Қоғам Мәселе

«Жолаушының өмірі ойыншық болғаны ма?»

Газетіміздің «Өзге пікір» тыңдап тұр!» айдары әртүрлі мәселемен хабарласқан оқырмандардың айтқандарын көпшілікке жеткізумен танымал болып үлгерді. Жуырда редакцияға хабарласқан шардаралық Қанатәлі Бегалиев былай деп өз наразылығын білдірді.

«Мен 16 қыркүйек күні түнгі сағат 23-тер шамасында аудандық аруханадан шығып, үйге жету үшін «Сәт» такси паркінен көлік шақырдым. Ол жерден келген мемлекеттік белгісі 197 «ВАЗ 2107» жеңіл көлігі мені екінші ықшамауданға алып кетті. Мені апарғанда ұсақ ақшам болмай 2 мың теңгелік беріп едім, ол 300 теңгенің орнына 500 теңге алды. Шақырту 300 теңге екенін айтқанымда, екі жас жігіт өзімді мазақ қылып, әртүрлі дөрекі сөздер айтты. Содан автопаркке телефон соқтым. Болмаған соң прокурорға телефон соқпақшы болғанымда олар үстіндегі 200 теңгені тастап, кетіп қалды.

Мен жасым егде тартқан адаммын. Қазақта «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген сөз бар. Сол айтпақшы, мен 200 теңгенің құнын қозғап отырғаным жоқ. Жас жігіттердің үлкенді сыйлай білмеуі жанымды қатты жаралады. Сондықтан ертеңіне Шардара аудандық ішкі істер бөліміне барып, әлгі көлік жүргізушісін шақырттым. Бірақ полицияға көлікті жүргізген жігіт емес, қасында отырғаны келді. Ол «рөлде отырған басқа біреу еді» деп ақталды. Сонда ол көлікті неге басқа адамның басқаруына берген? Мен ол баланың жүргізушілік куәлігі бар-жоғын да білмеймін. Сонда олар үшін жолаушының қауіпсіздігі, тағдыры ойыншық болғаны ма? Әлде жүргізуші сол түні арақ ішіп алды ма екен? Полицейлер соны анықтамады. Осындай жауапсыздықтың салдарынан жол көлік оқиғалары жиілеп, адам шығыны артып отыр. Ал менің аразым бойынша әлі күнге шешім қабылданған жоқ.

         Уақыттың өтуіне байланысты полицейлер ол жүргізушімен өздері келісіп, сыбайластыққа барған жоқ па деген күдігім бар. Осы бойынша жазған арызыма әлі жауап жоқ. Мүмкін журналистік зерттеу жасап, мәселенің мән-жайын анықтауға көмектесерсіздер».

Расында, бұл жағдай кімге болса да ой салары анық. Қоғамдық көліктерді кім көрінген жүргізіп, олар жолаушының қауіпсіздігін ойламауына жол беруі тәртіп сақшыларының жұмысына сын болса керек. Ал сондай жауапсыздыққа жол берген жүргізушіні жолаушылардың өздері анықтап беріп отырса да полицияның шара көрмеуі – шынында да көңілге күдік ұялатады екен. Бұл мәселені Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Аппаз Тұрғынбаев өз бақылауына алып, арыз иесіне тиісті жауабын берер деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *