Біле жүріңіз

Өзбекстанда «көпұлтты ел» деген сөз айтылмайды

Қазақстан экономикалық тұрғыдан Орта Азия мемлекеттерінің ішінде алдыңғы қатарда екені талассыз. Бірақ ұлттық мемлекет құруда мақтана алмаймыз. Өзгені айтпағанда ең жақын көрші — өзбек ағайындардың өзі бұл мәселеде бізден оқ бойы озып тұр. Өзбекстаннан көшіп келген қандас бауырымыз, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмшінің «Abai.KZ» сайтында осы мәселені қаузаған мақаласы жарық көріпті. Көтеріп отырған мәселе өзекті болғандықтан, сол мақаланың қысқаша нұсқасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.                                                 

«Өзім Өзбекстанның Тамдыбұлақ ауданында туып өскен жанмын. 1991 жылдың 31 тамызында Өзбекстан Тәуелсіздігін жариялады. Ташкент былай тұрсын, шалғайдағы біздің ауылдың өзінде 1 қыркүйектен бастап билік кеңестік кезеңнен қалған В.Ленин, Карл Маркс, Фридрих Энгельс деген көшелерді ауыстырып жатты. Біздің мектептің аты В.И.Ленин еді, Руов болып өзгерді. Кешке барлық телеарналардан Ислам Каримов былай деді: «Бұдан былай біз ұлттық мемлекет құрамыз, сондықтан кімде-кім өзбек тілінде сөйлеп, өзбек ұлтын жақсы көретін болса, Отанымыздың дамуына өз үлесін қосқысы келсе мархабат. Ал егер де ондай ойы жоқ болса, әзірге шекарамыз ашық, қалаған жақтарыңызға кетуге болады. Бірақ, кейінірек шекара жабылады, кету қиынға соғады».

 Өзбек өзін «көпұлтты елміз» деп айтпайды

Мемлекетте өзбектендіру машинасы жедел түрде барлық салада қарқынды жұмыс істей бастады. Қазақстанда бар ұлттар Өзбекстанда да бар. Бірақ, олар ешқашан «Біз көпұлтты мемлекетпіз» деп айтпайды. Мемлекетті құрушы ұлт – өзбек екенін өзге ұлттың өкілдері саналы түрде түсінеді. Сондықтан да Өзбекстанда өмір сүрген соң оның тілін, салт-дәстүрін, тарихын түбегейлі білуге тырысады, өзбекше білмейтін адамды көшеде кездестірудің өзі – фантастика. «Орыс, ағылшын, қытай тілдерін үйреніңдер» деп үгіттеп жатқан бір адамды көрмейсің. Бәрі керісінше, Президент Ислам Каримовтан бастап, етікшіге дейін тек өзбекше сөйлейді. Тіпті, Африкадан келген оқушылар бір-екі жылда өзбекше сайрап кетеді. Қазақстандағыдай оларға «тілдеріңді дамыт, салт-дәстүрлеріңді ұмытпаңдар» деп жеке-жеке ғимарат салып беріп жатқан бір өзбекті көре алмайсың. «Ассамблея народов Өзбекстана» деген сандырақ сөздің өзі ерсі естіледі.

Толерант – космополит болудан қазақтар әлем чемпионы. Жағымпаздық пен саудагерліктен өзбектер мен ұйғырлар жолда қалды. Арақ ішу мен темекі тартудан орыстардан озып кетті. Көрінген көк аттыға байға шығу мен кім көрінгеннің қызын үйге алып келуден алдына жан салмады. Өзбекстанда адамды аздыратын жасанды түсік жасайтын емханалар атымен жоқ. Түнгі клубтарда гейлер мен қызтекелер стриптиз көрсету, жынысын өзгерту, бір жыныстылар үйлену немесе бала асырап алу, шетелге бала сату, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастау, кәмелет жасқа толмаған балаларды зорлау, байға шықпай жатып, мектеп қабырғасында оқып жүріп бала табу деген келеңсіздіктер өзбектердің үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

 Ата-анасын қарттар үйіне апару — өліммен тең

Балалар үйлеріне балаларын өлсе де апармайды. Тек Ташкентте ғана өзге ұлт өкілдерінің балаларын мемлекет өз қамқорлығына алып, барлығына өзбек есімдерін беріп, өзбек тілін үйретіп, өскеннен соң әскери оқуларға емтихансыз қабылдап, адам болып кетуіне жол ашылған.

Өзбекстан бойынша 700-ден астам мешіт болса, астанасы Ташкентте ғана крестьяндарға арналған бір ғана шіркеу бар. Қазақстанда кім көрінгенге шіркеу салып бере береді және қазақтан басқаның бәрін қорғайтын заңдар бар да, ал қазақты қорғайтын заң жоқ.

 Өзбекстанда үш мереке ғана бар.

31 тамыз – Тәуелсіздік мерекесі. 21 наурыз – Самарқандтың көк тасы еріген, күн мен түннің теңесуі. Үшінші мереке — Құрбан айт. Ол әр жылы өзгеріп тұрғандықтан, үш күн арнайы демалыс жарияланады. Ал біз де ше? Қып-қызыл шығын, таусылмайтын, бітпейтін той-думан…

Абайдың айтқан «мал шашпағы» болып шыға келмей ме? Біз бен сіздің салығымыздан жиналған қайран ақшалар-ай. Доллардың тұрақсыздығы, жаппай жұмыссыздық, 25 жылда дені сау бір завод немесе бір фабрика жұмыс істемейді, тек шикізатқа тәуелді елге айналғанымызды білмей де қалдық…».

 Жұмамұрат Шәмшінің айтып отырғандары шыңғырған шындық па, әлде сандалған сандырақ па, оны оқырмандардың өздері ажыратып алар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *