Өмірдің өзі

«Екі тартпа жоқ болса…»

немесе қазақ жылқысының қыр-сыры

Ұлы Абай: «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ», – деп асқан шеберлікпен суреттеген жылқы түлігін халқымыз әрқашанда төбесіне тұта «ер қанаты — ат» деп қатты қадірлеген.

«Кәрі тарих» атты тарихи тәмсілге сүйене айтар болсақ, ұшы-қиырсыз, ұлан-байтақ даламызды төрт тараптан төнген жаулардан миллиондар қырылса да бізге аманаттап кеткен батыр бабаларымыздың бірден-бір жан серігі, жанына бағалаған жануары осы қасиетті қазақы тұлпарлар болатын.

Арғы тарихқа көз салсақ, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасынан бастап, Қабанбай батырдың Кубасы, Ақан серінің Құлагері, Иманжүсіптің Торықасқасы сынды ерен жүйріктер иесінің сенімді серігі ретінде халық жанында мәңгілікке қалып қойды. Ал, осы жалғыз жылқыға арналған теңеулердің өзі жүзден асады екен. Оны арғы-бергідегі еврейі, орысы, ағылшыны «әлемдегі ең бай тілдің бірі» деп мойындаған ана тіліміздің асқан байлығы деп бағаласақ керек. Тіпті, сол ат әбзелінің әрбірінің атқаратын қызметі жөнінде де шешендеріміз, аттың жайын даусынан-ақ танитын сұңғыла атбегілеріміз әлдеқашан-ақ айтып кеткен. 1938 жылы өңіріміздің Бәйдібек ауданында дүниеге келген Досбай би Есалыұлы:

Екі тізгін жоқ болса,

Ат басын адам бұра алмас.

Екі тартпа жоқ болса,

Ат үстінде ер тұра алмас.

Құйысқан айыл жоқ болса,

Ер мойынға кете алмас.

Екі үзеңгі жоқ болса.

Атқа адам міне алмас.

Қолда қамшы жоқ болса.

Ат аршындап жүре алмас.

Бәрі бірдей сай болса,

Ат үстіндегі жігітті

Сайтан түгіл жын алмас, – деген екен.

Көріп тұрсыздар, «тізгін», «тартпа», «құйысқан», «айыл», «үзеңгі», «қамшы» сынды ат әбзелдерінің қолданыс аясын жан-жақты бейнелеп беріп тұр. Бұл жаңағы «атқа байланысты жүзге жуық атау бар екен» деген сөзіміздің аз-маз дәлелі.

Бұл бір жағынан Досбай бидің жалпы жігіттерге, атбегілікпен шұғылданып жүргендерге жүйрік атты қалай суыту керек, немен жемдеу керек және аттың күллі ер-тоқымы, әбзелдері жөнінде айтқан ақыл-нақыл сөздері десек қателесе қоймасымыз анық. Мұндай мысалды телегей теңіз тіліміздің қорынан оңдап-жүздеп келтіре беруге болады. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мән-мағынасы зор тарихы бағдарламасында біз әңгіме етіп отырған жылқының мыңдаған жыл бұрын қазақ даласында алғаш рет қолға үйретілгенін ғылыми түрде дәлелдеп берген болатын. Атқа мінсе алдырмайтын бабаларымыздың батырлығының түп негізінің бірі де осында жатқанына назар аударған еді.

Олай болса, Ұлы даламыздың жеті қырын барынша дәріптеп насихаттау-бәріміздің азаматтық борышымыз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *