Басты жаңалықтар Мәселе

Ескерткіш елдік белгісі емес пе?

немесе бұл Абай қай Абай?

Айтайын деп айтпайсың-ау, дегенмен «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды», – демекші осы бір мәселені қанша жазсаң да, ешкімнің құлағына жетпейтін секілді. Олай болса, бір нәтиже шыққанша қозғай бермекпін. Сонымен…

Тарих көшінде көрмеген азабы жоқ жарықтық Жұбан ақын айтпақшы «мың өліп, мың тіріліп» ұлтының ұстыны, елінің ертеңі үшін «етігімен су кешіп, арғымағына ауыздығымен су ішкізген» жаужүрек бабаларымызға еңсесі биік, көз қуантар ескерткіштер тұрғызсақ, ешкім мұның қалай дей қоймас.

Шүкір дейміз, о жағынан ешкімнен кем түсіп, кенде қалып жатқан жоқпыз. «Өткеніңді білмей, жаңаны тану жоқ» демекші, келер ұрпақ батыры мен бағланын, от ауызды, орақ тілді биі мен шешенін, ақыны мен жырауын жасынан біліп өссе, өзге жұрттың алдында жүзі төмен болмас еді. Х-о-о-ш делік.

Енді «үшінші мегаполис» мәртебесі бұйырған Шымкент қаласындағы үлкенді-кішілі тас мүсіндерге Мұқағали көкеміз айтпақшы «адами көзбен» үңіліп көрейікші, не көрер екенбіз? Адам қолынан шыққан сол бір өнер туындыларынан эстетикалық ләззат һәм рухани тағлым ала аламыз ба? Құр көк тасты жонып, қырнап, домбаздап үйе бергеннен жаныңа жылу сыйлайтын ескерткіш шыға бермейтінін аздап болса да сеземіз. Сол тастарға шеберлікпен әр беру, тіпті, жан жылуымен қоса рухани нәр беру «балерина патшайымы» Мая Плисецкая айтқандай тек тума таланттардың ғана қолынан келсе керек.

Өткен жылдың соңына таяу солтүстік облыстардың бірінде еліміздің қос батыры Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған ескерткіші жұрт наразылығын тудырып еді. Кейін оны қойған жерден алып тастады. Айта берсең мұндай жәйттерді санауға саусағың жетпей қалады.

Ал, осыдан біраз жыл бұрын «Жас алаш» газетінде қаламы ұшқыр Әмірхан Меңдеке әріптесіміздің «Мұң мен нұрдан жаратылғандай ескерткішін қашан орнатар екенбіз?» – деген әрқайсымызға ой салатын айтары мол проблемалық мақаласы жарық көрді. Ол кісінің айтуынша, елімізде Хакім Абайға ірілі-ұсақты екі мыңға жуық ескерткіш тұрғызыппыз. Енді ескерткіштің тілін түсінетін мамандардың салмақты пікіріне ден қойсақ, солардың 98 пайызы көрер көзге ұят, ешбір адами талғамға сай келмейтін көрінеді. Ал, керек болса… Рас-ау дейміз, өзбектердің Науаиге, әзірбайжандардың Низамиге, украиндердің Шевченкоға, орыстардың Минин мен Пожарскиге қойған ескерткіштерін көрсеңіз, ішпей-жемей көңіл тояды. Бұрын қандай болғандарын кім білсін, әйтеуір шетінен сұңғақ бойлы, нұрлы жанарлы, терең ойлы болып, қарасаң жан сүйсіндіріп, көздің жауын алады.

Ал, енді ол ағайындарды қоя тұрып, аяңдап өз қаламызға келейікші. Әр кеудеде бір қиял демекші, басқада жұмысым жоқ, шырайлы Шымкентіміздегі Абая саябағына кіре берістегі ұлы Абайымыздың ескерткішін көрсем көңілім құлазиды… Неге?

Қаңылтырдан құрастыра салғандай қарақоңыр, осы бір обадай үйілген ұсқынсыз темірдің арасынан жатқан жері жай болғыр ұлы шайырға қатысты не бар деп іздеймін-ау… Түсі қара ма, қарақоңыр ма, домбаздай салған ескерткіштің жарықтық Абай екенін жобаласақ та өзі айтпақшы бет-бейнесінен «нұрлы ақыл мен жылы жүректі», «қақтаған ақ күмістей кең маңдайды» көре алмай діңкең құриды ғой қарап тұрып. Ешқандай ой, сезім белгісі жоқ қос жанардың қайда қарап, не ойлап отырғаны мен үшін түсініксіз. Ой, Құдайым-ай, ауыл сыртындағы жотаның төбесіне жантайып алып қой күтіп отырған қара шалды Абай деген осы деп ұялмай-қызармай қара тасқа қонжита салған.

Иә-ә, Қадыр ағамыз дұрыс-ақ айтқан екен. Ұлы Абайдың ғана емес, ешкімнің сезімсіз тас болғысы келмейді. Бұл жердегі басты әңгіме ескерткіш қойғанның жөні осы екен деп халқымыздың «рухани паспортына» айналып кеткен, барымыз да нарымызға тартымсыз, талғамсыз, сезім мен мейірім атаулыдан жұрдай бірдеңені қалқита салған жауапсыздықта. Бұл менің жеке пікірім…

Қазаққа ортақ тұлға – Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында шаһарымыздың жаңа басшысы Ерлан Айтаханов осы бір қателікті түзетер деген үміттеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *