Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Асханалардағы ахуал ала-құла

Бүгінде Қытайдан шыққан коронавирус әлемге қауіп төндіріп отыр. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі әзірге дертке дауа таба алмай отырғанын мойындауда.

Мамандар бұл жұқпалы аурудың бірінші кезекте дұрыс тамақтанбайтын азаматтарға қармақ салатынын дәлелдеп отыр. Талғамсыз тамақтанудан туатын дерттен соңғы екі айдың өзінде мыңдаған адам көз жұмды. Бақытымызға қарай Қазақстанда бұл ауру тіркелген жоқ. Бірақ кез келген уақытта есік қағуы мүмкін. Сол үшін сақтық шараларына барынша қатаң қараған жөн. Әсіресе, балаларға абай болған дұрыс. Мамандар аурудың алдын алу үшін жиі-жиі қайнаған су ішіп, дұрыс тамақтануды бақылау керектігін айтады. Әрине, ата-ана оны үйде бақылайтын шығар, бірақ мектепте қалай болады? Балалалар мектепте не ішіп, не жеп жүр?

Жуырда Келес аудандық білім бөліміне қарасты С.Қожанов атындағы мектепте бір емес екі рет болдық. Бір барғанымызда мектеп директоры Әлібек Қадырбаевтың өзі де жанымызда болды. Сонда байқағанымыз, аталмыш білім ордасында Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» туралы №611 бұйрығының орындалуына деген бақылау жоқ секілді. Осы бұйрықта мектеп асханаларында ненің сатылып, ненің сатылмау керектігі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Мәселен, мектеп асханаларында қуырылған тағамдар мен газдалған емдік және емдік-асханалық минералдық, тәтті алкогольсіз сусындарды сатуға болмайды. Бірақ аталған білім ордасында олар еш кедергісіз сатылып жатыр. Бұл жайтты директор да, мектеп мейірбикесі Баршагүл Тоқтамысова да күнделікті көріп жүргенін жасырмайды. Бірақ, мейірбике мұндай тыйымның, дәлірегі бұйрықтың бар екенінен бейхабар секілді.

«Мектеп асханасында кез-келген тағам түрін сата беруге болмайтындығын айтамыз, бірақ бұл сөзімізге жеке кәсіпкер құлақ аспайды. Барлық мектепте осылай сатылып жатыр», – деген мейірбике Б.Тоқтамысова кәсіпкердің алдында дәрменсіздігін білдірді. Әрине, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу туралы тыйым бар. Бірақ, олар да Заңға бағынуы, талап шеңберінен шықпауы тиіс. Егер сөреде оқушыларға сатуға болмайтын тағамдар тұрса, оны іске асырушы кім болса да жауап беруі керек. Себебі, балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен өмірі бәрінен де биік тұрады. Бұл міндетті орындатуда мектеп басшысы мен мейірбике басты тұлға есептеледі.

Қ.Аманжолов атындағы мектеп мейірбикесі Б.Тоқтамысованың «Барлық мектепте осылай сатылып жатыр», – деген сөзі өзін ақтап алу мақсатында айтылғандай көрінді бізге. Себебі, өткен аптада Қазығұрт ауданында болғанымызда ондағы бас сұққан білім ұясында мұндай келеңсіздікті кезіктірмедік. Мәселен, Қызылсеңгір ауылы «Қызылсеңгір» мектебіндегі қалыптасқан ахуал мүлде бөлек. Асхана сөресінен жоғарыда айтылған қуырылған тағамдар мен газды сусындарды байқамадық. «Сатып отырғанымыздың барлығы арнайы пеште пісірілген. Бұйрықпен тыйым салынған тағамдар бізде сатылмайды. Оқушыларға ұсынатын тағам түрлерін ата-аналары жиі келіп көріп тұрады», – дейді жеке кәсіпкер Зәуре Бижанова.

Бұл мектепте тәртіп пен ережелердің қатаң сақталатынын мектеп директоры Мұса Оразовпен әңгімелескенде де байқадық. «Балалар біздің болашағымыз, сондықтан еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, бүгінгі жастардың денсаулығына, тәрбиесіне, біліміне баса назар аударуымыз керек. Осы мақсатта арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, ас мәзірін мектеп мейірбикесімен бірге өзім бақылауда ұстаймын. Балалардың не ішіп-жейтінін, бұл жерде не сатылатынын күнде тексеріп отырамыз. Бүгін пісірілген нәрсе ертең сатылмайды.

Әрине, қай кәсіпкердің болмасын мол табыс тапқысы келетіні түсінікті. Асхана жұмысын жалға алғандар жеке кәсіпкер болғанымен, олардың ереже бұзуына жол бермейміз. Жағдайды әу баста ескертеміз. Заң талаптарын түсіндіріп, таныстырамыз. Бір адамның жауапсыздығынан өзгелер зардап шегіп жатса не болады? Сондықтан әр нәрсенің өз орнымен болғаны дұрыс.

Балалар тамақтанарда қолдарын жылы суға жуып, кептіреді. Тазалық, тәртіп, білім — біздің басты ұстанымымыз».   

Қазығұрт ауданындағы Қызылсеңгір үлкен ауыл емес. Мектепте 500 оқушы бар. Орталықтан шалғайда орналасқанына қарамастан, тәртіп орныққан. Демек, «мүмкін емес» деуге құмар азаматтардың уәжі сылтау ғана секілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *