Әлеумет

Жаңашыл ұстаз

Жарқын болашағымызды тәрбиелі де білімді ұрпағымыздан күтетін біздер осы мақсатқа қол жеткізуде көп тер төгетініміз белгілі. Әрине, мұны ұстаздарсыз іске асыру өте қиын. Сол себепті бүгінде мұғалімдердің мәртебесін көтеру мықтап қолға алынды. Соған сай ұстаздар қауымы да жауапкершілік жүгін сезініп, сапаға жұмыс істеу қажеттігін сезінетіні сөзсіз. Бүгінде осы мақсатта тер төгіп жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – Келес ауданындағы Т.Бердияров атындағы мектептің мұғалімі, 1 «ә» сыныбының жетекшісі Бауыржан Сейделханов.

Жаңалыққа жаны құмар әріптесіміз өз сабақтарында оқудың жаңа оқу тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың белсенділігін арттырып, білімін еселей түсуде. 13 жыл еңбек өтілі бар ол 2015 жылы ІІІ базалық деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсын аяқтап, сертификатқа ие болған.

Жаңашыл ұстаз Бауыржан Ваккасұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай бірінші сынып оқушылары арасында жыр шумақтарын жазудан сайыс ұйымдастырды. Әрине, бірінші сыныптың оқушысы қандай өлең жазады деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, ұстаздарының берген тәлімінің арқасында белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп отырған балалардың бар екенін олардың еңбегіне қарап білуге болады. Мәселен, оқушымыз Ақбота Бауыржанқызыөз өлеңін былайша өріпті:  

Абай ата ұнатамыз өзіңді,

Ұлықтаймыз сөзіңді.

Жадымыздан өшпейтіндей жарықсың,

Әрқашан да жадымыздан кетпейсің!

Тағы бір оқушымыз Болат Нұркелді хәкім Абай жайындағы ойын:

Қазақтың қайталанбас дарасы,

Елімнің маңдайға біткен данасы.

Әрбір сөзің бізге өнеге,

Абай ата, ризамыз біз сізге, — деп жеткізеді.

Ал Айдар Кәусар болса:

Абай ата өзің бар,

Өлеңің бар, жырың бар.

Алтын әріп болып біткен,

Нақыл, маржан сөзің бар, — деп түйіндейді.

«Асыл тастан, ақыл жастан» демекші, бірінші сыныптағы үш оқушының бала көңілден туындаған жыр шумақтарын айналасы жұп-жұмыр, жоғары деңгейдегі өлең деуге келе қоймас. Бірақ өз жасымен есептегенде жақсы нәтиже деп бағалауға болады. Ұстаздар тарапынан тәлім-тәрбие осы қарқынмен жалғаса берер болса бүлдіршіндерімізден ертең мықты ақын қалыптасады деп сенгіміз келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *