Әлеумет Қоғам

Жастармен болған жылы жүздесу

Шардара қаласындағы «Абай» мәдениет үйінде «Жастар жылының» жабылуы мен «Еріктілер жылының» ашылуына орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбай жергілікті жастармен кездесу өткізді. Оған бөлім, мекеме басшылары, аудандық жастар ресурстық орталығының өкілдері, қала мен ауылдың белсенді жастары, жас кәсіпкерлер, жас мамандар, спортшылар, №16 колледжінің студенттері, жастар ұйымдарының жетекшілері және мектеп оқушылары қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар саясатын жүзеге асыру, олардың өзекті мәселелерін анықтау және жастармен байланысты нығайта отырып, көкейлерінде жүрген сұрақтары мен ой-пікірлерін білу. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев ашып, шараның мақсаты мен күн тәртібімен таныстырды. Жиынға келген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы алдымен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қала, ауылдық округтердегі мамандарының жыл басынан бері атқарған жұмыстарымен, жас кәсіпкерлердің, М.Горький, А.Әлімбетов жалпы орта мектептерінің, Шардара мектеп-лицейі оқушылары мен №16 колледж студенттерінің жеткен жетістіктерін паш еткен көрмесімен танысумен бастады.

«Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылының» жабылуына және «Еріктілер жылының» ашылуына орай жастармен кездесуінде келер жылдың міндеттерінің бірнеше негізгі бағыттарына тоқталып, тәуелсіз елде білім алып жатқан жастарымыздың мүмкіндігі зор екенін және барлық білімдері мен біліктерін еліміздің мүддесіне жұмсап, келешекте ел үшін аянбай еңбек ететініне зор сенімін білдірді», – деген Қайрат Жолдыбайұлы жастар қойған түрлі сұрақтарға жауап берді. Сауалдар негізінен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жаңа инновациялық жобалар мен идеялар, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлікті қолға алғандардың істерінің дамуына жағдай туғызу, жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына, рухани, мәдени орындар мен қолжетімді спорт залдары секілді тақырыптар төңірегінде өрбіді. Аудан басшысы жастарға қатысты мәселелермен таныс екенін айтып, оларға тұщымды жауап қайтарды.

Шара соңында жыл бойына жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, әр салада өз кәсіби шеберлігін көрсеткендер анықталды. Аудан әкімі олардың жеткен жетістіктеріне және алдағы уақытта көш басында көріне берулеріне тілектес екенін білдіріп, «Жыл үздігі — 2019» жастар сыйлығы аудандық байқауының үздіктерін марапаттады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *