаған. Күнде мал түседі. Түспегенде қайтеді? Аш мал бес метр жерде жайқалып бидай өсіп тұрса, «мынаның иесі бар, ұят болады» демейді ғой. Мал қай жерде қарны тояды сол жерде жүреді. Егіске қойылған қарауылдар мұны күнкөріс көзіне айналдырып алған. Олар бидайды қорудың орнына егістік маңында қарайған малдарды бидайға түсті деген сылтаумен айдап апарып, қамап тастайды. Жайылымдық жер болмаса қалай мал асыраймыз? Осы секілді мәселелерді әкімге айтуға келіп едік, бірақ ол қара көрсетпеді».

               «Ащы су, қауіпті электр сымдары…»

Анарбай ағамыз «менің айтқандарыма күмән келтірсеңіз ауылға жүріңіз, басқаларды да тыңдаңыз», – деген соң ауылына бардық. Расында «Ынтымақ» елдімекені ХІХ ғасырдағы ауылды көз алдыңа елестетеді екен. Тұрғындар су жинайтын мұнараның іші лас екенін айтты. Сөздеріне қарағанда шай ішкен кеселердің түбіне белгісіз заттар тұрып қалады екен. Бағаналардың бірі қисайып құлағалы тұрса, сырық секілді жіңішкелері қолдан қойыла салған. Топырақ жолдардың шаңы шығып жатыр. Елбасы «сиыр асырап, тұрмысыңды түзет» деп тапсырып жатқанда бұл ауылдың тұрғындары қорадағы ірі қарасын сатуға мәжбүр. Оның себебін ауыл тұрғыны Пердебай Сүндетов былай деп түсіндіреді: «Жайылымдық жер былай тұрсын, тіпті мал арқандайтын да жер жоқ. Ауламыздың алдындағы жолдың жиегіне дейін тақап бидай егіп тастайды. Міне, менің қорам мен егістіктің арасы бар болғаны 7-ақ метр. Қорадан шыққан мал тура жайқалып тұрған сол егіске түседі. Қарауылдар оны қамап тастайды. Оның әрқайсысына 4-5 мың теңге айыппұл төлеп, шығарып аламыз. Елбасы малды көбейт дейді, жайылым болмаса қалай көбейеді? Жайылым болмағандықтан малды да сата бастадық. Қорадағы 15 қара малдың сауындыққа деп қалдырған бір бұзаулы сиырдан басқасының барлығын сатуға мәжбүр болдым».

Бұл ауылдағы мәселе тек жайылымдық жермен шектелмейді екен. Өзін Айнақыз Жандарбаева деп таныстырған ауыл тұрғыны да біраз жайттың бетін ашты. «Ынтымақ» ауылының тұрғынымын, осындағы балабақшада жұмыс істеймін, – деді ол кісі. – Ауылда «проблема» көп. Әсіресе жарық мәселесі қиын. Мектептің жанында, балалар өтетін жолдағы жалаңаш электр сымдары әр жерден жалғанған. Жаңбыр жауып, жел тұрса мектеп алдына ұстаздар немесе күзетшілер шығып, балалардың ол жерден айналып жүруін қадағалайды. Өйткені, олардың өміріне қауіп төндіреді».

Аудан әкімі Әліпбек Шәріпбеков келем деп келмей қалған ауылда бұдан да басқа қордаланған мәселе бар. Алайда, оны шешуге құлық танытып отырған жанашыр жан жоқ көрінеді. «Сонда мәселелеріміз шешілу үшін міндетті түрде адам шығыны орын алуы керек пе» деп ашынады тұрғындар. Барлығын әкімге ашып айтамыз деген тұрғындардың армандары бұл жолы да орындалмай қалды. Сонда Әліпбек Шәріпбекұлының халықтан үлкен қандай шаруасы шығып қалды екен? Ең болмағанда орынбасарының бірін жіберіп, халықтан кешірім сұрап, мұң-мұқтажына құлақ түрсе болмайтын ба еді? Бұл халықты менсінбеушілік пе, әлде басыну ма? Осы жағын аудан басшысының өзі түсіндірмесе, біз түсіне алмадық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *