Мәселе

«Ернінен сүйіп емдейді…»

Арыстабабтың шырақшысына жала жабылып отыр ма?

Әлеуметтік желіде Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы Нұржан Додабаевқа қатысты жағымсыз бейне түсірілім тарап кетті. Бір-екі минутқа созылған түсірілімде белгісіз адам «Ернінен сүйіп, ұшықтауға бола ма?» – деп шырақшының соңынан қалмай жүріп алады. Осы түсірілім тарасымен адамдар арасында түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер «таза «подстава», ол кісі мұндай сорақылыққа бармайды», – деп Н.Додабаевқа қолдау білдірсе, екіншілері «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», бір бәлесі бар сияқты ғой», – деп, оны кінәлауда.

Арыстанбабқа түне, Ясауиден тіле. Ел арасында кеңінен таралған осы сөздің айтылуы тегін емес. Өйткені, Арыстанбаб әлемге аты мәшһүр Ясауи бабамыздың ұстазы. Сол себепті де Арыстанбабтың басына ниет етіп, зиярат етушілер көп және олардың қарасы жыл он екі ай бойы толастамайды. Осындай қасиетті, киелі кесенеге шырақшы етіп «жұртты ернінен сүйіп емдейтін» адамды отырғызып қоюы мүмкін бе? Әрине, қазір әлеуметтік желідегі әрбір жазбаға толықтай сене беруге болмайды. Әрі-беріден соң мұндай алыпқашпа сөздің еліміздегі туризм саласының дамуына да кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан, мәселенің мән-жайына қанықпай тұрып оған қатысты пікір айтып, көзқарас білдіруде асықпаған жөн.

Осындай ойдың жетегімен біз кешегі аптаның аяғында арнайы Отырар ауданына сапарлап қайттық. Мақсатымыз — түсірілімдегі азаматпен және оның басшысымен бетпе-бет кездесіп, тілдесу болатын. Сонымен, көпшіліктің ойын сан-саққа жүгірткен жайсыз түсірілімге байланысты олар не уәж айтты? 

Сапар КӨЗЕЙБАЕВ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры: – Біз Нұржаннан ондай өрескел әрекет шығады деп ойламаймыз. Өте момын адам. Бір қынжылтатыны – бейнетаспаға түсірген адамның кім екендігі белгісіз және оның шырақшыға қатысты қандай айып тағып отырғаны түсініксіздеу. Неге бейне авторы шырақшының өрескел әрекетіне куә болса жоғары тұрған басшы ретінде маған немесе басқа да құзырлы органдарға шағымданбағаны белгісіз? Қолында дәлелі болса көрсетуі керек еді. Сонда оның ойлағаны не болды? 

Түсірілім авторының белгісіздігіне қарамастан біз өздігімізше тексеру жүргізіп, кесененің ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларының барлығының түсірілімін тексеріп шықтық. Ешқандай да бөгде әрекет орын алмаған. Демек, жала деуден басқа айтарымыз жоқ. Сол себепті Нұржан Зиялыұлы жұмысын одан әрі жалғастыра берсін деген ұйғарым жасадық. Нұржанның да өзіне лайықты абырой-беделі, ағайын-туыстары, отбасы бар. Бостан босқа қара күйе жағып, абыройына нұқсан келтіруге болмайды ғой. Біз әлі де болса түсірілім авторын іздестіріп жатырмыз. Ертелі-кеш оның кім екені анықталар болса, мән-жайды анықтайтын боламыз.

Нұржан ДОДАБАЕВ, Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы: –  Менің кесенеде жұмыс істеп жүргеніме жиырма жылдай болды. Желідегі жазбаға келер болсам, сол күні қарашаның 13 жұлдызы болатын. Таңертең бір кісі өзінің зиярат етуге келгенін айтып, құран оқып беруімді өтінді. Өтінішін орындап, кесенеге қатысты білетінімді айтып, шығарып салдым. Арада бес минуттай уақыт өткенде сырттан белгісіз біреу айқайлап келіп, сыртқа шығуымды сұрады. Шықсам, мен танымайтын бөтен кісілер келе жатыр екен. Солармен сәлемдесіп тұрғанымда әлгі жігіт камераға түсіріп, жала жауып, менің атыма жаман сөздер айтып жатты. Шынымды айтсам, мен оған мән де берген жоқпын.

Кейін ол жігітпен сыртқа шықтық. Орта жолда ол бір әйел кісімен кездесті де көлікке мініп, Түркістан қаласына қарай жүріп кетті. Оны танымаймын. Дауыс көтеріп сөйледі. Мен мұны өзіме жабылған жала деп есептеймін. Себебі Арыстанбаб кесенесінің ішінде де, сыртында да бейнежазу камералары орнатылған. Оларды құзырлы орындар тексеріп, ешқандай қылмыстың да, ерсі әрекеттің де болмағанын анықтады.

Жала жапқан адамның кім екені белгісіз. Бірақ құзырлы орындар оны анықтайды деп ойлаймын. Жасамаған нәрсені жасады деген жаласын бір Құдайға тапсырдым. Сол себепті полицияға да шағым жасамадым.

Алла жолында жүрген қос азаматтың айтқандары осы болды. Оған сенбеске құқымыз жоқ. Ал түсірілім авторының белгісіз болуына байланысты онымен тілдесе алмадық. Жалпы, әлеуметтік желі қолданушы азаматқа мұндай әрекеттің не үшін қажеті болғаны түсініксіз. Шынында да шырақшының бір ерсі қылығының куәсі болса дәлелін келтіріп, мәселені ашып айтуы тиіс еді. Ал егер оның нақты дәлелі болмай, жала жапқан болса құзырлы органдар оның кім екенін анықтап, тиісті жазаға тарту керек.

Алыпқашты әңгіме осылайша әлеуметтік желіні шулатып жатқанда тағы бір оқыс оқиға орын алып, кесенеге қарсы беттегі қонақ үй отқа ораныпты. Өрт сөндірушілер бірнеше сағат бойы жалынмен арпалысқанымен оны ауыздықтау мүмкін болмапты. Өрт қонақ үйдегі қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақтамалмауынан шыққан болуы мүмкін деген болжам бар. Мұны да аузы жеңіл әлдекімдер киелі жердің киесі қаша бастағанмен байланыстырып жүрсе керек. Бұл енді негізсіз айтыла салған әңгіме болуы да мүмкін.

Қалай болғанда да киелі жерге қатысты қауесеттің жиілеуі жақсылықтың нышаны емес. Киелі жер өзінің қасиетімен қадірлі емес пе? Зиярат етушілерді алыс-жақыннан шақырып тұратын да осы қасиеті екенінде дау жоқ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *