Басты жаңалықтар Мәселе

Бала құқын қорғау — немқұрайдылықты көтермейді

Немесе Келестегі келеңсіздіктерге кім жауапты?

Жуырда Елордада Білім және ғылым министрлігі үлкен жиын өткізген болатын. Еліміздегі барлық білім бөлімдері мен басқарма басшылары қатысқан осы алқа отырысында бала құқы кеңінен қозғалды.

Әрине, бізде жоғары мінберлерде әдемі әңгімелер көп айтылады. Олардың сөзін тыңдап отырсаңыз елдегі жағдайдың барлығы тамаша, кемшілік жоқ секілді көрінеді. Өкінішке қарай қоғамдағы шынайы өмір мінбердегі әңгімелерден өзгерек. Жоғарыда айтылған бала құқын қорғау былай тұрсын, ол кейде аяққа тапталып та жататын кездер болады.

Бала құқының бұзылуы жайлы айта бастасақ, ойымызға бірден Келес ауданы орала кететіні бар. Неге? Бұл сауалға жауап іздесек, қайбір жылы зорланған оқушының тағдыры көз алдымызға келе қояды. Ол оқиғаның дүбірі алысқа ұзап, тіпті, Елбасының құлағына жеткені естен шыға қоймады. Осыдан кейін «Келесте енді мұндай келеңсіз оқиға қайталанбайтын шығар» деп ойлағанбыз. Әрине, жасөспірімнің зорлануын Жаратушы иеміздің өзі бетін аулақ етсін. Десек те, Келесте бала құқының бұзылуының басқа да жайттары орын алуда. Айталық, өткен жылдың соңында ата-анасының ажырасуы салдарынан ана тәрбиесінде қалған перзенттердің тағдыры алаңдатарлық жағдайға түскен екен. Мәселенің мән-жайы түсінікті болуы үшін аз-кем мәліметке кезек берелік.  

2019 жылдың 13 желтоқсанында түзіліп, бірнеше лауазымды тұлға қол қойған арнайы комиссияның №20 хаттамасында былай делінген: «13.12.2019 жылы Келес аудандық полиция бөліміне арыз түсіп, онда Ошақты ауылдық округі, Жиделі ауылының тұрғыны С.Мырзабеков ұлдарының қараусыз қалуына байланысты өз қарамағына тәрбиелеуге алу үшін шешім қабылдауын сұранған».

Арызда «балалар бүгінгі таңға дейін анасының қарауында болып, өзінің олар үшін алимент төлеп отырғанын, ал анасы Р.Сейдулла басқа азаматқа тұрмысқа шығуына байланысты балалар ешқандай құжатсыз, сенімхатсыз нағашы аталарының тәрбиесіне қалдырылғаны» көрсетілген. Содан желтоқсанның 12-күні екі ұлы күндізгі сағат 16:30-дар шамасында нағашы атасының үйінен қашып шығып, Абай ауылындағы «Ердәуіт» автобекетіне келген. Сол жерде әкелерімен телефон арқылы байланысқа шығып, өздерінің нағашы атасының үйінен қашып кеткенін және өзімен бірге тұрғысы келетіндерін айтқан.

Балалардың анасы Р.Сейдулла балаларды қыркүйек айында нағашы атасының үйіне қалдырып, «жұмысқа кеттім» деп, содан қайта оралмаған. Тексеру барысында оның бүгінгі таңда тұрмыс құрып, Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқаны анықталған. Ал нағашы атасы болса балаларға тәрбиелеу мақсатында ұрысқанын мойындаған.

Мұны біреу тұрмыстық жанжалға, атаның немереге ұрысқанына балауымен шектелуі мүмкін. Бірақ балалардың үйден қашып шығып, әкесінен көмек сұрауы талай жайттан хабар беріп тұр емес пе? Осыдан бір жыл бұрын Жетісайда өгей шешенің қыздарға не істегенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Сол жағдайды да алдын ала байқамай, жол берген біршама лауазымды адамдар қызметтен қуылып, талайы сөгіс арқалаған болатын. Бұл оқиғада да балалар үйден қашып шығып, өздерін келер қауіптен арашалап алмағанда соңы не боларын ешкім білмейді. Дегенмен, осы олқылыққа жол бергендер жазасыз қалмады. Аудандық білім бөлімінің маманы Бекмұрат Тастеміровтың айтуынша, Қожанов атындағы мектеп директоры Әлібек Қадырбаев баланың сынып жетекшісіне сөгіс, тәрбие жөніндегі орынбасарына ескерту берген. Ал, директордың өзіне қандай шара бар? Бала құқының бұзылуына жол берген басшыға шараны кім көреді? Біз бұл сұраққа жауапты Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевтен күтеміз.

Әрине, оқырманды балалардың қазіргі жағдайы толғандырып отырған болуы мүмкін. Сондықтан біз осы мәселе бойынша жуырда аталған білім ордасына бардық. Директор Ә.Қадырбаев екі оқушының бүгінгі таңда киімі таза, тамағы тоқ екенін, аналарының өз үйіне қайта оралып, бала тәрбиесін қолға алғанын айтты. Мектеп тарапынан да көмек болатынын жасырмады.

Мына жауапты есітіп, көңіліміз жайланған біз қайтпақ болып, сыртқа беттегенімізде мектептің кіре берісінде екі оқушы төбелесіп жатыр екен. Есік алдындағы күзетшінің ештеңемен жұмысы жоқ. Керісінше төбелесті тамашалап отырған адамдай алаңсыз күйде. Апайлары ма, әлде жоғары сыныптың оқушысы ма, әйтеуір бір қыз екі баланың арасына түсіп, бәйек болып жүр. Қасына барғанымызда «анау ғой, тиісіп қоймайды» деп зар еңіреген баланы директордың кабинетіне қайта алып кірдік. «Оқушылардың тәрбиесіне жауапты орынбасарларыңыз бен мамандарыңыз қайда? Осылай төбелесіп жүріп, біреуі майып болып қалса не болмақ?» деген сауалымызға директор нақты жауап бере алмады. Бала құқын қорғау немқұрайдылықты көтермейді емес пе?!  

«Ақылды өзгенің қателігінен, ақымақ өзінің қателігінен сабақ алады» демекші, әркім өзінің емес, өзгенің қателігінен сабақ алып үйренгені қандай жақсы. Ендеше, үлкен қателіктердің алдын бүгін алмасақ, ертең сан соғар жағдай қалыптасуы әбден мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *