Өмірдің өзі

Келін кімнен қашты?

Ауылдан ба, ата-енеден бе?

Мен сапарға жиі шығатын адаммын. Ұзақ жолға шыққанда жол бойында қол көтерген жолаушыларды тастамайтын әдетім бар және мұны сауап іс деп ойлаймын. Жарайды, менің айтпағым бұл емес еді. Айтпағым — өз құлағыммен естіген бір әңгіменің ойымнан кетпей жүргендігі.  

Таяуда оңтүстіктегі аудандардың біріне барған едім. Шымкентке қайтар жолда бір жігіт қол көтерді. Әрі сауап алайын, әрі көлікте жалғыз өзім болғандықтан серік керек қой деген оймен тоқтадым. Жаныма жайғасқан жас жігітпен танысып, жағдай сұрастық. Жолаушы жігіт өз ісіне пысық секілді көрінді. Түр-тұлғасы мен сөз саптасы да жағымды. Алайда әңгімеміз отбасы жағдайына ойысқанда жадырап келе жатқан жігіттің бірден көңіл-күйі түсіп, қабағы түйіле кеткенін байқадым. Сәл үнсіздіктен кейін «Аға, қалаға дейін әлі біраз жер бар, сондықтан өзіңізге іште жатқан сырымды айтайын деп ойлап отырмын. Бәлкім бір кеңес те айтарсыз», – деді өзін Азамат деп таныстырған жігіт. Мен басымды изеген соң, ол әңгімесін одан әрі жалғады. «Аға, отбасында төрт бауыр — екі ұл, екі қыз бармыз. Мен үйдің кенжесімін. Ағам үйлі-баранды, бөлек тұрады. Екі әпкем де тұрмыста. Үшеуінің де жағдайлары жаман емес, өз күндерін өздері көруде. Бірақ менің отбасылық жағдайым мәз болмады. Кейде күйіп кеткенде бекер үйленіппін деген ой тұңғұйығына батамын. Себебі өзім кезінде сүйіп қосылған келіншегім әбден көңілімді қалдырды.

         Шынымды айтсам, әу баста келіншегімнің жан сұлулығына емес, тән сұлулығына арбалып, алданып қалдым-ау деймін. Соңынан қалмай, ақыры өз дегеніме жеттім. Бастапқыда бәрі жақсы еді. Уақыт өте келе өзім аттай қалап алған жарым оғаш мінез көрсете бастады. Ол өмірге алғашқы перзентті әкеле салысымен ауылдан кетейікші деп қылқылдайтынды шығарды. Басында мән бермедім, тіпті бос әңгіме шығар деп жүргенмін. Оным бекер екен. Келіншегім күн өткен сайын қылқылын күшейтіп, миымды ашытуға көшті. Неге екенін білмеймін, есіл-дерті қалаға көшу болды. Жылы ұяны тастап, қалада баспанасыздың, дәлірегі қаңғыбастың күйін кешудің несіне қызығатынын еш түсіне алмадым. Құдайға шүкір, ата-анам көп жылғы еткен еңбектерінің зейнетін көріп жүрген жайы бар. Екеуі де момын жандар, қақ-соқпен істері жоқ. Екеуінің осы кезге дейін көрші-қолаңдармен, ағайын-туыспен ұрысып, келіндерге тіл тигізгендерін көрмек түгілі естімеппін де. Ауылдағы ең сыйлы да берекелі шаңырақ едік. Жалғыз әйелдің ылаңы жүйкені жұқартып жіберді.

         Бірді айтып, бірге кеттім бе аға? Кешірім сұраймын. Отбасында береке кетсе қиын екен. Әйелімнің айтқанына көніп, ата-анамды тастап, қалаға кетсем перзент деген атаудан садаға кетпеймін бе? Жұбайым маған айтқанын орындата алмаған соң неше түрлі құйтырқы іс-әрекеттерге көше бастады. Қырсыққаны ғой, кейде өтірік ауырып қалады немесе үйде түк істемей жата береді. Бір-екі күн тамақ ішпей қоятынды да шығарды.

Ауылда ішерге ас, киерге киім таппай отырған жоқпыз. Құдайға шүкір, менің айналысып жүрген өз кәсібім бар. Соның арқасында өз қатар-құрбыларыммен салыстырғанда көш ілгері жағдай жасап алдым. Бірақ отбасындағы бітпейтін ырың-жырың жүйкені тоздырады екен. Сондай кездері ашуға бой алдырып, әйеліме қол көтеретін болдым. Бірақ көкбетке дауа бар ма, одан аяқ тартқан әйелді көрмедім. Күн сайынғы ұрыс-керістен ата-анамның да әбден ығыры шықса керек, бір күні олар маған келіннің жағдайын жасау керектігін айтты. Әйелімнің жағдайын жасау үшін не істеуім керек? Ата-анамды ауылда қалдырып, қалаға көшуім керек пе? Басында бұған үзілді-кесілді қарсылық таныттым. Бірақ отбасын сақтау үшін осы қадамға бармақтан басқа лаж жоқ деген ой да санамды сығалайтын болды. Міне, осылайша екі оттың ортасында қалған жайым бар.

Тоқ етерін айтқанда, күнделікті ызың, ырың-жырың, ұрыс-керіс ақыры әйелім мен екі баламды алып, қалаға кетуге мәжбүрледі. Шымкентке келген соң пәтер жалдап тұра бастадық. Өз дегеніне жеткен әйелім мені күн сайын «айым, күнім» деп асты-үстіме түсіп әлек. Өзі мәз, екі езуі құлағына жетеді. Мына жалған дүниеде одан өткен бақытты жан жоқ секілді. Мен оның екіжүзділігін анық байқадым. Көрдім де жиіркеніп кеттім. Тіпті қыздай қосылған қосағымнан қарадай суындым десем де артық айтпаған болар едім. Аға, менің жағдайым осы. Қазір не істерімді білмей жүрмін. Басым қатып кетті. Қолымды бір-ақ сілтеп ажырасып кетейін десем, екі баламның тағдыры алаңдатады», – деді ол.

Жап-жас жігіттің басынан өткізіп жүрген қиын жағдайы мені бей-жай қалдырмады. Берекесі мол ауылдан безінген әйелге мен де іштей ренжідім. Арада орнаған аз-кем үнсіздікті бұзып, мен оған былай дедім: «Айналайын, інім, сен қалаға барған соң әйеліңнен өзіңді сүйе ме, жоқ па — соны анықтап сұра. Егер ол сені сүйетіні рас болса, бірге өмір сүргісі келетін ойы болса қандай қиындыққа болса да төзуі тиіс деп ойлаймын. Сен оған әлі де болса ауылға алып кететініңді ашып айт. Сені шын сүйсе көнеді, ал көнбесе онда «жер қара, күн жылыда» басыңды азат етіп ал. Қартайған шағында ата-анаңның қара бастары қаңырап жалғыз қалғандары оларға өте ауыр соққы болады. Басың аман жүрсе өзіңе ұнайтын бір жар табылар. Ал ата-ана, бауыр табылмайды. Бұл айтқанымды ағалық ақыл деп қабыл алсаң да, қабылдамасаң да өз еркің. Алайда, онымен әрі қарай да бірге өмір сүре берсең бір күні бармағыңды тістеу былай тұрсын, шайнауың да ғажап емес. Таңдау өзіңде,» — дедім.

Сол сәтте санама еріксіз сап ете қалған ойым осы болды. Сондағы топшылағаным — әлгі келіншек тағы бір-екі бала туғаннан кейін күйеуін, оның ата-анасы мен бауырларын мүлдем сыйламайтын, тіпті араластырмай да қоятын халге жеткізеді болды. Басқа бұзық ниетім болған жоқ. Бірақ осы айтқаным дұрыс болды ма, әлде бұрыс па — оны осы кезге дейін өзім де білмей жүрмін. Сіз не дейсіз, оқырман? Менің орнымда болғанда Сіз қандай ақыл-кеңес айтқан болар едіңіз? Ой бөлісіңіз. Қоғамның қасіретіне айналып келе жатқан дертпен бірге күресейік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *