Әлеумет

«Абайдың «Толық адам» ілімінің жүйесін таптым»

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор:

— Мекемтас аға, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен елімізде ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталып кетті. Абайтанушы ретінде осы руханият мерекесіне қандай үлес қосу жоспарыңызда бар?

— Қазір дүниетаным өзгерді. Бұрын біз төбемізге көтеріп жүрген атеистік, материстік көзқарас жалған болып шықты. Бұған дейінгі еңбектердің барлығы бір Алланың бар екенін дәлелдеп берді. Сондықтан бүгінгі ғылым дағдарыста. Қайда барарын білмей, қаңғалақтап қалған қаңбақ сияқты. Жүйе бірден өзгеріп кетті. Ал, Абайдың өзі осы өзгеріске ыңғайланған діндар ақын. Оның діндарлығы молдалық емес, дін тарихын терең білуінде. Ислам дінінің, басқа діндердің шығу тарихынан бейхабар болғандықтан Абайды зерттеу кейінгілерге қиынға соғуда. Жазушы Мұхтар Әуезов «Абайдың Батысынан, Шығысы басымырақ» деген. Бұрын біз Абайды атеист, материст ретінде тануға мәжбүр болсақ, енді зерттеу бағыты ұлы санаға қарай бұрылды. Бұл, әрине өте жақсы. Ақын мерейтойы қарсаңында осы күнге дейін зерттеген еңбектерімнен құралған он бес томдық кітапты ұсынудамын. Мемлекет тарапынан оған қаржы бөлінді.

Екінші жаңалық, Абайдың «Толық адам» ілімі туралы кішкентай ғана екі томдық кітапты қайта-қайта оқып, жүйесін таптым. Жүйесі табылғаннан кейін  «Толық адам» туралы монография дүниеге келді. Бұл еңбек те он бес томға енгелі баспада даяр тұр, жақында жарияланады. Енді бүкіл қазақ жастарын сол іліммен оқытып, рухани тазартуымыз керек. 

— «Толық адам» ілімінің маңызы мен ерекшелігін зерттей келе қандай тұжырымға келдіңіз?

— «Толық адам» ілімінің тамыры терең, тарихы алыста жатыр. Біздің заманымызға дейін Ү-ҮІ ғасырда «ахи» ілімі пайда болған. «Ахи» сөзі жомарт деген мағынаны білдіреді. Біз ХХІ ғасырға дейін осы іліммен сусындап келдік. Он бірінші ғасырда Әл-Фарабидің «Парасатты адам» ғылымы жасалды. Одан кейін «Құтадғу білік», ХІІІ-ХІҮ ғасырда Яссауи ілімі, одан кейін Абайдың «Толық адам» ілімі, ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің «Ар ғылымы» шыққан. Адамгершілік тақырыбын қаузайтын бұл деректер ар ғылымының бізде алты сатысы болғанын айғақтайды. Ал, біздің заманымызға дейінгі бес жүз жылдықта «Оқымысты адам» ілімін көкке көтеріп жүрген қытайлардың өзінде кейін «Конфуций ілімі» шықты да әрі қарай ол дамымай, тоқтап қалды.

— Ұлы ақынның өлең жазудан бөлек толғанысты шығармалармен айналысуына, оның ішінде «Толық адам» ілімін жазып шығуына не түрткі болды деп ойлайсыз?

— Мұндай ілім басқа халықтарда жоқ. Ұлы Ресей империясы бізді жер бетінен соғыссыз жаулап алуды, жоюды мақсат етті. Қолдан аштық ұйымдастырып, халықты қынадай қырды. Жерімізге қол салды. Зиялыларымызды атты, бай-бағландарымызды кәмпескеледі. Әуелі төте жазу, латын жазу, кейін кирилл харпіне көшіріп, жазуымызды өзгерту арқылы тарихымызды тұмшалады. Тарихын білген елдің рухы оянып кетеді. Ал, біз көпке дейін санамыз оянбай, мәңгүрт болып жүрдік. Абайдың «Толық адам» ілімі неден пайда болды деген сұрақ осы жерде туындайды.

Патша үкіметі қазақ жеріне болыстық сайлау жүйесін енгізді. Ол жүйені Сырдария генерал-губернаторы Николай Грудокев жасап шығарып, «сексеуіл әдісін» алғаш рет Түлкібас ауданындағы Майлыкент деген жерде тәжірибеден өткізді. Сібір генерал-губернаторы М. Сперанскийге жазған хатында: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі, отқа салсаң жанбайды, ұрсаң жарылмайды. Ал, өзіне өзін ұрсаң, быт-шыт болады. Соны қазаққа қолданайық» делінген. Осы сексеуіл әдісімен жасалған болыстық жүйемен бірге қазақтың мінез-құлқы бұзылды. Абайға дейінгі моральді, монолитті көзқарасымыз құлдырап, бір-біріміздің жағамыздан алып, айқай-ұйқай, талас-тартыспен арызқой, суайт қалыпқа түсіп кеттік. Бұны Абай көрді, енді халықты бұл тұңғиықтан қалай сақтау керек? «Толық адам» ілімі осылай  жазылды.

— Абайтану ғылымында сіз «Толық адам» іліміне қалай тап болдыңыз? Бөлек ілім ретінде қарастырып, зерттеуіңізге не себеп болды?

— Алғашында бұдан бейхабар едім, тек диссертациялық еңбегімді қорғайтын кезде іздей бастадым. «Толық адам» — бүкіл халықты рухани ағартушы ғылым. Оның жүйесін жілігімен шағып, қолыңа ұстата қояды. Абайдың жолымен біз адамгершілік жолына түсеміз, рухани мәдениет деңгейіне көтерілеміз. «Толық адам» іліміндегідей ой айтқан, руханият дертіне  ғылыми терапиямен Абайдай дендеп тереңдеген жан жоқ. Елдің бәрі Абайды ұлық көріп, мансұқтайтыны сондықтан. Бұл ілімді кейбір адам қаншама жыл оқыса да түсінбеуі мүмкін, соны мен талдап ұсындым.

Абайдың өзіне тән терминдерді жиырма жылдан бері зерттеудемін. Бірақ, бұл тақырыпта әбден өзіме өзім сенген шағымда ғана қолға қалам алдым. Оны  сенбей жазуға болмайды. Қазір бұл еңбекті еліміздегі сегіз бірдей жоғары оқу орыны оқытуда. Түбінде бүкіл мектепте, оқу орындарында оқытылады деп сенемін.

— Бүгінгі қазақ Абайды қаншалықты деңгейде тани алды деп ойлайсыз?

         — 1949 жылы Мәскеудегі орталықтан «Космополитизм» қаулысы шықты. Ол құжатта «батысқа бас игендерді де, шығысқа бас игендерді де талқандаймыз» делінген. Осыған сәйкес шығыс туралы мақала жазған адамның басы бәлеге душар болды дейтінбіз. Абайдың Шығысы осыдан жабылды. Орыс пен қазақ әдебиеті туралы екі жүздей кітап жаздық, сөйтіп Абайды орыстың мәдениеті тұлға қылған болып шықты. Ақиқатында, Абайдың дүниетанымына орыстың ешқандай қатысы жоқ. Абай орыстан шығармалар аударған, бірақ өзінің мұсылмандық дүниетаным ұстанымында қалған. Қасым Бисенбиев деген ғалым «Абай — атеист» деген қорытынды шығарды. Кейін мен кандидаттық диссертациямда «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай қалай атеист болады?», — деп, оған тосқауыл қойдым.

Қарасаңыз, ойшыл дананы зерттеушілер көп, бірақ қалыптасқан жүйе жоқ. Әдебиетте қалыптаспаған ғылыми стильді осылайша енгіздік. Ал, Абай мұрасына біз әлі де тереңдеп бара алмадық, оның зерттелетін тақырыбы көп, бірақ, ол үшін тереңнен іздену керек. Шығармаларында философиялық ойлар өріп жүр.

         — Ендеше, осы ізденіске жол салып жатқан ізбасар шәкірттеріңіз бар ма?

         — Қазір абайтану ғылымы Семейден Шымкентке ауысуда. Біздің жігіттер мықты еңбектерін беріп жатыр. Сейдалы Оразалиев «Абай қолданған шежіре сөздер» атты 840 беттік монография дайындады. «Адамзат баласына адамгершілік қайдан келген?» тақырыбын Абай жолымен ізденіп, қорытынды жасаған жас ғалымдар бар. Біз енді осы бағытта ұлы санаға жол салуымыз керек. Сонда Абай мейлінше ашылады. Тың тақырыптарға түрен салып жүрген  Мақсат Оразалиев деген шәкіртім бар. Түбінде абайтану ғылымының негізі осында қаланады. Қазір ғылым қатты дамуда. Өкінішке қарай, ғалымдардың жағдайы жоқ. Жігіттер сол себепті магистратураға келмейді, қыздар тұрмысқа шығып, тастап кетеді.

         — Айтыңызшы, Абайдың өз заманынан озық тууының себебі неде?

         — Абай — текті әулеттің тұқымы. Екіншіден, Құнанбай әулеті ислам дінін терең ұстанған жандар болды. Кеңес өкіметі халқымыздың бүкіл интеллигенциясын құрбандыққа шалып жіберді. Құнанбай ұрпақтарынан еркек кіндік қалдырмады. Бауыржан Момышұлының үйінде мен Абайдың ұлы Тұрағұлдың қызы Мәкен апайды көрдім. Олардың үйіне қымыз ішуге Сұлтанмахмұт Торайғыров келіп тұрғанын айтатын. Ақын ұрпақтарының көбі далада өлді, түрмеге жабылғаны қорлыққа шыдай алмады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *