Басты жаңалықтар Қоғам Құқық Мәселе

Жемқорлықтың мектептерде белең алуы — қасірет

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрестің түрлі әдіс-тәсілдері қолға алына бастады. Өкінішке қарай, осы мақсатта арнайы агенттік жұмыс істесе де арам шөптей қаулаған дерттің тамырына түбегейлі балта шабылар емес.

Жемқорлықпен күреске сыйақымен қызықтырып, қарапайым адамдарды да жұмылдырғанына біршама уақыт өткенімен, түпкілікті нәтиже байқалмайды. Осы «жұқпалы дерттің» салдарынан қаншама лауазымды адамның қолына кісен салынып, қатаң жазаға тартылса да бұл өзгелерге өмірлік сабақ бола алмай жатыр. Енді, тіпті, шенеуніктерді темір тордың арғы жағындағы өмірмен де таныстыру әдісі тәжірибеге енгізілді. Әрине, бұл олардың тұла бойларын тітіркендіріп, жүректеріне жемқорлыққа деген жиіркеніш сезімін ұялата алса қанекей.

Бүгінде жемқорлықтың тұмсық сұқпаған саласы қалмады деп айтуға негіз бар. Әсіресе, мұндай келеңсіздіктің ұрпағымызға тәлім-тәрбие береді деген білім, дертіне шипа іздегендерге қол ұшын созады дейтін денсаулық және құқы тапталғандардың құқын қалпына келтіреді деген салаларда белең алуы қоғам үшін өте қауіпті құбылысқа айналып барады. Бір кездері Елбасының өзі Оңтүстіке парақорлықтың жайлап кеткенін, мектепке еден жуушы болып қабылдану үшін де пара беру керектігін ашына айтып, сол кездегі облыс басшысына мұндай жаға ұстатар жағдайларды тез арада тоқтату керектігін тапсырған болатын. Бірақ, содан кейін бұл саладағы сыбайластыққа ноқта салынды деп айта алмаймыз. Керісінше, көбейіп бара жатқан секілді көрінеді бізге.

Біздің бұлай деуімізге себеп болатын жайттар жетерлік. Айталық, редакциямызға соңғы бір айдың ішінде үш адам мектептердегі жемқорлық жайында шағым айтып келді. Оның бірі осы кезге дейін газетімізде жарық көрген Ордабасы ауданы Қайнар ауылындағы М.Әуезов мектебінің ұстазы Гүлдана Шотаева болса, екіншісі Түркістан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Қымбат Әбдреева. Үшіншісі арыз иесі — Отырар ауданы Бестораңғыл елді мекеніндегі А.Жармұқанметов атындағы бастауыш мектептегі жемқорлық дерті туралы айтыпты.

Әуелі соңғы айтылған арыздан бастар болсақ, онда қойлы ауылда мал бағып жүрген Серікбай Тәуірбай мен оның баласы Ақәділ Қасымбек өздерін әлдекімдердің сырттарынан аталған мектепке жұмысқа қабылдап, аттарынан айлық алып отырғанын кеш білгендерін айтады. Яғни, олар зейнетақы қорына ақша аударылып тұрғанын білгеннен кейін барып, оның себебін анықтауға тырысады. Қылмыстық әрекетті әшкерелеу үшін құзырлы орындарға арыз да жазған. Бұл мәселеге А.Жармұқанметов мектебінің меңгерушісі Замира Мейрамханованың қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Себебі басшы ретінде оның кімдерді жұмысқа алғанын, кімдерді қабылдамағанын және кімдердің жұмысқа келіп, кімдердің келмей жүргенін білмеуі мүмкін емес қой. Олай болса, жұмысқа қабылдау туралы өтініш жазбаған адамға қалай жалақы төленіп тұрғанынына басшы ретінде З.Мейрамханованың жауап беруі тиіс. Егер ол біле тұра бұл заңсыздықтың алдын алмаса сыбайластыққа қатысы бар деп күдіктенуге негіз жоқ емес.

Ал, Ордабасы ауданындағы М.Әуезов мектебіндегі ұстаздардан ақша жиналып, жалған сертификат таратылған деген әңгіме бұған дейін де айтылған болатын. Әзірге бұл дау төңірегінде сот процесі жүріп жатқандықтан, жемқорлыққа жол берілді деген оқиғаға қатысты мағлұматтарға кейінірек кеңінен тоқталатын боламыз.  

Үшінші шағым, яғни киелі Түркістан қаласынан келген Қымбат Әбдреева мектепте себепсіз ақша жиналатынын ашына айтады. Ол өз сөзін дәлелдеу үшін ақша жиналған мезетті бейнетаспаға түсіріп алған. Сол бейнетаспада мұғалімдерден ақша жинап отырған адам ол қаражатты не үшін жинайтынын және ол туралы мектеп директорына мәлімет беретінін айтады. Бірақ, бұл таспадағы жазылған бейне заңсыздыққа жол бергендерге қатысты жаза қолдануға себеп болмай отырғанға ұқсайды. Бәлкім, бұған мектеп директоры Гүлбану Өсербаеваның осы кезге дейін Түркістан қаласын үш рет басқарған, облыс әкімінің орынбасары болып, бүгінде Ордабасы ауданының әкімі қызметінде отырған Әліпбек Өсербаевтың бауыры болуының «пайдасы» тиіп отыр ма екен деген сауал туындайды. Алайда, әкімнің бауыры болу заңды белшесінен басып, ойына келгенін істей беруге рұқсат бермейтін шығар.

Жалпы, мектептердегі жемқорлықты ауыздықтауды Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі мықтап қолға алмаса, мемлекет басшысынан бастап осы саладағы барлық деңгейдегі басшылар мұғалімдердің мәртебесін көтеруге жанталасып жүргенде мектеп басшыларының бұл мәртебені құрдымға құлатпасына кім кепілд?! Ең қорқыныштысы, облысымыздың білім ордаларында тәлім алып жүрген жеткіншектер білімнің орнына жемқорлықпен ауызданса, болашағымыз не болмақ?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *