Өмірдің өзі

Әйелім «көзіме шөп салып» жүр екен…

Қазақта «семіздікті қой ғана көтереді» деген керемет мақал бар. Өз басым осы мақалды кім шығарса да қалай дәл тауып айтқан деп таңқаламын. Неге десеңіз, шынында да қой ғана семіздікті былқ етпей көтере береді екен. Ал пенде соның орнында болса қайтер еді? Қалай ойлайсыз, ол көтере алады ма? Мен бұл сұраққа бірден «жоқ» деп жауап берер едім. Себебі менің бұған көзім жеткен.

Енді сіздерге түсінікті болсын деген оймен өзімнің басымнан өткен мына бір оқиғаны баяндағым келіп тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің жағдайым өте жақсы еді. Бірнеше дүкенім бар, саудам сәтті жүріп жатты. Мен осы дүкендердің жұмысын қадағалауды әйеліме тапсырдым да, өзім көрші облыстардан жеміс-жидек тасымалдап жүрдім. Дәлірек айтқанда, көтерме саудамен айналыстым. Алыс жақтан алып келген жеміс-жидекті көтерме бағамен өткіземін де, қайта жолға шығып кетуші едім. Кейде апталап үйде болмаймын.

Осылайша бірсыдырғы күндер өтіп жатты. Содан бір күні әлдебір таныс жігіттерден әйелімнің суық жүрісі жайлы есіттім. Бірден айтайын, сенген жоқпын. Өзім сүйіп үйленген жұбайым ондайға барады деп әсте ойламаппын. Тіпті ойлауға да уақыт жоқ еді. Не керек, бұл сөзге аса мән берген жоқпын. Бірақ осындай жайсыз әңгіме қайталана берген соң ой тұңғиығының тұтқынына айналдым. Санамнан «Неге бұлай?» деген сұрақ кетпей қойды. Әйелімнен астарлап сыр тартайын десем қалай бастарымды білмедім. Себебі оны еш жамандыққа қияр емеспін. Сөйтіп әрі-сәрі күйде жүргенде бір күні ауыр жүк көлігін жалдап, тағы да алыс жолға шығуға тура келді. Қаладан көп ұзап, көрші облыстың шекарасынан өткен кезде бір құжатты үйде ұмыт қалдырып қойғанымды білдім. Ал ол құжатсыз тірлігімнің зая кетері сөзсіз еді. Ойланып тұруға уақыт тапшы, жүк көлігінің кете беруін тапсырып, өзім айдалада түсіп қалдым. Ойым — дереу кері қайтып құжатты алған соң қайта жолға шығу. Өз пәтеріме жетемін дегенше сағат түнгі 3-тер болып қалды. Өзімдегі кілтпен есікті жәй ашып, ішке ендім. Алдымен балалар бөлмесіне бас сұқтым. Үш балам да түк сезбей шырт ұйқыда жатыр екен. Сосын жатын бөлмеге кіріп, жарық жағып қалғанымда шыққыр көзім не көрді дейсіз ғой? Әйелім бір еркек екеуі төсегімізде тырдай жалаңаш күйде ұйықтап жатыр екен.

Басқасы басқа, дәл мынадай көріністі көремін деп ешқашан ойламаппын. Жарық жанған сәтте екеуі де орындарынан ұшып тұрды. «Екі ғашық» түс көргендей аң-таң. Өз көздеріне өздері сенбей тұр. Мен «Бұларың не? Ең болмаса есікті жауып ұйықтамайсыңдар ма?» – дедім де терезе алдында қалған екеуінің телефондарын алып алдым. Сосын есіктің алдында тұрған күйі енеме хабарластым.

Шұғыл шаруа болмаса дені дұрыс адам түн ортасында телефон шалмайды ғой. Адамның ойына да мұндайда бірінші жаман ойлар келеді. Телефонды көтерген енемнің зәре-құты қалмағаны дірілдеген даусынан байқалып тұр. Оған асқан сабырлықпен «Апа, тез үйге келіңіздер», – дедім. Ештеңе түсінбеген ол кісі: «Тыныштық па?» деп онан сайын шошып кетті. «Тыныштық болса шақырамын ба, тез жетіңіздер», — дедім. Жарты сағат өткенде енем мен қайынағам жетіп келді. Олардың да ана тыржалаңаш екеуді көріп, тілдері байланып қалды. Үн жоқ. Өйткені мәселе өз-өзінен түсінікті еді.

Бір кезде ұрыс-керіс басталды. Енем айқайлап үйді басына көтерді. Қайнағам оқты көзімен ана екеуіне қарап-қарап қойғанымен әлі тұрған орнынан қозғалған жоқ. Менің мына жерде тұра бергеннен еш пайда жоқ екенін түсіндім. Сосын тосын шешімге келдім. Қызына бажылдап ұрсып жатқан енеме: «Апа, мен үйден бір түйір де зат алмай шығып кетемін. Бірақ екінші рет бұл жерге қайта оралмаймын», – дедім де қалтамдағы үйдің кілтін беріп, сыртқа беттедім. Сол кезде енем: «Қайда барасың? Мына үш баланы кім асырайды?» – деп зіркілдей бастағанда неге екенін тап басып айта алмаймын, бәлкім шыдамымның жеткен жері осы шығар, енемді құлақ шекеден бір періп, омақаса құлаттым. Қайынағам маған қол көтермек түгілі, бір ауыз сөз айтуға батылы жетпеді.

Осымен бәрі бітті. Өмірімнің астаң-кестеңі шықты. Өз әйелімді көңілдесімен ұстап алғаным есіме түссе өмірден түңіліп кетемін. Іштегі күйік басылмаған соң ішуді бастадым. Жұмыс адыра қалды. Бәрінен бездім. Тіпті «бомж» атануға сәл-ақ қалғанымда есімді жидым. Онда да бауырларымның арқасында бетім бері қарады. Обалы не керек, олар маған жабыла жәрдемдесті. Ешқайсысы шет қалған жоқ. Достарым да менен ат құйрығын шарт кесісіп кетпей, мені түңілу тұңғиығынан шығуға барынша қол ұштарын созды. Міне, осылардың арқасында қайтадан адам қатарына қосыла бастадым.

Жаймен баяғы ісімді қолға алдым. Есімді жия бастаған соң өзім ұнатқан бір қызға үйлендім. Қазір екі кішкентайымыз бар. Бүгінде бақытты отбасылардың біріміз. Үй-жайым, шетелдік көлігім бар. Ештеңеден тарығып жүрген жоқпын. Анда-санда алдыңғы әйелде қалған үш баламды қыдыртамын. Қалтасына ақша салып, керек-жарағын әперемін. Перзенттеріме әрқашан көмектесіп, қанатымның астына алып жүремін. Олардың анасының істеген сатқындығына титтей де қатыстары, кінәлары жақ. Ал бұрынғы әйелім кейінгі кезде қайта жарасайық дегендей ойын маған балалары арқылы жеткізгісі келіп жүр. Оны сезіп жүрмін. Бірақ менің жүрегім одан әлдеқашан суынған. Оны есіме де алғым келмейді. Себебі ол «семіздікті» көтере алмады.

Шынымды айтсам, ендігі тағдырымды онымен мүлдем байланыстырғым келмейді. Оның ары қарайғы тағдыры қалай қалыптасары бір Алланың қолында. Қандай да бір қиянат жасау, кек қайтару ойымда жоқ. Менің ендігі өмір жолыма жолы түйіспей, өз алдына өмір сүре берсін. Ең бастысы, отбасылық өмірімізде менің арым таза болды. Ешкімнің алдында төмен қарап, жер шұқитындай жағдайда еместігіме шүкіршілік етіп жүрген жайым бар. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *