Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Құрметті азаматтықтың құны қалды ма?

Соңғы кездері «Құрметті азамат» атағы туралы жиі айтылып кетті. Аудан мен облысты былай қойып, «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атақ сатыла бастады. Осындай атақтарға адамдар неге құмар? Олардың беріліп жатқан жеңілдігі жоқ. Зейнетақыға тиын да үлес қоса алмайды. Соған қарамастан адамдар осы атаққа таласып, бір-бірімен қырқысуға дейін барып жатады.

Өткен аптада Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов тұрғындарға жылдық есеп бергенде Серікбай Шаяхметов есімді азамат өзінің қарапайым жұмысшы екенін айта келіп әкімге: «Құрметті азаматтықты» тек қана басшылар ала ма?» – деген сұрақ қойды. Дұрыс, соңғы кездері бұл атаққа кілең шенділер мен шекпенділердің ғана қолы жететін болып кетті. Қарапайым жұмысшының, қырық жыл жұмыс істесе де еден жуушының ондай атақты алу былай тұрсын, ұсынылып жатқанын да естімеппіз.

Жуырда Сарыағаштың тарихы туралы кітапты ақтарап отырсам, жылына 150 адамнан «Құрметті азамат» атанған кездер болған екен. Жағдай бұлай жалғаса берсе бүкіл сарыағаштықтар ауданның құрметтілері болып шығатын шығар. Соны түсінсе керек, кейін азайтыпты. Құрметті азаматтықтың құнын кетірген мұндай көрініс басқа аудандарда да жоқ деп айта алмаймыз. Ал енді «ол атақты алғысы келгендер жергілікті әкімдіктегі, мәслихаттағы тиісті мамандарға белгілі бір деңгейде теңге ұсынады екен» деп айтылып жүрген сөз рас болса, тіпті масқара. Құрметтіліктің құны еткен еңбекпен емес, берген теңгемен есептелетін болғаны ма сонда? Бәлкім, қарапайым адамның бұл атаққа қол жеткізе алмауының құпиясы да осында жатқан болар? Бұлай кете берсе, «Құрметті азаматтықта» не құн қалмақ? Мұны бақылайтын құзырлы орган бар ма өзі?

Біз осы мәселеге орай оқырмандарымызға да сұрау салып көрдік. Отырар ауданының тұрғыны Бекбатыр Әйменов былай дейді: «Емдеу орындарына барсам, «еңбек немесе тыл ардагері деген атақтарыңыз бар ма?» деп сұрайды. Ондай атақты мен секілді адамдардың бәрі алып алған. Бірақ өзім сондайға қызықпайды екенмін. Жылына бір рет 12 күндік сауықтыру демалысына жолдама береді демесең, басқа артықшылығын байқамадым.

Ал, «Құрметті азаматтықта» ондай да жеңілдік жоқ. Бірақ адамдар соған құмар. Не құдіретінің бар екенін білдмеймін, әйтеуір адамдар сатып алса да қол жеткізуга құмартып жүреді.

Бұл сауалға жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі де түсінікті. Қазір адамдар жеңіл келер жеңіс пен түкке керегі жоқ атаққа құмартып алды. Оған қол жеткізу де оңай. Бір жаманы — ол төменнен емес, жоғарыдан бастау алып жатыр. Жерлесім Серікбай Шаяхметовтың: «Құрметті азаматтықты тек қана басшылар ала ма?» дегенді босқа айтып жүрген жоқ. Расында соның керегі қанша? Әкім еңбек етсе – тікелей міндеті. Ол үшін атақ берудің қажеті қанша? Менің ұсынысым – «Құрметті азаматтықты» әр сала бойынша үздіктерге, мейлі ол қарапайым жұмысшы болса да беру керек. Сондай-ақ, үміткерлерді таңдау депутаттар мен әкімдіктегі санаулы адамдарға ғана жүктелуі дұрыс емес. Жергілікті басылымдар, әлеуметтік желілер арқылы әр саладан үміткерлер ұсынылып, еткен еңбегі халықтың талқысына салынуы тиіс. Сонда ғана әділдік салтанат құруы, «Құрметті азаматтықтың» құны артуы мүмкін».

Әрине, оқырманымыздың пікірін қолдауға болады. Бұл ұсынысты атақ берумен айналысатын азаматтардың да қаперлерін алғандары дұрыс-ау. Әйтпесе, жыл санап «Құрметті азаматтықтың» құны қалмай бара жатқаны жалған емес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *