Әлеумет Қоғам

Жәрдемақыны кәсіп көзіне айналдырып…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы тапсырмасының бірі — көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру болды. Осы мақсатта 1-сәуірден бастап «Атаулы әлеуемттік көмектің» жаңа тәсілі іске асырлыды. Көмекке қол жеткізгендер Үкімет берген жәрдемақыға кәсіп ашып, хал-ахуалын жақсартуға мүмкіндік алды. Сондай жандардың бірі — Шардара қаласының тұрғыны Жанар Байманова. Бес баланың анасы осы кезге дейін жұмыссыз болса, енді ол меншігінде бірнеше малы бар, шаруа қожалықтың иесі атанған.

«Соңғы жылдары мемлекеттің көп балалы аналарға жасап жатқан қамқорлығын дұрыс бағалай білуіміз керек. Бұрын Үкімет берген жәрдемақыға дүкеннен барып ұн алып, оны бір айға жеткізбей тауысып қоятын болса, қазір жәрдемақыға мал сатып алып, жағдайын түзеп жатқандар бар. Бүгінгі заманда істің көзін таба білгендер ұтатынын естен шығармаған абзал. Ол үшін алған қаржыны жөн-жосықсыз жұмсай берместен, тиімді пайдалана білу керек. Мемлекеттің жәрдемін алып отырған көпбалалы ананың бірі менмін. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу» талабына сәйкес, мен 1 419 204  (Бір миллион төрт жүз он тоғыз мың екі жүз төрт) теңгеге екі тай, үш сиыр сатып алатын болып келісім шарт жасадым. Сол арқылы тұрмысымды түзеуім керек болған. Өткен жылдың бірінші сәуірінен бастап жыл соңына дейін 1 062 000 (бір миллион алпыс екі мың) теңге есеп шотыма аударылды. Бұл қаржыны берген мемлекеттік мекемелер оны мақсатсыз пайдаланбау керектігін түсіндірді. Біз аталмыш келісім шарт бойынша жылқы мен сиырларды сатып алып қойдық. Енді мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Базардан арық малды сатып алып, бордақылап сатуды бастадық. Ол қаржыға басқасын аламыз. Осылай ақша айналымын өсіріп, мал басын көбейту әдісін тиімді пайдалана білдік.

Жаңа жыл қарсаңында бордақыланған бір бұқаны сатып, орнына бір жылқы алдым. Қазір қорада үш жылқы, екі сиыр бар. Келешекте жылқы малының санын арттыруды жоспарлап отырмын. Әрине ол үшін жер керек. Егер әкімдік менің ұсынысыммен келіссе мал бордақылау алаңын ашсам деген ойым бар. Сол үшін Мұнай-база ауылынан мал бордақылайтын жер берсе, кәсібімнің одан әрі көркейе берері анық.

Қолдағы төрт-бес малмен жұмысты шектеу ойымда жоқ. Алдағы уақытта осы кәсіпті дамытсам деген ойдамын. Ол үшін «Құлан», «Сыбаға» бағдарламаларына қатысып, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемдерге қол жеткізу арқылы мал басын арттырып, асыл тұқымды мал санын көбейту жоспарда бар», — дейді Ж.Байманова.

Әрине, мұндай іскерлік ауылдағы кез келген әйелдің қолынан келеді деп айта алмаймыз. Өйткені, оны жүзеге асырудың қиын екені белгілі. Сол себепті Үкіметтің берген жәрдемін мақсатсыз пайдаланып отырғандар аз емес. Осындай кезде сенімді ақтап, бір малды екеу етіп, мемлекеттік бағдарламаның іске асуына үлес қосқан Жанар Байманова секілді ауыл тұрғындарының бастамасын неге қолдамасқа? Мемлекеттің көздеп отырған басты саясаты да осы секілді қарапайым көпбалалы отбасыларды қолдау емес пе?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *