Әлеумет Өмірдің өзі

Жалғыз қолмен жан бағып жүр

Бүгінде он екі мүшесі сау бола тұра Үкіметке алақан жаюдан арланбайтындар аз емес. Рас, мемлекеттің көмегі мұқтаж жандар бар, оларды түсінуге болады. Бірақ, бұл өзге азаматтарды жалқаулыққа дағдыландырмауы тиіс. Қазір қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтын заман. Жолын тауып жұмыс істесе, ешкім де аш қалмайды. Тіпті, тағдыр тауқыметіне жолығып, бір мүшесінен айырылғандар да қарекет етіп, қам жасап жүр. Солардың бірі — түлкібастық Қайрат Кендірбаев есімді азамат.

Кейіпкеріміз Қайрат Жүнісұлы Шақпақ-баба ауылында тұрады. 52 жастағы жігіт ағасы жалғыз қолымен болса да жанұядағы 6 перзентін бағып-қағуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген жігерлі жан.

«Жастайымнан тағдырдың ауыр тәлкегін басымнан өткердім, – дейді ол. – Бірінші топтағы мүгедекпін. Сол аяғым мен қолым және бір көзім жасанды, яғни протез. Кейде өздері саусақ қимылдатпай, мемлекеттен қол жа­йып көмек сұрай беретін тепсе темір үзетін жастарға таң қаламын. Еңбек етемін деген адамға бүгінде мүмкіндік көп, барлық жағдайлар жасалған. Мен 2018 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы Шымкент қаласында кірпіш құюдың қыр-сырын қысқа мерзімді курс арқылы оқып, бүгінгі таңда сол үйренген кәсіптен нәсіп теріп жүрген жайым бар».

Тағдырдың сынағына мойымаған Қайрат Кендірбаев 2017 жылдан бастап жалғыз қолымен-ақ кірпіш құйып, сатып жүр. Кәсібін бастаған жылы он бес мың дана кірпіш құйған болса, былтыр отыз мыңнан асырыпты. Тапсырыстың еселеп өсуінің сырын Қайрекең кірпіштің сапасымен тікелей байланыстырады. Әйтпесе, қазіргі таңда мұндай іспен айналысатындар аз емес.

Тәуекелге барып, бүгінгі кәсібін бастағанға дейін бірінші топтағы мүгедектікке берілетін жәрдемақыға қарап отырған Кендірбаевтар отбасында алға қойған мақсаттары да жетерлік. Отағасының айтуынша, алдағы уақытта мемлекет тарапынан гранттарға қатысып, қазіргі кәсібін әрі қарай ұлғайтуды көздеп отыр екен. Өзінің туып-өскен Шақпақ-Баба ауылынан құрылыстың әртүрлі бағытына жарайтын кірпіш түрлерін дайындайтын цех пен өз өнімін көтерме бағада сататын құрылыс дүкенін ашуды жоспарлауда.

Қуаныштысы сол, Қайрекеңнің құйған кірпішінің сапасына қызыққандар қатары аудан аумағынан асып, көрші Жамбыл облысының Жуалы ауданынан да клиенттер келе бастапты. Демек, тапсырыс тағы арта түседі деген сөз. Мұндайда оның көмекшілері де көбейетіні айтпаса да түсінікті. Ал оның алға қойған мақсатының нақты және соған жетудегі жігерінің жоғары болуы кім-кімді болса да риза ететіні сөзсіз. Елдің дамуына, өзінің әлеуметтік ахуалының көтерілуіне себепкер болатын нақ осындай іскер жандардың іс-әрекеттері емес пе?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *