Өмірдің өзі

Түремшіктің табалауы

Сотталған мерзімі аяқталуға жақындап, елге қайтудың қамын ойлап жүрген Салхаудың назары бір күндері түр-түсі қазаққа ұқсайтын кексе жанды байқап қалды. Қасына барып жөн сұрасса, Қарағандыдан келген ноғай екен. Қазақшаны мүдірмей сөйлейтін бұл кісі жергілікті ұлт өкілдерінің арасында өсіп, мектепте де мемлекеттік тілде оқыпты.                                                        

            — Қандай қылмысың үшін сотталдың? – деген бұның сұрағына қолын бір сілтеген әлгі Минур есімді жігіт:

            — Ақымақтығым үшін, дәлірек айтсам, сараңдығым үшін сотталдым, — деді күйінішін жасыра алмай. Оның жан жарасын жаралап алмас үшін Салхау да әңгімені ары қарай қозғамады. Арада біраз күн өткенде бұның қасына келген ол басын шайқай отырып:

            — Бұл әлемде мендей ақымақ адам жоқ шығар, — деді іштегі запыран өкінішін шығарып.

            — Сіз басыңызды шайқай бермей, болған жайды асықпай түсіндіріп айтыңызшы, — деді Салхау.

            — Айтсам, былай ғой. Соғыстан соң сауда саласының маманы ретінде үлкен дүкенде сатушы болып істедім. Майданда алған орден-медальдарымның буына мастана жүріп ақшаны оңды-солды шашыппын ғой. Күндердің күнінде әйелімнің тынымсыз қыңқылдай беруінен кейін онымен бірге дүкенде есеп-қисап жүргіздік. Сөйтсек, сұмдық. Құдайдың тас төбемнен ұрғанын сонда бір-ақ білдік. Өзімді мақтап отырып дүкенде арақ ішкендерден ақша да алмайды екенмін ғой, осы күндері ойлап отырсам. «Енді не істеуім керек?» деп салым суға кетіп жүрген сондай күндердің бірінде дүкенге келген бір кексе орыс кісі оңаша қалғанымда бетіме қарап тұрып:             

            — Дүкеніңде көп жетіспеушілік бар екен-ау ә? — дегені. Өзіне таңдана қарағанымды байқап, жан-жағына сақтана бір қарап алды да:

— Иә,  ұнжырғаңның түсіп кеткенінен-ақ біраз жайды аңғарып тұрмын. Қаласаң, сені бұл тығырықтан оп-оңай шығара аламын, — десе бола ма. Табан астында әлгіге не айтарымды білмей қалыппын. Екі-үш күннен бері дүкеннен бір шиша араққа қоса тіскебасарын молынан алып жүрген оның үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас екенін шамалайтынмын.

            — Иә, айта бер, мені қайтіп құтқармақшысың? – дедім ғой мәселені әлі де жөнді түсінбей.

            — Мәселе былай, — деді ол сыбырлай сөйлеп. — Мен жолы болмаған түремшікпін. Өмірімнің көп жылы абақтыда өтті. Түрмеден шыққаныма үш күн болды. Мені іздейтін ағайын-туыстардан ешкімім жоқ. Енді қайда барып, не істейтінімді білмеймін. Ең жақсысы, өз үйімдей болып қалған түрмеге қайта барғаным дұрыс. Ол жерде жатар орның мен үш мезгіл тамағың тегін. Өзіңді бәле-жаладан қорғап, сыртыңнан күзетшілер қарауылдап тұрады. Одан артық маған не керек?

            —Неге олай дейсің? Адал еңбекке аралассаң, бәлкім өз теңіңді тауып, үй болып кетерсің. Құдай берсе бала-шағалы да боларсың. Неменеге ұнжырғаң соншама түсіп кеткен, еркек деген атың бар емес пе? — дедім алдағы күндеріне үміттендіріп, әрі намысын қайрап.

            — Жә, сөзді қой! Біз сияқтылар атымыз еркек болғанмен, затымыз еркек болмай қалған. Одан да істің тоқетеріне көшсек, былай. Өзім алматылық болған соң түрмеден шыққанымда «жол қаражатына» деп берген ақшаны үш күннен бері армансыз ішіп-жеп тауыстым. Енді былай істейік, мен түн ортасында дүкеніңе  ұрлыққа түсейін. Маған деген екі жүз сомды (сол кездегі өлшеммен екі айлық жалақыға тең) анау қобдишаның астына «тығып қой». Мен ол ақшаны және төрт-бес шиша арақты тіскебасарымен қоса алып, біраз күн армансыз «гүләйттайын». Бұл екі арада ұрыны іздеген милициялар мені тауып алар. Мен ұрлыққа түскенімді жалтармай бірден мойындаймын. «Ол жерден қанша ақша алдың?» — дегендеріне «Санағам жоқ, бірақ қойын-қонышымды толтырып көп ақша алғаным рас. Оларды мас болып жүріп қайда жоғалтқанымды да білмеймін», — деп жауап беремін. Ал сен өзіңдегі кем-кетік ақшаның бәрін маған жаба бер, одан  келіп-кетер ештеңе жоқ, — деді мені сендіріп. Сөзіміздің соңында осыған бәтуаласып, қол алыстық.

Сонымен не керек, сол жерде мені сайтан түртіп, дүкендегі бар ақшаны өзім алдым да әлгі түремшікке деп келіскен екі жүздің орнына «оған осы да болады» деп, елу-ақ сом қойыппын ғой. Сөздің қысқасы, қалғанының бәрі де біз жоспарлағандай «зың» болып, соттың алдынан бір-ақ шықтық емес пе. Осы жердегі әлгі түремшіктің айтқан сөзін естісең, сұмдық. Мен ақымақ басым бұндай болады деп мүлде ойламаппын ғой. Нәлетінің айтқан сөзі сүйектен өтеді.                          — Мен ұры болсам да адал ұры болдым. Бірақ, тап мынандай оңбаған, екіжүзді подлецті көргенім жоқ. Еркек деген айтқан сөзінде тұруы керек емес пе?! Ал бұл болса мені «лақтырып» кеткісі келді. Мә, лақтырасың! (бұтын көрсетті). Сен еркек емес, қатынсың! Егер сен ол жерге екі жүз сомды қойған болсаң, барлық шығыныңды мойныма алар едім. Ал енді мен алған бес бөтелке арақ пен елу сомды да өзің төлейсің, подлец! — деді нықтап.

Сол жерде оның мені табалап айтқан сөзіне күлмеген адам қалмады-ау сірә. «Өзіме де сол керек. Осы өкініш мені жегі құрттай жеп, жатсам да, тұрсам да ойымнан бір шығар емес. Сот үкімімен ол төрт жылға кесілсе, мен ұрлыққа қатысқаным үшін және мемлекеттің қаржысын аса көп мөлшерде талан-таражға салғаным үшін он жылға сотталды», — деді өкінішпен. Сөзінің соңында: «Ал, қарағым Салқау, орыстарда «Умные люди учится и на чужих ошибках»  деген сөз бар. Өзің жас екенсің, менің мына өмірбақи күйіп өтер күйінішім саған да сабақ болсын», — деді ауыр күрсініп. Тап сол жерде бұл оны жұбатар сөз таппай қалған еді. Иә, темір торға тоғытқан тағдырларды қойсаңызшы…    

…1946 жылдың ерте көктемінде Салхау елге қайту қамына кірісті. Бұл туралы ойын осындағы сүйіктісі Аннаға айтқанда ол аса бір қимастықпен:

─ Иә, өзіңді күтіп отырған ата-анаңды тастап, осында қал, ─ деп айта алмаймын. Ол жаққа баруға кәрі әке-шешемді тастап мен де бара алмаймын. Олар да «Оңтүстіктің ми қайнатар ыстығына Сібірдің суығында өскен сен шыдай алмайсың», ─ дегенді айтып отыр. Сірә, бізді тағдыр қоспайын деген шығар, ─ деген еді жанарына ілініп қалған жасты жасыра алмай.

Жаз шыға Салхау еркіндікке шығып, еліне қайтты. Темір торда өткізген қайран он жылы-ай. Осынша жылдан бері шын қуанудың қандай екенін білмейтін Шая ананың шаңырағында бір-ақ күнде шаттық орнады. «Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды, жер жарылды, көк шықты», ─ деді қуанышына ортақтасып келгендерге біресе күліп, біресе жылап отырған Шая апа. Ал Салхаудың алдынан жүгіре шығып, мойнына асыла кеткен бойжеткенді алғашқыда танымай қалды.

─ Аға, есіңізде ме, мына өлеңді айтушы едіңіз ғой? — деген қарындасы Мәкештің бойын қуаныш кернеп, әндетіп қоя берді:

─ Мәкеш, Мәкеш деседі,

Мәкеш қашан өседі?

Жаратушым жар болса,

Жайыменен өседі.

Аққу едің көлдегі,

Сұңқар едім шөлдегі.

Амалым бар ма Құдайға,

Әттең, Тәңір, шөлдедім, Мәкеш-ау!..

«Ой, қалқам-ай!», ─ деп айқай салған Салхау қарындасын енді шын құшырлана құшты. Ел аяғы саябырлаған соң түрмеде бақилық болған аталары мен әкесіне Құран бағыштады. Жазықсыз жапа шеккендердің наласы жіберсін бе, баяғы белсенді ағайындарының бірі соғыстан оралмаса, енді бірі елде ауырып дегендей, ешқайсысы тірі қалмапты.

…Салхау көп ұзамай Бадам МТС-іне учаскелік агроном болып орналасты. Бұрыннан елгезек жан қолынан іс келетінін көрсетті. Колымадағы «Дитрихтің мектебінен» өткен ол ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленіп тұратын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *