Қоғам Құқық Мәселе

Шенеуніктер – түрмеде…

Жоқ, түрмеге түскен жоқ, «саяхаттап» қайтты. Жаңа жыл қарсаңында болу керек, 31 арнаның жаңалықтарында шымкенттік мектеп директорларының түрме аралап жүргенін көрсеткен болатын. Сол кезде журналист осындай «саяхатты» шенділерге де ұйымдастыру керек дегенді айтып қалғаны есімізде. Журналистің сөзі ой салды ма, әлде бұл кезегімен іске асырылып жатқан жоспарлы шара ма, әйтеуір осы аптада шымкенттік шенеуніктердің де түрмеге жасаған «саяхатын» тағы көгілдір экраннан көрсетті.

Бәлкім жұртшылықтың назарына іліккен бұл тақырыпқа айналып соқпас па едік, бірақ редакцияға хабарласып, сол мәліметтерді салған бір оқырманымыз «Екі видеоны салдым. Газетке жариялап жіберсеңіздер, жемқорлыққа қарсы әрекет болар еді. Әсіресе әлеуметтік сала қызметкерлері, осы саладағы түрлі мекеме басшылары мен есепшілерін де осындай «рухани саяхатқа» алып барса деймін», — дегеннен кейін біз де ойландық. Бәлкім кімнің де болса заңды бұзып, қылмыс жасаса, баратын жері сол болатынын біліп жүргені дұрыс шығар.

Ресми мәліметке сүйенер болсақ, сол күні Шымкент қаласындағы төрт ауданның әкімі мен 22 басқарма басшылары, олардың орынбасарларын қосқанда бас-аяғы алпыстан аса мемлекеттік қызметкер түрме өмірімен танысып қайтыпты. Қоғамнан уақытша оқшаулау арнайы мекемесінде жазасын күтіп жатқан 490 адамның 40-ы бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер екен. Әрине, түрмедегі жағдайды ешкімнің басына тілемейсің. Және сол адамдардың барлығы да бұл жерге келемін деп ойлады дейсіз бе? Бүгінде біреу біліп, біреу білмей жасаған қателігінің жазасын күтіп жатыр.

Түрмеге кіре берісте бетперде киіп, бет жүзін тұмшалап алған шенділерді де түсінуге болады. Батырдың өзіне үрейлі көрінетін ол жерге олардың өздігінен бармағаны да белгілі. Жоғарыдан тапсырма болғандықтан баруға мәжбүр. Негізі мұны ойластырған лауазым иесінің нені мақсат тұтқанын нақты білмесек те топшылауға болады. Темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көзімен көргеннен кейін кімнің де болса санасы сілкініп, әр қадамын аңдап басары анық.

Жалпы, бұл бастаманы ешкім де бұрыс дей алмас. Керісінше мұны дәстүрлі шараға айналдырса да артық етпес деп ойлаймыз. Сонымен қатар бұл бастама тек Шымкент қаласының деңгейінде ғана шектеліп қалмай, барлық облыс-қалаларда да жүзеге асыру қажет сияқты.

Жалпы алғанда бұл ақпар көпке ой салғаны сөзсіз. Осындай іс-шара жиі ұйымдастырылса, бәлкім жемқорлар қатары да азаяр ма еді, кім білсін?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *