Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Полиция апарған ақылы автотұрақта сегіз көлік өртенді

Енді оның сұрауы кімнен?

Азаматтар өз өміріне қауіп төнсе полициядан көмек күтеді. Себебі полицияның міндеті – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңға қайшы әрекеттердің алдын алу. Өкінішке қарай, кейде жағдай басқаша сипат алып жатады. Құқығы мен мүлкін қорғайды деген құқық қорғау саласы қызметкерлерінің өзінен тұрғындардың жапа шегіп жататыны жасырын емес. Редакцияға шағымданып келген Сайрам ауданының тұрғыны Оразбай Жанаманов өзін тәртіп сақшыларынан жәбір көрдім деп есептейді. Полицейлер алып кеткен көлігінен айырылып қалған сайрамдық азамат арызында былай деп жазыпты.

«Мен Сайрам ауданының Қ.Датқа ауылында тұрамын. Өзім жұмыссызбын. 19-қаңтар күні Алматы-Ташкент тас жолында, Әйтеке би ауылының тұсында «Нексия» маркалы автокөлігіммен жол апатына ұшырадым. Оқиға орнына мемлекеттік белгісі 070 «Тайото Королла» автокөлігімен келген Бөлеген есімді жол патрульдік полиция қызметкері құжаттар толтырды. Менің уәжімді тыңдамастан, кешкі сағат 20-21-лер шамасында эвакуатормен көлігімді ақылы автотұраққа алып кетті. Осыдан кейін бірнеше күн жол апаты салдарынан алған дене жарақатыма байланысты ауруханаға қатынап жүрдім. 20-21 қаңтар күндері Бөлегенді іздеп, аудандық ішкі істер басқармасына барып едім, таппадым. Ал 23-қаңтар күні таңертең есімін атамаған бір полиция қызметкері ақылы тұрақта тұрған көлігімнің өртеніп кеткенін хабарлады. Кейін білгенімдей ақылы автотұрақта менікінен бөлек тағы 7 көлік отқа ораныпты. Абайсызда емес, әдейі өртеген. Көліктерге өрт қойған адам да белгілі. Содан бері бір айдан асты, істің не болып жатқанынан хабарымыз жоқ.

23-қаңтар күні полицейлердің шақыртуымен аудандық ішкі істер басқармасына барғанымда олар көліктерді өртеген адамның үстінен арыз жазғызды. Тосын жағдайдан толқып, не болып, не қойғанын түсінбей тұрғандықтан олардың айтуымен жазылған арызға қол қойып беріппін. Содан бері хабар жоқ. Көлікті кім қалпына келтіріп, шығынын кім өтейтінін де білмеймін.

Жол көлік оқиғасынан кейін жүріп тұрған көлігімді қарсылығыма қарамастан алып кеткен полиция қызметкерлері оның дұрыс сақталуына да жауапты емес пе еді? Бірақ өздеріне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкіне жауапкершілікпен қарамаған. Бұл мәселеге қатысты ақылы автотұрақ иелері неге жауап бермейді? Ол жерде күзетші болуы керек емес пе? Сонда олар көлігіме қарамайтын болса, не үшін ақылы автотұраққа апарып, ақы төлеткізеді? Бір емес, сегіз көліктің өртенуіне күзетшілер қалай жол берген? Енді мен көлігімнің құнын кімнен сұраймын?

Естуімізше көліктерді өртеген жігіт түнде автотұраққа мас күйінде келген. Бірақ оны ешкім тоқтатпаған. Күзетші ұйықтап қалғанға ұқсайды. Өртті көше тұрғындары көріп, өрт сөндіру бөліміне хабар берген. Күзетші осы кезде ғана ұйқысынан оянған. Полиция қызметкерлерінің ай     туынша, ендігі жерде көлігімнің құнын оны өртеген адамнан өндіруім керек секілді. Неге мен одан сұрауым керек? Көлігімді ол емес, полиция қызметкерлері алып кетті емес пе? Ендеше солар жауап беруі тиіс. Ал өртеген адамға қандай шара көретінінде менің шаруам жоқ.

Тұрақты жұмысым болмағандықтан мен сол көлікпен жолаушы тасымалдап, нәпақа тауып жүргенмін. Енді полиция қызметкерлерінің жауапсыздығынан материалдық шығын көріп отырмын. Тәртіп сақшыларының жауапсыздығы қарапайым адамдардың құқын қашанғы аяқасты ете бермек?»

Шынында да шытырман оқиға. Сонда қалай болғаны? Ақылы автотұраққа көлікті полиция қызметкерлері мәжбүрлеп алып барады да оның қауіпсіздігіне жауап бермейді. Сонда не үшін ақы төлейді? Ақысы төленгеннен кейін оның жауапкершілігі де болуы керек емес пе? Ал көлікті сақтай алмады екен енді оның құнын не себепті мәжбүрлеп алып кеткен полиция емес, егесі даулауы тиіс? Бұл жерде жәбірленушінің кінәсі не? Осы сауалдарға жауапты Сайрам аудандық полиция басқармасынан күтеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *