Әлеумет Қоғам Мәселе

«Ұшты, ұшты, баға ұшты…»

Мемлекет басшысы елімізде Төтенше жағдай жариялағаннан кейін азық-түліктен бастап, барлық тауарлардың бағасы шарықтап кетті. Министрлік пен әкімдіктегілердің «баға тұрақты болады, бақылауда ұстаймыз» дегендеріне баға бағынбай отыр. Тіпті, күн емес, сағат сайын өсіп барады.

Бұған басты себеп – доллардың өсуі, тағы басқа жағдай емес, тұтынушылардың азық-түліктерді жаппай сатып алуы себеп болып отырғаны анық. Өйткені, сұраныс артқан жерде бағаның өсетіні — нарық заңдылығы. Алайда, ел басына түскен қиын-қыстау кезеңді өз пайдасына айналдырып отырғандардың іс-әрекеттері еріксіз қынжылтады. Саудагерлердің бұл қылығының орынсыз екенін айтсаңыз, «ұнамаса алмай-ақ қой» деп қолын бір сілтейтін жағдайда.

«Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялады. Мұндай оқиғаның елімізде соғыстан кейін қай кезде болғаны есімде жоқ. Демек, жағдай күрделі, — дейді шымкенттік Нұржан Байдәлі деген азамат. — Осындай кезде адамдар елдегі ахуалдан жеке бастың қамын жоғары қоймауы керек. Соғыс кезінде майдан даласынан тысқары тұрғындар жеңісті жақындату үшін жаппай қолда барын тегін берді. Неге қазір осы игі іс қайталанбайды? Тегін берсін демейміз, бірақ азық-түліктердің бағасын көтермесе — ол да көмек қой.

Әрине, билік бағаны көтермеу үшін барын салып жатыр. Бірақ, нәтиже күткендегідей емес. Бәлкім, алып-сатарлардың құлқынына құрық салу үшін төтенше жағдай кезеңінде бағаны қолдан көтергендерге және сол базардың егесіне қатаң шара көру керек шығар. Сонда ғана бұл сорақылықты тоқтатуға болады».

Әрине, ел арасында бұл пікірді қолдайтындар қатары аз емесі анық. Алайда, билік мұндай шараны қолдана алады ма? Біздегі базарлардың қожайындары өздерін «аспанның бір бұрышын тіреп тұрғандай» сезінетіндер емес пе?! Не керек, «ұшты, ұшты, баға ұшты» болып тұр…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *