Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Айран ішінен шыққан қоқыс…

Немесе сапаға бақылау жасайтын мемлекеттік мекеме бар ма?

Соңғы үш айда дүниенің төрт бұрышындағы мемлекеттердің барлығын аяғынан тік тұрғызып, дүрліктірген коронавирус індеті әуел баста Қытайдағы сапасыз тағамнан тараған деп болжанған-ды. Ендеше, қай уақытта болмасын тазалық мәселесі ұдайы күн тәртібінен түспеуі тиіс. Әсіресе, халық көп баратын базарлар мен сауда орындарында сатылып жатқан тағамдардың сапасына айрықша бақылау қажет.

Әлеуметтік желілерде күнделікті тұтынып жүрген кейбір тағамдардың ішінен түрлі лас, жиіркенішті заттардың шыққандығы жөніндегі бейнетүсірілімдерді көргенде еріксіз жаға ұстайсың. Алайда, оны көзбен көрмегесін сенер-сенбесіңді білмейсің. Ал сондай жағдайды өз басыңнан өткізсең ше?

Жуырда Шымкент қаласының Қарабастау тұрғын алабындағы «Табыс» дүкенінен бір пластик бөтелке «қолдың айранын» сатып алдым. Ойымда ештеңе жоқ, кешкісін бір ұрттадым да тоңазытқышқа салып қайдым. Таңертеңгісін жұбайымның әдеттегіден өзгеше жағымсыз дауысы естілді. Не болды екен деп барсам, бір қолына айран құйылған бөтелкені, екінші қолына сырты айран жағылған пакетті ұстап тұр. Пакетке бір-екі конфеттің қағаздары, яғни қоқыс салынған екен. Міне, осы қоқыс салынған пакет әлгі бөтелкедегі айранның ішінен шығыпты. Бөтелкедегі айранды да, пакетті де алып, бірден оны сатып алған дүкенге бардым. Жағдайды түсіндірдім. «Текесу жақтан бір әйел әкеліп, сатып беруімді өтініп тастап кетеді» деп ақталды дүкенші әйел. Ал айран әкелушілер болса кінәларын мойындағысы келмей, бет бақтырмады.

Амал жоқ, Тәуке хан даңғылы бойындағы 45 үйде орналасқан «Дулат» атты тұтынушылар құқын қорғау бірлестігіне бардым. Бақытжан есімді заңгер бірлестік төрағасы Г.Ешовтың атына арыз жаздырып алды. Көлік жағынан қиындықтар болса өзім апарып, қайтып әкелетінімді ескерттім. «Барамыз, көреміз. Айран сатса оның рұқсаты, малының құжаты болу керек. Үй жағдайында дайындау үшін де талапқа сай күй болу керек», – дегенде сеніп қалғанмын. Сөйтіп, ертесіне барамыз деген Бақытжаннан хабар болмады. Арада 12 күн өткенде не болып жатқанын білу үшін оған хабарлассам, «Арызыңызды тіркеген жоқпын. Сіз оны компьютерге жазып әкелем дегенсіз. Одан қалса қазір біз жұмысқа шығып жатқан жоқпыз», – дегенді айтады.

Осы кезде «біздегі тағамдар неге сапасыз болып барады» деген сауалға жауап тапқандай болдым. Тиісті мекемелер тарапынан бақылау болмаса, антисанитарияны тауып әкеліп, тапсырған күннің өзінде шара көрмей отырса, сапа туралы не айтуға болады? Осыдан кейін әркім өз ойына келгенін іске асыра беретініне таңқалудың қажеті болмас. Мұндай іс-амалдарымызбен, салғырттығымызбен бізде тағамдардан келетін аурулардың алдын алу мүмкін емес екен ғой деген ой келді.

Жоғарыда атын атаған бірлестік мемлекеттік мекеме емес. Сол себепті де жауапкершілікті өз деңгейінде сезінбесе керек-ті. Өйткені, түскен арызға байланысты тексеруге барғысы келсе барып, барғысы келмесе қоя салатын секілді. Сонда ол тұтынушылар құқын қалай қорғамақ? Ал қорғай алмаса ондай бірлестік құрудың қажеті қанша? Қазақта «көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген мақал бар. Қолынан келмейтін шаруаға араласып несі бар? Әлде бірлестіктің мақсаты — құқы бұзылған тұтынушының құқын қайтара бұзып, аяқасты ету ме?

Бірлестік мемлекеттік болмағасын бюджеттен де қаржыландырылмайды. Сол үшін берген шағымға қатысты тексеру амалдары жүргізілер болса оның ақысын төлеу қажет екен. Сұрағандары заңды болса еңбекақысын төлеуден ешкім бас тарта қоймас, бірақ таяқтың екі ұшы барын да естен шығармаған жөн. Әрбір жұмысы үшін ақы алатын болса, шағымның жазылуына себеп болған азаматтар да оларға ақша ұсынып, өзінің айыбын жапқызып алмасына кім кепіл? Бұл енді біздің ойымызға келген күдік.

Бұрын мұндай мәселенің барлығы мемлекеттік мекеме, яғни санитарлық эпидемиологиялық орталыққа шағымдалатын. Бүгінде олардың атауын бірнеше рет өзгертіп, құзіретін де шектеп қойған. Ал жеке бірлестіктердің жағдайы жоғарыда айтқандай. Сонда тұтынушылардың құқы бұзылған жағдайда кімнен көмек сұрау керек? Зәбір көргендер қайда барады? Әлде бөтелкелердің ішінен шыққан қоқыстарды алып тастап, ішіп-жеп, үндемей жүре беру керек пе?

 Атам қазақ «Ауру астан» деп босқа айтпаған. Тұтынушылардың құқы дәл осылай бұзыла берсе жұқпалы аурулардың түр-түрі шығып кетпесіне кім кепіл? Ал жазда жұқпалы аурулардың қаупі күшейетіні бесенеден белгілі. Енді не істемек керек? Құқы бұзылған тұтынушылар мұңын кімге шағады? Тауар сатушыларға келеңсіздіктері үшін шара көрілмесе, білгенін істемей ме?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *