Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Жалақы жоқ, зейнетақы бар…

Жалған жолмен жұмыспен жарылқаған ба? 

Редакциямызға Отырар ауданы Бестораңғыл ауылының тұрғыны Серікбай Тәуірбай есімді азамат шағымданып келді. Ол бұрын жұмыс істеп кеткен А.Жармұхамедов атындағы шағын жинақы бастауыш мектепте өзінің және баласы Ақәділ Қасымбектің атынан әлдекімдердің жасырын түрде жалақы алып жүргені жайында айтты.

 «Мен 2013 жылы Абдулла Жармұхамедов атындағы мектепке от жағушы болып жұмысқа орналастым, — дейді арыз иесі. — 2015 жылдың қыркүйек айында мектепке Замира Мейрамханова директор болып келген кезде өз өтінішіммен жұмыстан шығып кеткенмін. Балам Ақәділ Қасымбек болса бұл мектепте ешқашан жұмыс істемеген. Бірақ 2019 жылы менің және баламның зейнетақы қорына ақша түсіп тұрғаны жайлы білдім. Алғашында мұның қайдан түсіп жатқанын түсінбей, зерттеп көргенімізде мені аталмыш мектепке от жағушы, ал балам Ақәділді қарауыл етіп сыртымыздан жұмысқа орналастырып қойғаны белгілі болды. Біз бұл жайттан мүлдем бейхабар болдық. Жалақы алған емеспіз. Біз қой бағумен айналысамыз.

Мұндай заңсыз әрекетке кім, не үшін барғанын анықтау үшін прокуратураға, еңбек инспекциясына және қаржы полициясына арыз жаздым. Бірақ, әзірге еңбек инспекциясынан өзге мекемелерден жауап ала алмай отырмын. Еңбек инспекциясының да жүргізген тексеруіне қанағаттанған жоқпын. Өйткені, менен ешкім келіп түсінік алмады. Баламның атынан кімнің банктік есеп шот пен карточка ашқаны белгісіз күйде қалды»

Осы заңсыз әрекеттерді анықтау мақсатында арызданып жүрген адамды осы әрекеті үшін мектеп меңгерушісі ар-ожданға, беделге нұқсан келтірген мәліметтерді теріске шығару үшін сотқа беріпті. Тіпті моральдық өтемақысына бір миллион теңге өндіруді сұратыпты. Әділдіктің үстем құруына көмектесу үшін Серікбай Қасымбекұлы бұл мәселеге біздің де араласып, журналистік зерттеу жүргізуімізді сұраған болатын. Оқырман арызы мен пікірі біз үшін қашан да маңызды. Осы мақсатта ізденгенімізде төмендегідей мәліметтерге кезіктік. С.Тәуірбайды маусымдық жұмысқа қабылдау және босату туралы мектеп меңгерушісі З.Мейрамханованың 24.11.2015 және 31.03.2016 жылы шығарған бұйрықтары бар. Бірақ С.Тәуірбайдың айтуынша, меңгеруші З.Мейрамханова оны өз қолымен арыз жазбаса да сыртынан жұмысқа қабылдап, кейін босатқан.

С.Тәуірбайдың ұлы, яғни сыртымнан жұмысқа қабылдап, ақша жымқырған деп есептейтін екінші азамат Ақәділ Қасымбек «мектепте жұмыс істеген емеспін, менің бүкіл уақытым мал бағумен өтеді», – дейді. Еңбек инспекторы Ж.Бабашевтың анықтаған мәліметіне сенсек, А.Қасымбек жұмыс барысында еңбек демалысына да, денсаулығының жарамсыздығына байланысты демалысқа да шыққанға ұқсайды. Соттың қарауына ұсынылған құжаттардың арасында А.Қасымбектің жұмысқа қабылдау жөніндегі арызы да бар. Бірақ А.Қасымбек оны өзі емес, өзге біреу жазғанына сенімді. Нақ осы арыздың негізінде З.Мейрамханова 10.06.2017 жылы А.Қасымбекті қарауылдық жұмысқа қабылдау туралы жұмыспен қамту орталығы берген №647 жолдамаға сүйеніп, бұйрық шығарады. Бізбен әңгімесінде Ақәділ Серікбайұлы өзінің ешқандай жұмыс істемегенін, ешкімнің атына жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан босату туралы арыз жазбағанын айтады. Әрине, бұл мәселеде екі тараптың бірінің жалған айтып отырғаны анық. Ал оның кім екенін анықтау біздің емес, құзырлы органдардың еншісінде.

Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Е.М.Рахымбердиевтің 29.11.2019 жылғы №19-ЕР-18 нұсқамасын алғаннан кейін біраз нәрсеге көз жеткізгендей болдық. Онда былай делінген: «1) А.Қасымбекпен 10.06.2017 жылы №2 санды түзілген еңбек шартында оның қолы қойылмаған және бір данасы берілмеген. 2) 10.06.2017 жылы №3 санды бұйрықпен А.Қасымбек таныстырылмаған. 3) 06.08.2018 жылы №37 санды А.Қасымбекті жұмыстан босату жөніндегі бұйрық оған таныстырылмаған не оған хабарламасы бар хатпен жіберілмеген. 4) С.Тәуірбаймен 04.11.2017 жылы №8 санды түзілген еңбек шартында С.Тәуірбайдың қолы қойылмаған және оған бір данасы берілмеген. 5) 24.11.2015 жылы №11 санды бұйрықпен С.Тәуірбайды от жағушы етіп жұмысқа қабылдау жөніндегі шығарылған бұйрықпен С.Тәуірбай таныстырылмаған. 6) 31.03.2016 жылы №1 санды С.Тәуірбайды жұмыстан босату жөніндегі мектеп меңгерушісінің бұйрығы ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күн ішінде Т.Тәуірбайға тапсырылмаған не оған хабарламасы бар хатпен жіберілмеген. 7) Мектеп меңгерушісі тарапынан А.Қасымбек пен С.Тәуірбайлардың еңбек кітапшалары олармен еңбек шарты тоқтатылған күні берілмей, 23.11.2019 жылы почта арқылы жіберілгені анықталды». Осы жазбалардың барлығының соңында ҚР еңбек кодексінің бұзылғаны және олар кодекс талаптарына сәйкестендірілуі тиіс екені ескертілген. Яғни, мектеп меңгерушісі З.Мейрамханова тарапынан заңбұзушылықтың орын алғаны расталған.

Арызданушы С.Тәуірбай мен оның ұлы А.Қасымбек тарапынан жұмысқа алу, босату жайында жазылған арыздарға қол қоймағаны және еңбек шарты мен бұйрықтармен таныстырылмағанына қарағанда олардың шырылында бір шындықтың болуы мүмкін деп болжам жасауға болатын секілді. Бірақ, тағы да қайталап айтамыз, мұны анықтау біздің емес, құзырлы органдардың құзырында.

Бүгінде сотта жауапкер орындығында отырған тараптың қорғаушысы Жаңабек Әбішев былай дейді: «С.Тәуірбай мен А.Қасымбектің сотта жауапкер болып отырғаны Елбасы Н.Назарбаев пен мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жемқорлықпен күресу туралы талабына, жалпы заңға қайшы деп есептеймін. Мұндай жағдайда олар керісінше сыбайлас жемқорлықтың орын алуына қарсы күресте көмек көрсеткені үшін мемлекет қорғауына алынып, сыйақы тағайындалуы тиіс. Еңбек инспекторы Е.М.Рахымбердиевтің мектеп басшысы тарапынан заңбұзушылықтардың орын алғанын анықтай отырып, оны заңдастыруды ғана міндеттегені дұрыс емес. Сонда басшының жауапкершілік мәселесі қайда қалады? Осы секілді іс-әрекеттерді көргенде шынында да сыбайлас жемқорлыққа жол берілген бе деген күдік келе бастайды. Е.М.Рахымбердиев мұндай заңбұзушылықты анықтағаннан кейін тез арада құзырлы органдарға хабарлауы тиіс еді. Бірақ, неге хабарламағаны белгісіз»

Арада туындаған дауға байланысты қазіргі кезде Отырар аудандық сотында процесс жүріп жатыр және оған әділ шешім шығатынына күмән келтіргіміз келмейді. Өйткені, сот жазықсыз жандардың жапа шегуіне жол бермесе керек-ті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *