Әлеумет Қоғам Құқық

Ұшақтың үйіме соғылғанына мені кінәлағысы келеді»

2019 жылдың аяқталуына 4 күн қалғанда Алматыдан Астанаға бет алған «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы Алматы қаласы маңында апатқа ұшырап, Гүлдала елді мекеніндегі бір үйге соғылғаны белгілі. Апат салдарынан 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің 12-сі қаза болған-ды.

Апаттың салдары анықталғаннан кейін ел күтпеген қызық жағдай орын алды. Қайғылы оқиғаға кінәлі аспаннан құлаған ұшақ тиесілі компания басшылары емес, жердегі үйдің егесі екен. Оқиға орын алған уақытта қираған үйдің егесі Ришат Қалыбай қайғылы жағдай болып жатқанда әкімдік немесе әуе компаниясымен соттасу ниетінің жоқ екенін айтқан болатын. Алайда, үй егесі соттасқысы келмегенімен, әуе компаниясы басшылығының ойы басқаша секілді.   

«Үй үш қабат қызыл кірпіштен тұрғызылған, қабырғасы қалың. Мұндай ғимаратқа соғылған ұшақ тұрмақ, танкінің өзі күл-талқан болады. Бұл апатта ұшқыштың еш кінәсі жоқ», – деген әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов үй иесін сотқа берген болатын. Алғашқы сот отырысында үй иесі Р.Қалыбай өзінің қорғаушы жалдауға ақшасы жоқтығын айтқандықтан үзіліс жарияланды. Осыдан кейін «12 адамның өлімін менің мойныма іліп жібермек» деген ойын білдірген үй иесі өзінің қорғаушы тауып, сотқа қарсы талап арыз түсіретінін айтқан болатын. Біз кешегі күні осы жағдайға байланысты Ришад Қалыбаймен хабарласып, сотқа дайындық барысы туралы сұрадық.

«Менің ештеңеден хабарым жоқ, – деді ол кісі. – Біреулер туған-туыстарынан айырылып жатқанда менің үйдің құнын сұрағаным орынды бола қоймас. Үй құласа қайтып тұрғызып алармын деп жүргенмін. Бірақ жуырда мені жауапкер ретінде сотқа шақырғанда таңқалдым. Істің барысына қарасам, аспандағы ұшақтың жердегі менің үйіме келіп соғылуына мен кінәлі болып шығатын секілдімін. «Бек Эйр» әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың талап арызы осыған саяды. Ұшақтың жерде де, аспанда да өз жолы бар. Сонда мен үйімді ұшақтың жолына салыппын ба?

Жер әкімдіктің шешімімен берілген. Мен оны 2014 жылы басқа адамнан сатып алғанмын, яғни адал сатып алушымын. Нұрлан Жұмасұлтанов «Бұл апатта ұшқыштың еш кінәсі жоқ» дегенді алға тартады. Егер ұшқыш кінәлі болмаса, онда техникалық кінәраты бар ұшақты сапарға шығарған компанияның басшыларының өздері кінәлі. Мен не үшін кінәлі болуым керек?

Жер учаскеме заңды түрде мемлекеттік акт алғанмын. Оны әділет басқармасы арқылы тіркеттім. Өзім басқа жерде жеке шаруашылықпен айналысамын. Бес баламыз бар. Ұшақ қиратқан үйден басқа баспанамыз жоқ. Бірақ, бұл үйді уақытша жем-шөп, басқа да заттар сақтайтын қойма ретін пайдаланып жүргенмін. Басында әкімдік қызметкерлері «үйіңнің өтемақысын төлейміз» деген. Мен соларға сеніп жүре беріппін. Талғар аудандық сотына барған әкімдік қызметкерлері «жер заңды, бірақ үй заңсыз» дегенде төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Рас, қаражаттың қолбайлау болуынан үйдің техникалық құжатын ала алмай жүргенмін. Бірақ, оның ұшақ апатына қандай қатысы бар?

Құқымды қорғау мақсатында сотқа қарсы талап арыз беруге мәжбүр болудамын. «Бек Эйр» әуе компаниясынан үйімді қалпына келтіріп беруді талап етемін».

Иә, естімеген елде көп деген осы болса керек. Ертеңгі күні сот «аспандағы ұшақтың апатына жердегі үйдің егесі кінәлі» деген шешім шығарып жатса, таңқалудың қажеті жоқ. Себебі, біздің елде таңқалатын ештеңе қалмады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *