Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Сапасыздықтың артында сыбайластық тұрмай ма?

Өткен аптада табиғат тосын мінез танытып, қатты жел тұрғаны белгілі. Сол кезде бірнеше қалада ғимараттардың шатырлары ұшып, біраз әбігерге салды.

Жалпы, соңғы жылдары қатты жел тұрса қорқа беретін болдық. Мұндай жағдайда ең әуелі жарық жалп етіп сөнеді. Қазір көп дүние электр энергиясына тәуелді ғой, әп-сәтте қол байланады да қалады. Светтің сөнуі ауыз судың келуіне де кері әсерін тигізіп, бірқатар тұтынушылар тіршілік нәрінің тапшылығына кезігеді. Шатырлар ұшып, аялдамалардың құлап жатуы өз алдына бөлек әңгіме. Сонда мұның барлығы желдің тым қатты тұруынан орын алады ма, әлде себеп — жаңа құрылыстардың сапасыздығында ма? Табиғаттың тосын мінезін кінәлі етейін десең ашық аспан, тамылжыған күн райында да қабырғалары жарылып, едендері сынып жатқан түрлі әлеуметтік нысандарды жиі кездестіретін болдық. Өкінішке қарай, солардың барлығы да соңғы жылдары, яғни Тәуелсіздік таңы атқаннан бергі бой көтерген жаңа ғимараттар. Ал керісінше Кеңес Одағының көзін көрген ғимараттардың жағдайы салыстырмалы түрде әлдеқайда тәуір. Тиісті азаматтардан мұның себебін сұрар болсаңыз барлығы да келісіп алғандай бір ауыздан «кепілдік мерзімі бар, мердігер кемшілікті жояды», – деген жаттанды жауаптары дайын тұрады. Дұрыс қой, мердігер өзі салған ғимараттың сапасына жауап беруі тиіс. Бірақ, біздің білгіміз келетіні сапасына қатысты. Неге тапсырыс беруші мекеме тарапынан сапа тиісті деңгейде қадағаланбайды? Мердігерге салсаңыз, келісім-шартта белгіленген мерзімнен кейін ол ғимараттың сапасына бас ауыртпайды. Осыдан келіп пайдалануға берілгеніне көп болмаған ғимараттарға тағы да бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған қатысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Келтіріп те жүрміз.   

Жуырда Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Қарабастау тұрғын алабындағы бірнеше көшеге жаңадан электр бағандары тартылды. Он жылдан аса уақыт сапасыз жарықтан қиналған тұрғындар қатты қуанды. Бірақ сол қуаныш ұзаққа созылмайтын секілді.

Тұрғындар осы жайтқа байланысты дабыл қағуға мәжбүр. Неге? Жаңа бағандар өте сапасыз орнатылған, дәлірегі жерге дұрыс көмілмеген. Электр бағаны түгілі ауланы қоршайтын шарбақ орнатса да бағандардың түбі цементпен, ең болмағанда таспен нығыздалып, бекітілмеуші ме еді? Ал жаңа орнатылған бағандардың түбі мүлдем бекітілмеген. Қазылған шұңқырға бағаналар тұрғызылып, түбіне бос топырақты жауып кете салған. Бір-екі күннен кейін ол топырақ отыра бастады. Ал бір жаңбырдан кейін әр бағананың түбіндегі топырақ төмен түсіп, одырайып-одырайып орға айналып шыға келді. Бағаналардың жер астындағы бөлігі қара сымаламен сырлануы тиіс болғанға ұқсайды, бірақ жаңбыр сол көзбояушылықтың бетін ашып берді. Бағананың жердің үстіңгі бет жағындағы аз ғана бөлігіне сымала жағылған да жер астындағы бөлігіне мүлдем жағылмаған.

Қазір жаңа бағаналар үрей туғызатын жағдайда тұр. Өткен аптадағы жел бағаналарды қозғап жіберіпті. Енді тағы да сәл қаттырақ жел тұрса оның құлау қаупі бар. Ал ол қайда, кімнің шатырына немесе кімнің үстіне құлайды? Төңіректе кішкентай балалар ойнап жүреді. Ата-ана біткен сары уайымға салынып, жанын шүберекке түйіп отырған жағдайы бар.

Бағаналар орнатылар сәтте оны орындап жатқан мекеменің техникалық бақылаушы құрылыс басында жүруі тиіс. Бірақ, жергілікті тұрғындар ондай бақылаушы маманның болмағанын айтады. Осыдан кейін сапаға кім жауап береді дейсіз?

Біз осы жағдайға байланысты Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарластық. Бізбен тілдескен осы басқарманың энергетика бөлімінің басшысы Шоқан Айдарбек «жіберілген кемшіліктерді мердігер мен техникалық бақылаушыға айтамыз, қалпына келтіреді», – десе, Еңбекші ауданы әкімдігінің бас маманы Еркебұлан Қаратұнов тиісті азаматтарға «бағандардың сапасыз көмілгендігі туралы бейнетаспаны уатсап желісі арқылы жібергенін» айтты. Ал аталмыш  аудан әкімінің орынбасары Александр Малахов бұл жәйттерден хабарсыз екенін жасырмай, тиісті орындарға жеткізуге сөз берді. Ендеше, әліптің артын бағалық.

Осы тұста санамызды тағы бір ой сығалайды. Сонда тұрғындар тарапынан дабыл қағылмаса, бақылаушы мекеменің тиісті лауазым иелері «көрмес түйені де көрместің» кебін келтіріп, отыра бермек пе? Олай болса не үшін халықтың маңдай терінен құралған бюджеттен жалақыны алады? Әлде сапасыз тірліктің артында сыбайластық тұр ма?

Әрине, біздің міндетіміз – қисықты жөндеу емес, оны тиісті азаматтардың назарына жеткізу. Ендеше, біз өз міндетімізді орындадық, ал қорытынды шығару аты аталған мекемелер құзырында. Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптасып жатыр ма, әлде жоқ па? Оны уақыт көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *