Біле жүріңіз

Бір оқушы үшін үш жыл пойыз қатынаған

Адам өмірінің құндылығы, ұрпақ қамын ойлау — мемлекеттің басты мақсаты болса, ол мемлекеттің ертеңі зор, болашағы мықты екеніне ешкімнің де дау тудыра қоймасы анық. Қарапайым мысалдардан үлгі алар болсақ, біздің мемлекетіміздің де болашағы мықты болар еді-ау. Үкіметтен ұрпақ болашағы үшін жасалып жаткан дүниелер көп. Олар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Десе де, мынадай түйінді мәселелер де баршылық. Бүгінде көп жерлерде балабақшаларға бала таситын автобустарға ата-аналар ақша төлейді. Сөйте тұра ол көліктер бір шақырым жерде бір бала болса бармаймыз деп бәлсінеді. Ата-ана сонда не үшін ақша төлеп отыр?

Шетелден үлгі алуға құмартып тұратынымыз рас. Олай болса неге қарапайым халыққа тиімді нәрселерді үйренбеске? Мысалы, Жапонияда бір оқушыға бола шалғай ауданға үш жыл бойы поезд қатынапты. Және ол поездың жүруін оқушының сабақ кестесіне туралап қойған. Нақты айтар болсақ, 2013 жылы Хоккойдо аралындағы Ками-Сиротаки станциясына қатынайтын поезд тоқтатылуы тиіс екен. Алайда, ондағы бір оқушы қыздың бар екенін ескеріп, поездың жүруін сол қыз мектепті бітіргенінше, яғни 2016 жылға дейін созған. Байқасаңыздар бір оқушы үшін тасымал көлігін емес, поездың қатынауын тоқтатпаған. Ал, бізде бәрі басқаша. Біз үшін мұндай жайт күлкілі болуы мүмкін.

Мемлекет «адам біздің басты құндылығымыз, бала – болашағымыз» дегенді алға тартып келеді. Бірақ бізде сөз бен істің арасында айырмашылық көп. Осы қайшылық жойылмай, еш нәрсе өзгермейді. Жоғарыда отырғандар мұндай жайттарға ұсақ-түйек деп қарайтындықтан, мәселенің күрделенгенін байқамай да қалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *