Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Қазаққа берілмеген азаматтықты басқалар қалай алып жүр?

Жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орынды алатын Қазақстан алдағы уақытта Тәуелсіздігін сақтап қалуды ойласа, халық санын арттыру тиіс. Және халық санының артуы аннан қашқан, мұннан қашқан басқа ұлт өкілдерінің есебінен емес, этникалық қазақтардың есебінен болу керек. Бұл мәселеде Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен ғасырдың  соңында елге қандастарды қайтару туралы тапсырмасы кейінгілерге сабақ болуы керек. Әрине, қандастарын елге қайтарып жатқан мемлекеттер саусақпен санарлық қана. Соның бірі Қазақстан болғанына біз қуаныштымыз.

Дейтұрғанмен соңғы кезде түсінбейтін жәйттер болып жатқан секілді. Елбасы, кешеге дейін барған жерінде қазақтарды елге шақырып жүрді. Н.Әбішұлының осы саясаты соңғы кездері ұмыт қала бастаған сыңайлы. Олай деп отырғанымыз шақыру былай тұрсын, бүгінде өздері келгендерді өзегінен теуіп жатыр. Азаматтықты қойып, саяси босқын мәртебесін бермей келгендерді әлек қылуда.

Баласымен күйеуіне қосылу үшін қашып келген Сайрагүл  Сауытбайға пана бола алмай, ақыры ол қауіпсіздігі үшін Швецияға кетіп қалды. Сол секілді биылғы қазан айында Қазақ-Қытай шекарасын кесіп өткен, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының да тағдыры қыл үстінде тұрғаны белгілі.

Әрине, бұл жерде, шекараны заңсыз өтті деп кінәні олардың өздеріне аудара салғаннан оңайы жоқ. Солай етіп келгендерді елдеріне қайтарып жіберсе тіпті, одан кейін мұндай жолмен келетіндер сана қысқаруы да мүмкін. Бірақ, бұдан кейін шетелдегі, қаншама қазақтың елге қалай оралсам деп отырған үміті үзілмей ме? Осыны да ойлаған дұрыс секілді.

Басқаларды атамағанның өзінде Ресей шетелдегі орыстарды қорғауды күн тәртібінен түсірген емес. Егер басқа елдегі орыстар бара қалса, азаматтықты да тез береді. Осындайда Ресейден үлгі алуды әдетке айналдырған біздің басшылар, осы жағын неге ескермейді деген сұрақ туындайды. Мейлі біздің мемлекет шетелдегі қазақтардың құқын қорғамай-ақ қойсын. Бірақ елімізге зорлық-зомбылық көріп келген қандастармызды қорғаса болады емес пе?

Жоғарыда біз «аннан қашқан, мұннан қашқан басқа ұлт өкілдері» дегенді бекерге айтқанымыз жоқ. Себебі жуырда редакцияға Шымкенттегі қарттар үйіндегі бір әйел туралы жазылған оқырманнан хаты келді. Түсінікті болу үшін біз хатты өңдеп оқырман назарына ұсынғанды дұрыс көрдік: «Гуменна Ганнаның азаматтық алғаны заңсыз. Оған зейнетақы елімізде тағайындалған. Ал, баласы әлі сол кеденнің қағазын создырып жүр. Еш жерде жұмыс істемейді, өтірік ауру деп «Чапаевкада» біреудің пәтеріне отырғызып қойған.

Баласы Леонид Гуменый еш жерде жұмыс істемейді. Забадамдағы «бомжатниктен» шығарылған. Өздерінде Тәжікстан азаматтығы болған. Сол жақтан келген Гуменна Ганна 9.10.1948-жылғы. Қазақстанда жұмыс істемеген. Зейнетақыны қалай алады? Қарттар үйіне 24.02.2010-жылы түскен».

Шетелден келген қандастарымызды сыртқа теуіп жатқанда, өзге елден бас сауғалаған басқа ұлт өкілдері қалай Қазақстан азаматы атанып, мемлекеттің қамқорлығына ие болып жүр деген сұрақ біздіде қызықтырғаны рас. Сондықтан қарттар үйіне барып Гуменның Ганнаның өзін әңгімеге тарттық. «Мен 1948-жылы Шымкентте дүниеге келдім, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – 1956-жыл отбасымыз Душанбеге қоныс аударған. Сол жерде тұрдым, оқыдым, жұмыс істедім. Ұлды болдым. 1989-жылдары Тәжікстанда азамат соғысы басталғанда мен баламды қалдырып, Украйнаға көштім. Балам ауған соғысының ардагері, әскери болғандықтан сол елде қалды. Мен Украйнаның азаматтығын қабылдадым. Бұрын Анна Алексеева Худатекова едім, кейін басқа біреуге күйеуге шығып, Ганна Гуменна болдым. Себебі оларда Анна деген есім болмайды екен.

Кейін Украйнада экономикалық тоқырау басталғанда, екі жылдай Польшаға барып жұмыс істедім. Болмаған соң ақыры 1998-жылдары Тәжікстанға қайтпақ болдым. Жолда келе жатып Орал қаласында мені пойызда біреулер ұрып, тонап кетті. Пана іздеп Ташкенттегі танысыма баріп едім, ол өліп қалыпты. Содан жарылған бас, жалғыз көйлек және ол жақтан тіркеуден шыққан Украйна паспортымен 5-6 жыл көше кезіп қалдым. «Алай» базарына барып жұмыс істедім. Бір қайырымды жандардың кеңесімен 2003-жылы Қазақстанға қайттым. Себебі менің туылған жерім Қазақстан болғандықтан, бұл жақта мені құжаттандыруға болады деп естідім.

2005-жылы «Забадамдағы» баспанасыздар орталығына түсіп, 2008-жылы Қазақстан азаматтығын қабылдадым. Бұл аралықта Алматыдағы консулдыққа барып, құжат дайындадым. Ақша жинадым».

Міне, ол кісі осылай дейді. 2015-жылы баласы артынан келіп, енді олда азаматтық алғалы жүр екен. Байқап отырсыздар, бізде басқа ұлттың азаматтарына азаматтық беріледі. Ал, қазақтарға берілмейді. Әрине ол қайдан келді, неге тегін ғана емес, атын өзгертті? Мұның барлығын құзырлы орындар тексерген болар. Тексермей, білмей бере беретін Қазақстан азаматтағы базарда сатылатын тауар еместігі белгілі.

Дегенмен осы жерде Ганна Гуменна азаматтық алу үшін бірнеше миллион теңгені қайдан тапты деген сұрақ туындайды. Біздегі заң талабы бойынша азаматтық алу үшін, басқа ұлт өкілінің банктегі есеп шотында  соңында алты нөлі бар қаражат болуы міндетті. Ал, Ганна Гуменн Ташкентте кедейшілік жағдайда өмір сүріп, базарда табылған жұмысты істегенін айтты. Қазақстанға келгендеде құжатсыз жасы келген адамның бастық болып кетпесі белгілі. Айтуына қарағанда, табылған жұмысты істеген. Солай бола тұра, үйде екі-үш адам жұмыс істейтіндер жинай алмайтын миллиондарды Ганна ханым қалай табады? Әлде мемлекет ондайларға жеңілдік жасай ма?

Қысқасы, қазақтарға берілмей жатқан азаматтықты Тәжікстан мен Украйнаның азаматтығын бірінен кейін бірін тапсырған Г.Гуменна қалай алады? Осы сұраққа Шымкенттің көші-қон полициясындағылар жауап берсе дұрыс болар еді?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *