Басты жаңалықтар Қоғам Құқық Мәселе

Пагон таққан қарақшы…

Ашылмаған қылмыстардың астарында не бар?

Полицияның жұмысын жандандыру жөнінде жоғары мінберлерден аз айтылып жүрген жоқ. Елбасының өзі де полиция халықтың қызметшісі екенін баса айтқан болатын. Бірақ…
 Біз бүгін өз ісін сүйіспеншілікпен атқаратын тәртіп сақшыларын емес, керісінше кездейсоқ пагон таққандардың келеңсіздіктері жөнінде айтқымыз келіп отыр. Осыдан 1 жыл үш ай бұрын, нақты айтқанда 2018 жылдың қазан айында қымбат тұратын күшігім қолды болды. Күшіктің жоғалғанына күйінгендіктен емес, ұрылардың жазасыз қалуының салдарынан қауіптеніп, тез арада полицияға арыз түсірдім. Содан кейінгі оқиға қалай өрбіді десеңізші. Естісеңіз не күлеріңізді, не жыларыңызды білмеуіңіз мүмкін.
«Сіздің үйіңіздің ауласында бос жүрген «Курсхар» тұқымды, сұр ала түсті 15000  теңге тұратын 3 айлық итіңізді белгісіз тұлғаның жасырын ұрлап кеткені туралы жазған арызыңыз Еңбекші АІІБ-мен қаралды. Аталған жайтқа байланысты 21.10.2018 жылы қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан күдікті тұлғаның анықталмауына байланысты қылмыстық істің мерзімі үзілгенін хабарлаймыз…». Бұл полиция тарыпанан келген арыздың қысқаша нұсқасы. Бұның қай жеріне күліп, қай тұсына жылау керек деп таңырқап отырған боларсыз. Мәселе – хаттың мәтінінде емес, мерзімінде болып тұр. Мен арызды 2018 жылдың 21 қазанында жазған болатынмын. Ал жауап 2020 жылдың қаңтар айында келіп отыр. Арада бақандай бір жыл үш ай уақыт өтіп кетті. Онда да қадағалаушы органдарға шағымданып жүріп әрең алдым. Ал үнсіз қалсам, мен өз арызымның «тағдырын» мүлдем білмей кеткен болар едім. Жауаптың соңында «Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда прокуратураға шағымдануға құқылы» екенімді ескертіпті. Бір жыл үш ай өтіп кеткен жағдайға байланысты не деп шағымдануға болады? Міне, бізді қорғайды деген тәртіп сақшыларының «қырағылығы» осындай.
Ит дегеніңіз не тәйірі? Біреуі жоғалса екіншісін сатып алармыз. Ал адам жоғалтып отырғандардың қайғы тұманын полцейлер қалай сейілтіп жүр? Желтоқсан айында редеакциямызға әйелін көлік қағып, мерт қылған шымкенттік Уәлихан Тәжібаевтың қылмыскер қашан ұсталады деген жанайқайын жарыққа шығарғанбыз. Сол жанайқай бойынша тәртіп сақшыларынан төмендегідей жауап хат келіпті: «2019 жылдың 7 қарашасында Жаңақұрылыс көшесі және «Алматы-Ташкент-Термез» тасжолының қиылысында белгісіз азамат Шымкент қаласының тұрғынын қағып, жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345 және 347 баптары бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалған.
Жүргізушіні, оның автокөлігін анықтауға және ұстауға бағытталған іс-шараға Шымкент қ. ПД-нің ЖПҚБ, ЖПҚБ ППП, КПБ және аудан Полиция басқарма қызметкерлері жұмылдырылды. Қылмыстық істі ашу үшін Шымкент қ. Полиция департаментінің және Абай ауданы ПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Тергеу барысында жол-көлік оқиғасы орын алған жердің айналасында жұмыс істейтін және тұрғылықты жасайтын тұрғындардан жауап алынған.
2019 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік Кодексінің 45-бабы 7-бөлігі 1-тармағына сәйкес «сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмаған» қылмыстық істің тергеп-тексеру мерзімі үзілген. Күдіктінің жеке басы анықталған кезде аталған қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жалғасып, оған процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлаймыз. Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі».

Шетелдік киноларды көріп отырсаңыз адам өмірін қиған қылмыскерді тауып, қолға түсіру үшін қаншама тер төгіп, неше түрлі амал-тәсілдерді қолданғанын көргенде әрі таңқалып, әрі сүйсінесің. Міне, соларды нағыз із кезушілер, нағыз өз ісінің маманы деп айтуға болады. Түймедей күдік тапса болды, қылмысты ашпай қоймайды. Ал біздегі полицейлердің жұмысы жоғарыдағыдай. «Іздедік, таппадық, тапсақ істі жалғастырамыз ғой…» деген мағынада. Ал жақын адамынан айырылған азаматтардың қайғысы олардың жүрегін шымырлатпақ түгілі, шыбық шаққан құрлы әсер етпейтін сыңайлы. Бәлкім, осындай немқұрайдылық олардың тұла бойларына тұтастай сіңіп кеткен болар, кім білсін!

Біз сөз етіп отырған кейіпкер қарапайым ғана адам. Бәлкім, қылмыстың ашылмай қалуына осы жағдай себеп болған шығар деген күдік-күмәннің болғанын жасырмаймыз. Алайда, аузын айға білеген алпауыттардың да арыздары қанағаттанусыз қалып жатқан жағдайлар да кездеседі екен. Сонда бұл шынында да кәсіби маманның жетіспеушілігінің салдары ма? Әйтпесе, Алматыда көлігі тоналған Парламент мәжілісінің депутаты дәл осылайша дабыл қағар ма еді?!

«…Несіне алаңдайсыз? Бұндай болған, бар және бола береді. Ұрылар әрқашан болған. Енді не қалайсыз?». Бұл тонау қылмысы орын алған жерге келген полиция қызметкерінің Парламент депутаты Ирина Смирноваға алғаш айтқан сөзі. Тәртіп сақшысының осындай жауабынан кейін оларға сенім білдірудің қажеті бар ма, кез-келген қылмыспен әр азаматтың өздері айналысу керек па деген ой келеді?

«Арыз жазғаныммен, оқиға болғанына үш апта өтті. Ешкім бірде-бір рет маған хабарласып, қылмыскерді іздеу шарасы қалай жүріп жатқанын айтпады. Оны күтудің қажеті не? Себебі, қылмыспен күресушілердің пайымынша, бұндай болған, бар және бола береді ғой. Мүмкін олардың кейбіреулерінің өзі қылмыскер шығар?» – деп жазған депутат Ирина Смирнова бір нәрсені біліп айтқан сыңайлы. Себебі сол оқиғадан кейін көп ұзамай полиция қызметкерлеріне қатысты көрініс берген тағы бір келеңсіздік көпшілікке ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық полиция бөлімінің басшысы ұйымдасқан жылқы ұрлығына қатысты деген күдікке ілініп, жазаға тартылды. Қалай дейсіз ғой. Ақтоғай ауданының тұрғындары бірнеше рет полицияға мал ұрлығы жайында шағым түсіреді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері ұрланған жылқыларды іздеген сыңай танытып жүре береді. Шын мәнінде бір ауылдың бас полицейі түнде жылқыларды тіркелмеген, яғни заңсыз қарумен атып өлтіріп, сыбайластарымен ет қабылдау орындарына өткізіп отырған. Ұйымдасқан қылмыстан түскен олжа аудандық полиция бөлімі басшылығының қалтасын толтырып отырған. Осыдан кейін мал ұрлығы қалай тоқтап, ұрылар қалай құрықталсын?

Ұрылардың ұсталмауына ашынған жәбірленушілер прокуратура мен полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданғаннан кейін қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеді деген пагондылар күдіктіге айналып шыға келген. Олар дереу қызметтен шеттетіліп, тергеу мен сот Ақтоғай ауданында емес, көрші Шет ауданында жүрген. Оған себеп – күдіктілердің өз аудандарында қылмыстық істің шынайы жүргізілуіне кері ықпал етеді деп саналған. Қылмысқа қатысты полицейлер үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын арақалады. Сондай-ақ, жазасын өтеп шыққан соң да бес жылы бойы құқық қорғау саласында жұмыс істеуге тыйым салынған. Әрине, полиция бөлімінің басшысы соттың бұл үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен, Рашид Нұмағамбетов төрағалық еткен облыстық соттың апелляциялық алқа мүшелері дәлелдер жеткілікті ден санап, оның шағымын қанағаттандырусыз қалдырған.

Иә, құқымызды қорғайды, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеді деген бүгінгі біздің полициямыздың сиқы осындай. Осыдан кейін өздігіңізше ой түйіп көріңіз: бізді полиция қызметкерлері қолдайды ма, әлде қорлайды ма? Мұндайда аталарымыз «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деп дәлме-дәл айтып кеткен. Сонда қарапайым халық қашанғы ұры-қарыға, қарақшыға жем болып жүре бермек?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *