Біле жүріңіз Қоғам

Ұлы Абайдың сыни бағасы һәм Біржан салдың мәрттігі

Жаратқан иеміздің өлшеусіз сыйы, от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындарымыздың, жыршы, жырауларымыздың арқасында ғасырлардан тіні үзілмей бүгінге жеткен айтыс сынды қайталанбас өнеріміз әлемде теңдесі жоқ рухани құндылығымызға жатады. Бағамдай қарасақ, тек арабтың көшпелі бәдәуи (бәдәуи — «құм адамы») тайпасында және Орта Азияның кейбір халықтарында аздап бар деп естігеніміз болмаса, дәл біздегідей ғасырлар бойы шыңдалып, уақыт сынынан өтіп дамыған, кемеліне келген мұндай өнер өзгелерде жоққа тән. Қаны таза тектіліктің, сегіз қырлы, бір сырлы бекзаттықтың бір шыңы – жеті атаға дейін қыз алыспайтын қасиетіміз сынды бұл да көзіміздің қарашығындай қорғап, келешек ұрпаққа шашпай-төкпей аманаттайтын баға жетпес асыл мұрамыз. Сонымен…

Халық жадында өшпестей жатталып қалып, әлі күнге дейін ауыздан түспей

жүрген дүлдүл айтыстардың бірі де бірегейі, кезінде атақ-абыройы дүркіреп

үш жүзге мәлім болған «аспандағы аққуға әнін қосқан» әйгілі Біржан сал Қожағұлұлы мен «Жетісудың жұлдызы, асыл сөздің үздігі» Сара Тастанбекқызының теңдессіз сөз сайысы болатын. Кеңес кезеңінің қатаң сұрпынан өткен тақұл-тұқыл мәліметі нақты кім жеңгенін ашып айтып бермеген. Тек «арқасына он мата тыққандай күйеуіңді көрсетші» дегенде ғана тумысынан бүкір күйеуін көрсетуге намыстанып, жылап отырып жеңілген екен деуші еді, қайран Сара апамызды…

Ал бұрынғының бәріне күйе жағып, мансұқтаған сол кезеңге керегі әйтеуір бір жағынан болса да аяқтан шалып қалу болатын. Одан қалса «әйел теңдігі жоқ еді, қыздар малға сатылатын» деген сынды кінә артатын. Ол жазғандар халқымыздың ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүрін қайдан білсін.

Кей дерекке сүйенсек, «үш күнге созылды» делінетін осы теңдессіз айтыстың нәтижесі жөнінде былайғы жұртқа белгісіздеу тағы бір мәліметті еске сала кетсем деймін. Кезінде телегей-теңіз білімді, «абайтанушылардың атасы» атанған профессор Қ.Мұхамедхановтың керемет лекцияларын тыңдаған едік. 30 жыл бұрынғы сол дәрістердің бір жұрнағын еске түсірудің сәті түсіп тұр.

«Осы үйде Сара бар ма, шықсын бері» деп келетін әйгілі жолдар естеріңізде шығар… «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, Адамдықты көздесең, жаттап оқы көңілге» деп Сұлтанмахмұт шайыр айтпақшы, ұлы Абайдан сөз қалған ба? Міне, осы айтыстың ыстық-суығы әбден басылған соң мұқият тыңдап, көңіл көзімен ойлана безбендеген Абай атамыз Біржан салға былай деген көрінеді. «Тілде сүйек, шеберлікте шек жоқ, Біржан аға! Тыңнан түрен салғандай ерекше сөз сайыстарыңызды көңіл тезіне салып, безбендеп қарасам, ақын Сара асып түсіп, сізді үш жерде сүріндіріпті. Енді соны сараптап көрейік… Алдымен, сөздің біссімілләсін «Осы үйде Сара бар ма, шықсын бері?!» деп екпіндей бастапсыз да: «Әуелі қазақшалап көрісейік, Жарқыным, берірек кел жасың кіші» деп сәл мүлт кете бір тоқтапсыз. Осы сөзге шап берген Сара да тоқталмастан:

Адамды топырақтан жасады хақ,

Надандығың білінді бұл сөзде нақ.

Хауа анаға бұрын барған Адам ата,

Жоқ па еді естігенің мұны да ақымақ», – деп бұлтартпастай сөзден тосыпты. Артынша бетке ұстарымыз, ақынымыз деп мені мақтаған екенсіз, оған да тоқтамаған қарсыласыңыз «айтпаңыз аты құрсын Абай деген, жылатып мұсылманды талай жеген», «бүлік басы тобықты әр бәлеге жолықты» деп өзімнің күйінетінімдей, тобықты біткенді тобықтан оңдырмай қағыпты. Ақылға салып көрсек, «жылатып ешбір мұсылманның ақысын жемегенімді» біліп тұрса да бұл сөзді мені емес, сізді жеңу, біржолата мұқату үшін айтқаны айна-қатесіз көрініп тұр. Соңынан «күйеуің нашар, бүкір, саған тең емес» деп тиіскен екенсіз. «Іздегенге – сұраған» оған да ойлы салмақпен «жақсы аға, күні құрысын ұрғашының, билігі болмаған соң бір басының» деп бұл қоғамдағы әйел теңдігінің жоқтығын ашына, жылап отырып жеткізіпті де сонысымен сізді сөзден үшінші рет тосқан екен», – дегенде: «Болса болар Абайжан, өзіңнен сөз қалған ба?..» – депті әншілігі мен мәрттігі тең түскен халқымыздың қайталанбас өнерпазы.

Хатқа түскені, түспегені белгісіз бұл мәліметті біз құрметті профессорлардан ілгеріде естіген едік…

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,

Қинауға салады екен адамзатты…

Үкідей желпіндірген карақтарым,

Шешсеңші білегіме арқан батты, – деп өмірінің соңында Абай хакім «мыңмен жалғыз алысып қойдыра алмаған» елдің соры, хас надандардың кесірінен бұғауды, үйқамақты, теперішті көп көріп, құсамен өткен теңдессіз әншіні ұлы шайыр аса қадірлеп өткен екен. Ал Біржан салдың жазығы, тағы дабас ақынымыздың «жарымадық, танымадық, жақсыға бір іргелі, қолына алып, пәле салып, аңдығаны өз елі» деп тілінен зәр шыға күйінетініндей, ел үстінен күн көріп, момындарды зар жылатқан, малымен бірге мал боп кеткен байлар мен солардың сойылын соғушы арамза болыстардың зорлық-қорлығын бетіне басқаны еді…                           

Ел алдындағы Біржан сал сол Абай елінде апталап жатып әні мен өнеріне

сусындатып, қайтарында өнер дүлділін қимаған қайран ақын: «Енді сіздей әнші туар ма екен?» – дегенде, «Әрине, неге тумасын, бетегелі боз жусан, шетсіз, шексіз қазақ даласынан менен де асып түсетін әншілер әлі талай шығады. Бірақ, өкінішке қарай өзіңдей ақын әрі тыңдаушы туар ма екен?!» деген екен нар көңілі құлазып.

 Халқымыздың маңдайына біткен екі ұлы тұлғасының сөз қағыстарына қарап отырып өнерге деген адалдықтарына, өзара сыйластықтарына қайран қалмасқа амалың жоқ. Басқада шаруам жоқ, өз пайымымша бір-бірінен асып түскен, ерге біткен мәрттік пен қара қылды қақ жарар әділдік деген осындай-ақ болар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *