Мәселе

«Өлім жолы» аталған жол

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев алқалы бір жиында: «Мемлекеттік тапсырысты Тәшкенде отырып белгілеуді қойыңдар. Бұл жақта отырып ауылдың жағдайын қайдан білесіңдер? Бір жер ой, бір жер шұқыр. Оны жергілікті халық шешеді», – деген болатын. Демек, Өзбекстан билігі ауылдың жағдайын түзеу Астанада отырғандардың ақылымен емес, ауыл азаматтарымен ақылдасу арқылы шешілу керектігін түсінді. Ал біздер әлі де сол бұрынғы соқпақпен келе жатқан жайымыз бар. Біздің бұлай деуімізге кешегі аптада Отырар ауданының Темір ауылына барғанда куә болған көрініс себеп болды.

Биыл Темір — Қарғалы ауылдарының арасындағы асфальт жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жаңалыққа аталған ауыл тұрғындары түгелдей қуанды. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылмаған тәрізді. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылды», – демекші, керісінше бұрынғы қотыр жолға қол жеткізе алмай қалғандарын айтады.  Тіпті жаңа жолды «өлім жолы» деп атап жүргендер де бар екен.

Жаңа жол неге «өлім жолы» аталып жүр? Бізге оның себебін ауыл тұрғыны Бектай Ибрагимов былай деп түсіндіріп берді: «Бұл жолдың сапасының қандай екенін уақыт көрсетеді, – деді ол кісі. – Бізді мазалайтыны мынау: жаңа жолдың кей тұстарында бұрынғы асфальт көрініп жатыр. Демек, қазіргі жолдың ені бұрынғысынан кішкентай деген сөз. Сосын жолдың қос қапталына шағал тас емес топырақ тастаған. Кешегі жаңбырларда қарсы келген көліктен қашып, дөңгелекті шетке алғандар батпаққа батып қалып жатыр. Бұл – жолаушылар үшін өте қауіпті. Қатты жылдамдықпен келген көлік бірден батпаққа батып қалса, жол апатына ұшырамайды ма? Әбүйір болғанда әзірге адам шығыны жоқ. Бірақ, дәл осы жағдайда қайғылы оқиғалар жиі орын алуы әбден мүмкін. Ауыл арасындағы жолға тауыққа тары шашқандай етіп тас тастағансыды. Бірақ, оның көп ұзамай лайға сіңіп, жоқ болатыны түсінікті».

Осыған ұқсас пікірді ауыл тұрғыны Нұрлан Кенжебайұлы да қайталады. «Көріп тұрсыздар, істеген тірліктері мынау. Жолдың екі жағына тас төгудің орнына топырақ үйіп кетті, — деді ол. — Бұл мәселе жайында сол жерде жұмыс істеген жігіттерден сұрағанымызда, олар «тас төсеуіміз керек еді, топырақ толтырып кеттік, себебін басшылардан сұраңыздар», – деді. Демек, жобада осылай көрсетілген болса керек. Сонда билік басындағылар халықтың жағдайын ойлап отыр ма, әлде қалта қамын ба? Халықтың жағдайын ойлаған басшылар мұндай олқылыққа жол бермесе керек-ті».

Тұрғындардың сын садағына ілінген бұл жол жаңылыспасақ, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жөнделген. Сол себепті жергілікті тұрғындардың өкпе-назына да сол мекеме басшылығы жауап беруі тиіс. Отырар аудадық әкімдігі тарапынан жөнделіп жатқан жолдарды көріп жүрміз, сапасы жақсы. Жоғарыда айтқандай, жергілікті жердің мәселесі жергілікті тұрғындармен ақылдасу арқылы іске асырылса, дәл осындай кемшілікке жол берілмес еді.

Қорыта айтқанда, нысандарды салу, жөндеу жобалары қай деңгейдегі мекемеде жасалса да оның тұрғындарға қолайсыздық тудырмауы, қауіп төндірмеуі баста назарда болу керек. Ол үшін тапсырыс облыс немесе республикадан берілгеніне қарамастан, нысанды қабылдап аларда жергілікті биліктен мамандардың қатысуын заң жүзінде қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе «біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейді» деуден әрі аса алмасымыз анық. w\»:\»Default\»},{\»title\»:\»BlackBerry Z30\»,\»type\»:\»phone\»,\»user-agent\»:\»Mozilla/5.0 (BB10; Touch) AppleWebKit/537.10+ (KHTML, like Gecko) Version/10.0.9.2372 Mobile Safari/537.10+\»,\»capabilities\»:[\»touch\»,\»mobile\»],\»screen\»:{\»device-pixel-ratio\»:2,\»vertical\»:{\»width\»:360,\»height\»:640},\»horizontalR

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *