Басты жаңалықтар Мәселе

Мәйіт бар, күдікті жоқ

Шымкенттің полицейлерінен қырағылық жоғалған ба?

Кешегі аптада редакциямызға Шымкент қаласының тұрғыны Уалихан Тәжібаев есімді азамат хабарласты. Ол кісінің жұбайы Айжан Рүстемова жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза болыпты.

Бірақ әлі күнге оқиға орнынан қара батырған күдіктінің кім екені анықталмай отырған жайы бар. Бұл жөнінде марқұмның жұбайы былай дейді: «Мен Түркістан қаласында іссапарда болатынмын. 7 қараша күні таңғы сағат 5-тер шамасында Айжан жұмысқа шыққан. Жұмысқа кешікпей жету үшін такси ұстауды ойласа керек, «Самал-3» мөлтекауданы жақтағы айналма жолға қарай бағыт алғанға ұқсайды. Бірақ «Алматы-Ташкент» тас жолына жетпей оны белгісіз көлік қағып, қашып кеткен. Жедел жәрдемге оқиға орны маңынан өтіп бара жатқан бір көліктің жүргізушісі хабарлапты. Кейін белгілі болғанындай, әйелімнің қолы мен қабырғалары төрт жерінен сынған. Ауруханаға дейін аман барғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмапты.

Айжанға сол төңіректе құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеменің күзетшісі бірінші болып көмекке келген. «Таң алды болатын, — дейді ол. — Көліктің дауысы естілген соң төңіректі шолып шығайын дедім. Қолшамды алып сыртқа шықсам, жолда бір көлік тұр екен. Бір кезде ол жүріп кетті. Арақашықтық 100 метрдің шамасы болғандықтан, көлікті анықтап көре алмадым. Оның үстіне ойымда ешқандай күдік болмады. Төңіректі айналып жүргенде жол жиегінде бір нәрсе қарайғандай болды. Жарықты сол жаққа қарай түсіргенімде көтерілген қолды көріп, адам екенін білдім. Дереу қасына бардым. Беті қан екен, ештеңе көрінбеді. Бірақ, есін біледі. Көлік соққанын айтып, көмектесуімді өтінді. Оның айтуы бойынша бірнеше адамға телефон соқтым. Арасында жедел жәрдемге де хабар бердім».

Куәгер осылай дейді. Кейін Айжанның телефоны мен сырғасы ол қансырап жатқан жерден 10-15 метр әріден табылыпты. Қол сөмкесінің бір шеті май болып қалған. Соған қарағанда жұбайымды соққан көлік оны біраз жерге дейін сүйреп кеткен немесе қатты жылдамдықпен келіп соққандықтан ұшырып жіберген болуы мүмкін.

Зертхана сараптамасы соққан көліктің түсі қара немесе қоңыр болғанын айтуда. Сөмкеге май тигеніне қарағанда көлік ескі болуы да мүмкін. Өкінішке қарай, кінәлі адам әліге дейін табылмай отыр. Қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктінің табылмауына байланысты тоқтамға алынатын секілді.

Мен тергеушілерден сол төңіректегі бақылау камераларын көрсетуді сұрадым. Жақын жерде камера жоқ екен. Бір сауда орнының камерасы тек алдын ғана түсірген. «Сергекте» ешқандай «із қалмағанын» айтады. Осылайша дәлел табылмағандықтан іс қысқарып кетпекші. Осы тұста полиция қырағылық танытпаса, қылмыскердің сайран салып жүре беруіне жол ашылмақ. Ал бұдан кейін оның әлі де қанша жазықсыз адамның тағдырын талқандауына себепші болары бір Аллаға ғана аян. Менің талабым — қылмыскер табылуға тиіс. Таңғы сағат 5-те көлік көп жүрмейді. Оқиға орнын есепке алғанда күдікті мінген көлік міндетті түрде «Достық», «Асар», «Ақжайық», «Самал-3», «Тельман» ықшамаудандарындағы көшелермен жүріп өтуі тиіс. Демек, оның осы көше бойындағы немесе сауда орындары мен мейрамханалардағы, тойханалардағы бақылау камераларына түспеуі мүмкін емес. Полиция қылмыскерді шын ниетімен тапқысы келсе, күдікті жүріп өтуі мүмкін көшелердегі барлық бейнебақылау камераларын жіті қарап шығуы керек. Жағдайы жақсы, қалтасы қалың, артында салмақты іздеушісі бар жәбірленушілерге ғана қатысты қылмыстық іс соңына дейін жетіп, өзгелерініңкі анықталмаған, табылмаған күйі қала бермек пе?».

Үлкен өкінішке қарай, адам өлімі орын алды, ал оған жауапты адам жоқ. Мұндай келеңсіздік елімізде қылмыстың өршуіне себеп болатыны айтпаса да түсінікті. Бұл қауіптің алдын алу аса маңызды. Сол үшін тәртіп сақшыларына қырағылық қажет. Жәбірленушінің өзі айтқандай, оқиға болған күні сол төңіректегі көшемен жүрген бірнеше көлікті табуға болатын шығар. Күдікті сол маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны болуы да мүмкін. Бірақ, оқиғаның орын алғанына бір айдан астам уақыт өткенімен, нәтиже жоқ. Іздеу шаралары өз деңгейінде жүргізілгенде бәлкім осы кезге дейін күдікті қолға түскен болар ма еді?!

Жәбірленуші енді еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министріне арыз жазып, көмек сұрап отыр. Іс шешімін таппаса Мемлекет басшысына дейін арызданатынын айтады.

Осындайда ойға оралады. Өткен жылы бүкіл елді шулатқан, яғни адам өлтірді деген күдікке ілінген Токмади Таразда емдеу орнынан қашқанда Жамбыл облысының полициясы тайлы-тұяғына дейін аяғынан тік тұрып, қылмыскерді іздестірді. Нәтижесінде бір-екі күнде қашқын қолға түсті. Осындай жаңалықтардан құлағдар болғанда полицияның қырағылығына тәнті боласың. Бірақ, тәртіп сақшылары неге өз қызметтерін атқару барысында алалауға жол береді? Мәселен, аталған екі оқиға бойынша да адам өлімі орын алған, ал олар бойынша ішкі істер қызметкерлерінің әрекеті екі түрлі. Ата Заңымызда ел азаматтарының құқы тең екені тайға таңба басқандай жазылып тұр емес пе? Ендеше, неге қарапайым азаматтардың құқы аяқ асты болуы керек? Еліміздің ішкі істер қызметі алып күш. Ал бүгінгідей техниканың дамыған заманында, көше-көшенің барлығын бейнебақылау бақылап отырғанда қылмыскерді құрықтай алмау – Ішкі істер саласы үшін үлкен минус. Полиция қызметкерлерінің жұмысына сенімсіздік байқалған елде ғұмыр кешудің өзі қауіпті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *