Біле жүріңіз Өмірдің өзі

Абай жазған «Қарамола ережесі»

1885 жылдың мамыр айында Семей өңірінің Қарамола деген жерінде, Шар өзенінің бойында төтенше съезд өтеді. Оған бес уезд елдің (Семей, Кереку, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан) болыс-билері қатысады. Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» атағы бар Абай да шақырылып, ол «Қарамола ережесі» аталған заңды жазып шығады.  

Бұл заң 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шығарылған. Мұқият түптеліп, шағын кітапша түрінде шыққан бір данасын қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезеңінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне тапсырған. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай біз хәкімнің қаламынан туған заңның мәтінін назарларыңызға ұсынғымыз келеді.

1-БАП.  Болыстық сьезде даулар үлкендігіне қарай, сомасына қарай бітіледі. Төтенше сьездерде ұлықтардың әмірі бойынша бір ояз бір оязбен кезектесіп бітіледі, әр ояздың барша билерімен емес.

2-БАП. Дауласқан әр екі тарап қалаған билерін таңдап алады. Бірақ, би есебін ереже бойынша ұлықтар шығарады. Сұраймыз, әр тараптан үш биден артық болмаса екен. Би шешімін шығармас бұрын үштік бимен жарасады. Егер даугерлер үштік би бітімімен бітпеймін десе һәм бітім болмаса, сонда жоғарыда айтылмыш бойынша билер таңдап шығарады. Екі жағының билері таласып, жұп болса, төменде айтылмыш рет бойынша бітіреді. Әр ояздың халқы орталарынан бір төбе басы би шығарады. Бұған қызметтегі һәм қызметсіз де құрметті кісілер сайлануға мүмкін. Егер билердің бітімі талас болса, сайланғандар екі төбе би шығартып алады, тиісті ояз халқынан. Егер бұлардың арасында талас болса, қалған ояздардың төбе басына жеребе салынып, шыққан кісі бітімдеріне араласып, сол кісінің ауған жағының бітімі орнығып, мақұл болады. Осы рет бойынша ояздық төтенше сьездерде екі жағы тең талас болса, төбе басы би бір жағына ауып тоқтатады.

3-БАП. Жауапкердің шақыру бойынша келмегендіктерін старшын мен болыстар куәландырып, келмегендігінің мақұл яки емесін билер тексереді. Егерде келмеген себебі тексеру бойынша сыйымды болса, сыртынан билік шығарылады. Бір бидің яки сьездегі билердің сыртынан қылған биліктері тағайынсыз болмақ. Билік көшірмесі старшындар яки болыс арқылы мақұлданады. Егерде жауапкер разы болса, билік тағайынды болып, бұзылмайды. Егерде разы болмаса, екі жұма арасында алғаш билік айтқан биге қайтадан арыз қылады. Сонда би жауапкердің құзырына қайтадан билік айтады. Егер жауапкер тексерілу бойынша ағарса яки болыстық сьезге тыңдатса, сьез билерінің билігін ұнатпаса, сонда айыпты жағын шығынын қайтаруға міндетті қылып һәм жаза бұйырылады. Жалған айтқаны үшін жоғарыда айтылмыш рет бойынша болыстық сьезд сырттан билік құрады. Разы болмаған төтенше сьезге билігін сынатады. Әр төтенше сьездің билігі дер уақытында бұзылмайды.

4-БАП. Егер даугер шақырылған уақытында келмесе, сұралмыш дауын бос қалдырады. Сонда жауапкер арыз етсе, билердің ықтияры бойынша жауапкердің шығынын даугерден бұйырып береді. Бірақ даугер ықтиярлы дауын қайтадан сұрамаққа сол дауы билердің тексеруі бойынша жалған шықса, даудың сомасына қарай һәм жауапкердің қадіріне қарай шығынын тартады.

5-БАП. Бір старшын елдің ішінде даугер, жауапкерлердің барша жанжал, сұрау дауларын сол старшын елінің биі бітірмекке міндетті. Бірақ би өзін мынандай жағдайда билік айтудан босатады: егер дауласқан жағынан бірі туысқан жақыны болса, қайсы бірі ата-анасы, бір тума аға-інісі, әкесінің бір тума аға-інісі, жиені, немере баласы және туған құдасы һәм дұшпан, өштес адамдары, қайсы бірінің дұшпандықтары бұрын биге түсісіп, мойнына жаза салынып, анықталған болса, сыйымды болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *