Біле жүріңіз Қоғам

Қазақ үшін Анненков кім?

Атаман ба, қандықол қарақшы ма?

Қазақта «Керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алға шығар» деген бір керемет сөз бар. Сол айтқандай, бұрын бүтін ұлтқа жау болғандар, бүгінде халыққа қаһарман ретінде таныстырылуда. Әлдекімдер орыс генералдары —  Колчак, Деникин, Анненковтарды қара халықтың қамын ойлағандарға теңегісі келеді. Бірақ бір елдің батыры бір елге қара түнек төндірген қарақшы болуы мүмкін. Біз оны естен шығармауымыз керек. Соңғы кездері Ресейде қызыл армиямен күрескен генералдар мен атамандарды ақтап алуға тырысуда. Соның бірі Анненков жайлы қанды, қасіретті тарихи оқиғалар ел арасында өте көп.

Ғаламторды ақтарып отырып Baqyt Osserдің парақшасынан  Анненков туралы жазбаны көзіміз шалды. Онда былай делінеді: «Ол патшаны тақтан тайдырған большевиктерге қарсы күресті Сібірде бастап, Қазақ жерінде аяқтаған. Әсіресе Жетісу мен Шығыс Қазақстанда жасаған адам шошырлық айуандығы өте көп. Ол Жетісу бойындағы қазақ ауылдарын шауып, қырып-жойып, ермек үшін балалар мен әйелдерді азаптап өлтіріп, ерлерді тірідей жерге көміп, сайтанның ойына да келмейтін сан зұлымдықты іске асырған.

Мысалы, Жетісу өлкесінде Анненков екі жыл бойы билік етеді. 1919 жылы ол қазіргі Қабанбай (бұрынғы Андреевка) өлкесіне шабуыл жасайды. 16 маусымда Тентек өзенін бойлап жүріп, сол маңдағы 5 ауылды басып алады. Жергілікті тұрғындарды аяусыз қырады. 1919 жылдың жазында Үшаралдағы большевиктік идеологияға қызмет етуде деген желеумен еркектерді қырып салады. Өз көрлерін өздеріне қаздырып, тірідей көмеді. Кейбірінің басын ғана шығарып қойып, азапты өлімін сағаттар бойы тамашалап отырған деседі.

Тағы бір деректе Анненковтың көлікпен қоян, ит, мысық, тіпті адамды мыжуды жақсы көргенін, ермек санайтыны айтылады. Анненковтың жеке жүргізушісі болған Алексей Ларин: «Анненков іші пысқан сәтте қазақ ауылдарына барып, жергілікті халықты көлікпен қуып жүріп таптайтын, тіпті кейде жас балаларды жинап алып, өз сұмдығын жүзеге асыратын» дегенді тергеу барысында айтқан. Кейде ол қылмысты өз әскерлеріне жасатып, өзі масаттанып қарап отыратын. 1920 жылы большевиктерден түбегейлі жеңілгенін сезген Анненков Қытай жеріне өтіп кетуді жоспарлап, шығыс бағытқа бет бұрады. Шығыс Қазақстандағы жүздеген ауылдарды өртеп, халқын жол бойы қырып кеткен қандықол жендет Алакөл бойында 3800 қазақ және өзіне еруден бас тартқан казак жасағын пулеметпен жайратып салады. Анненков Қытайдан 1924 жылы ұсталып әкелініп, 1927 жылдың 27 тамызында атылады.

Ең сорақысы, бүгінде Ресейде Анненковты ақтау және оны тарихи ұлы тұлға ретінде қайта жаңғырту мәселесі қатты жүріп жатыр. 1999 жылы 7-қыркүйекте Ресейдің Әскери Соты Анненковты ақтау туралы өтінішті кері қайтарған. Алайда, 2017 жылдың 6 желтоқсанында тура осындай өтініш қайта жасалыпты. Солтүстіктегі көршіміз тарихтан сабақ алмайтын сияқты».

Тарихта геноцид жасағандар болады. Оларды бір мемлекет ақғанымен бүкіл дүние жүзі бетіне түкіреді. Сондықтан Қазақстан билігі Ресейдің атаман Анненковты ақтап, оны халық қаһарманына айналдыруға қарсы сауатты түрде наразылық таныту керек секілді. Әйтпесе ертең бәрі де кеш болуы әбден мүмкін. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *