Әлеумет Қоғам

З жасар баланы 8 жастағы Бекжан құтқарып қалды

Жүрекжұтқан жасөспірім қандай құрметке болса да лайық

27 желтоқсанда Алматыда ұшақ апатқа ұшырауы салдарынан оннан аса адамның қаза болғаны белгілі. Сол кезде жүкті әйелді құтқарған жас жігіт марапатқа ие болды. Әрине, өзінен бұрын қасындағы адамның тағдырын ойлаған Темірлан Кадауов ол марапатқа әбден лайық. Полиция өкілдерінің сөзіне қарағанда, төтенше жағдайда қорқынышқа ерік бермей, жанындағы жүкті әйелді денесімен жауып, нағыз ерлік жасаған. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен 23 жастағы Темірлан Кадауовқа «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі лайық деп танылып, оны полиция генерал-майор Серік Күдебаевтың өзі марапаттаған.

Біз Т.Қадауовтың ерлігін көпсініп отырғанымыз жоқ. Осындай ерлік жасаған әрбір қазақтандық кез келген марапатқа лайық болуы тиіс. Егер ерлікті жасамаудан оны бағаламаудың қауіпті екенін ескерсек, ерлік жасаған адамның қайда тұратынына, ұлты мен жасына қарамастан өз бағасын алуы міндетті. Біздің бұлай деуімізге осыдан төрт жылдай бұрын қазіргі Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылының жасы жиырмадан енді асқан тұрғыны Жасұлан Әбуовтың ерлігі ескерусіз қалғаны себеп болуда. Ағыны қатты өзенге ағып бара жатқан қызды өз өмірін қатерге тіге отырып құтқарған Жасұланға аудан басшылары 50 теңгелік алғыс хатты әрең берген болатын.

Ал, қараша айының соңғы күндері тағы да осы ауданның Қошқарата елді мекеніндегі З.Рүстемов мектебінің 3-сынып оқушысы Бекжан Келес өзеніне ағып бара жатқан үш жасар сәбиді құтқарып қалған. Бірақ, бұл жайттан аудан, облыс басшылары хабарсыз. Жасұланға Алғыс хат бұйырса, Бекжанға ол да жоқ. Тым құрығанда көпшіліктің алдында баланың мерейін өсіру үшін басшылар тарапынан алғыс айтқандар да болмаған. Бұл жерде келестік Жасұлан мен Бекжан «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальға лайықты емес деп ешкімнің айта алмасы анық. Екеуі де адам өмірін сақтап қалған. Олай болса неге жоғарыдағылар бейбіт күннің батырларын бөле жарып, алалайды? Әлде, соңғы кездері кім көрінгенге таратылып жатқан төсбелгілер таусылып қалды ма? Мүмкін марапатқа лайық болу үшін тек қана Алматы мен Астанада тұру керек шығар?

Егер келестік осы екі азамат тиісті марапатқа қол жеткізер болса, бұл өскелең ұрпақтың ерлік жасауына жол ашар еді. Жасұлан мен Бекжан қорқақтық танытып, суға түспегенде бүгінде екі отбасының қара жамылып отырары анық болатын. Осындай қасіреттің алдын алғандарды ерлік жасамады деп кім айта алады?

Өзі де жасөспірім екеніне қарамастан ерлік жасаған Бекжанның өжеттігін шенеуніктер елемесе де біз елеп-ескергіміз келіп, арнайы іздеп барып, сый-сияпатымызды табыс еттік. Жаңа жылдық сыйлыққа қатты қуанған бүлдіршінді әңгімеге тартқанда ол былай деді. «Біздің көшеде Әлібек деген кішкентай бала тұрады. Сол біздің үйдің жанынан өзенге қарай өткенін байқағанмын. Бір кезде «а-а-а» деп қатты айқайлағанын естідім. Қарасам ол өзенге ағып барады екен. Сосын бір адамды көмекке шақырдым, келмеді. Тағы біреуі менің шақыруыма құлақ аспады. Амал жоқ, өзім жүгіріп барып ұстайын деп едім, қолым жетпеді. Әлібек біраз жер сумен ақты. Алға қарай жүгіріп, аяғымды салқын суға батырып, қолынан ұстап қалдым. Өзім қорықпадым. Әлібек өліп қалмаса екен деп ойладым. Кейін атасы келіп рахмет айтты. Мен Әлібекті құтқарып қалғанда өзімді зор сезіндім. Тағы біреулерге жақсылық жасау керек екен деп ойладым».

Бұл бүлдіршіннің жүректен шыққан сөзі. Үйінің іргесінен өзен ағып жатқандықтан ата-анасы Бекжанды кішкентайынан жүзуге үйретіпті. Соның пайдасы тисе керек, ол судан қорықпай, ағып бара жатқан сәбиді құтқарып қалған. Үлкендер елең қылмағанда, өзі ағыны қатты суға түсуден тартынбаған кішкентай баланың бұл әрекеті қандай марапатқа болса да лайықты деп ойлаймыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *