Өмірдің өзі

Мектеп мейірбикесі мықты болса…

Мектеп асханасы бүгінгі күнде көпшіліктің назарында тұрған мәселеге айналды. Себебі қай отбасының болмасын мектеппен байланысы болады. Ал білім ұясының асханасында, буфеттерде не сатылмайды дейсіз?  Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығы бар. Онда қандай тағамды сатуға болады, нені сатуға болмайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ өзінің жеке кәсіпкер екенін алға тартатын адамдар оған қарап отырмайды. Теңге ұстатқан оқушыға қуырылған тағамдарды да, газды сусындарды да ұсына береді. Сонда жергілікті жерлерде орындалмайтын болса, министрлік мұндай бұйрықты не үшін шығарған деген сұрақтың туындайтыны түсінікті.

Соңғы айларда біз іссапармен Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында болдық. Сол кезде жолай мектепке де соғып, асханадағы тамақтарға мән бергенде бұйрықпен тыйым салынған заттардың сатылып тұрғанына куә болдық. Ата-аналардың «Неге рұқсат етілмейтін заттар сатылуда?» – деген сұрағына сатушыдан: «Бұл мұғалімдерге арналған» немесе «Бүгін бейсенбілік қой, иіс шығарайын деп едік», – деген сырғытпа жауап естисің. Шын мәнінде ол заттарды ұстаздар емес, оқушылардың сатып алып, талғажау етіп отырғанын көресің. Ал, мектеп басшылығы өздеріне асхананы жалға алған кәсіпкерлердің бағынбайтынын айтады. Олармен сөйлесе қалсаң: «Талай айтып жүрміз, бұйрықпен де таныстырғанбыз. Бәрібір сата береді. Жалға алу құнын өтей алмайтындарын айтып ақталады», – деп кәсіпкерлердің алдында өздерінің әлсіздіктерін мойындайды.

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Оқушыларға сатуға тыйым салған заттардан таза асханаларды да кездестіруге болады. Соған қарағанда асхананы жалға алған жеке кәсіпкерлердің айтқан уәждері сылтау емес пе деген ой келеді. Себебі өткен аптада Түркістан қаласынан Жақсылық Тұрғынбев есімді бір азамат хабарласты. Ол кісі қаладағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы асханасында да жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің бар екенін айтты. Бірақ мектеп мейірбикелері тарапынан қадағалаудың жоғары екенін былайша баяндады. «Менің екі балам осы мектепте оқиды. Кішкентай балалар асханадан тамақ сатып алады. Ал онда қуырылған заттар сатылады. Бұл жөнінде мектеп басшылығымен сөйлестім. Мектепте екі бірдей мейірбике бар. Олар — Ж.Жетібаева мен Ұ.Сайтова өз жұмыстарына немқұрайлы қарайды деп айта алмаймын. Жұмыс істеген бір адам солардай-ақ болсын. Жұмыстары көңілге қонымды. Асхана меңгерушісіне апта сайын ескерту жасайды екен. Тіпті толтырған хаттамаларын да көрсетті. Директорға ұсыныстар да берген. Өз кезегінде директор да бұйрық шығарыпты. Бірақ нәтиже аз.

Мен оларды түсінемін. Жеке кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріліп жатыр. Тексеруге де тыйым салынған. Соны асхана қызметкерлері өз мүдделеріне пайдалануда. Бірақ мен мұны дұрыс емес деп есептеймін. Барлық адамға заң ортақ. Министрдің бұйрығы бар болғандықтан, кәсіпкерлер де сол заң аясында жұмыс істеулері керек.

Айтпағым, барлық білім ұяларында Түркістан қаласындағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясындағы мейірбикелердей талапшыл болса деймін. Өйткені, денсаулық сақтау министрлігінің мектептегі заңды өкілі — мейірбикелер. Сондықтан министрдің бұйрығының орындалуына бақылау жасауды мектеп мейірбикелеріне тапсыру қажет. Егер ол бірнеше рет ұсыныс жасаса, асхананы жалға алып отырған кәсіпкермен түзілген келісімшартты тоқтататындай мүмкіндік беру керек».

Ж.Тұрғынбаевтың айтып отырғаны өте орынды. Кәсіпкерге жеңілдік жасалған дұрыс, бірақ оларды қорғаймыз деп балалардың денсаулығына қауіп төндіруден абай болған жөн. Сол себепті барлық мектептегі мейірбикелер өз міндеттерін мүлтіксіз орындаулары керек. Әрине ол үшін бірінші кезекте біліктілік қажет екенін естен шығармаған абзал.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *