Өмірдің өзі

Зинаның ақыреттік азабы

Шариғатта зина жасаған кісі Құран тілімен айтқанда «зинақор» деп аталады. Зина етушінің ақыреттік жағдайы да жақсы болмайтынын ұмытпауымыз керек. Алланың харам еткен амалын жасаған пенде оның жазасын алары сөзсіз. Сондықтан Ислам діні бізге некелесіп, Алланың құзырында адал некемен отбасы құруымызды бұйыруда.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) зинаның бұ дүниелік және о дүниелік зардабы жайында былай деп ескерткен: «Ей, адамдар! Зинадан сақтаныңдар. Өйткені зинаның алты үлкен зияны бар. Оның үшеуі осы өмірде, үшеуі ақыретте. Осы дүниедегі көретіні: жүздің ажары мен нұрын кетіреді, кедейлікке ұшыратады, өмірін қысқартады. Ақыретте көретіні: Алланың ашуына себеп болады, сұрағы қатты болады, тозақ азабына тартылады».

Алла Тағала біздерге бөгде әйелге назар салуға болмайтынын былай ескертуде: «Ей, Мұхаммед! Мүміндерге айт, бөгде әйелдерге сұқтанып қарамасын, көз сүзбесін, ұятты жерлерін ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт, жат еркекке көз сүзбесін, ұятты жерлерін жапсын…» («Нұр» сүресі, 30-31 аят).

         Бұл күнә кез келген адам үшін шектен шыққан сорақы, үлкен күнә. Ал үлкен кісілерден, жігіт ағасынан, жасы ұлғайған кісіден шықса, тіптен сорақылық. Ондай адамдарға Құдай Тағала назарын да салмайды. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні Алла үш адаммен сөйлеспейді әрі оларды ақтамайды және оларға назарын да салмайды һәм оларға күйзелтуші азап болады. Олар: зинақор шал, өтірікші патша, кедейдің тәкаппар-кердеңі».

            Шариғат үкімі бойынша зинақорлық күнә жасаған ер мен әйелге, егер олар үйленбеген, бойдақ болса, жүз дүре соғылады. Бұл үкім адамдардың көзінше, жария түрде жүзеге асырылады. Алла Тағала былай бұйырады: «Зинақор әйел мен зинақор ердің әрқайсысына жүз дүре соғыңдар. Алланың діні, разылығы жолында сендерді оларға деген ешбір аяушылық баурап алмасын, егер Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Олардың жаза тартқандарына иман келтіргендердің бір тобы куәгер болсын» (Нұр, 2). Ал егер азғындыққа барғандар үйленген болса, олар тас боран етіледі. Яғни, зинақор ер мен әйел алаңқайға шығарылып, таспен атқыланып өлтіріледі. Оны имам мен куәгерлер және жиналған мұсылман жамағаты орындайды. Зинақорлардың шариғаттағы әділ жазасы осындай.

Тек қылған ісінің аса үлкен күнә екендігін түйсініп, қатты өкініп, шынайы тәубе жасап, ендігәрі ол күнәға қайтып оралмауға ант еткен мұсылман ғана Алланың рахымына ие болуы мүмкін. Алла Тағала ол туралы келесі аятта былай деген: «Алайда кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рахымды».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *