Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Бүлдіргендерін бүтіндеп кетсін!

Қазақта «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деп дөп айтылған ғой. Өкінішке қарай, қазір адамдарда ортақ пайдаланудағы мемлекеттің дүниесіне деген жанашырлық сезім мүлдем жоғалып барады. Көпшілігінің ойында «күл болмаса бүл болсын».

         23 ақпан күні Шымкент қаласындағы Қарабастау тұрғын алабының Қамбар Молдабекұлы көшесінде әлдекімдер тас жолдың екі шетін қазып жатқанын көрдім. Асфальтқа зақым келтіретін болды-ау деген жанашырлықпен жандарына барып, кімдер болатынын, не істеп жатқандарын сұрадық. Өздерін «водоканалдың» адамдарымыз деп таныстырған олар бір үйге су кіргізу үшін қазып жатқандарын айтты. Ойымыздағы ескертуді жеткізу үшін бастықтарының кім екенін білгіміз келді. Біреуі оның есімін Ержан деп таныстырды. Басшымыз қазір келіп қалады деген соң шамалы уақыт күттік. Алайда, ол айтылған уақытта келмегендіктен, біз Шымкент қаласының автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Тұрғановқа хабарласуға мәжбүр болып, орын алып жатқан жайтты баяндадық. Кетерімізде әлгі жұмысшыларға жүргізушілерге, жолаушыларға кедергі болмас үшін қазған жерлерін дұрыстап жамап кетулерін өтіндік. Олар бас изеп қалған.

Алайда, ертеңіне біздің жұмысшыларға да, аталған басқарма басшысына да айтқан өтінішіміздің жар басындағы жаңғырық күйін кешкенін білдік. Неге десеңіз, жолдың екі шетіндегі қазылған орын шұңқыр болып, жердің бетіне шыққан топырақ лай-батпаққа айналып жатыр. Онсыз да тар жолда қарсы беттегі көлікке жол берген екінші машинаның дөңгелегі әлгі шұңқырға түсіп кететіні анық. Түн мезгілінде оны байқамай қалсаңыз, апатқа ұшырауыңыз да әбден мүмкін. Осылайша, шала-шарпы атқарылған шаруа жүргізушілерге жоқ жерден кедергі тауып беріп отыр.

Сондықтан «Су арнасы» мекемесіндегі басшылар, егер осы шаруа Сіздер тарапынан атқарылған болса бүлдірген жерді бүтіндеп кетуге ықпал етсеңіздер екен. Ауыл тұрғындары осыны талап етеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *