Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Баға біркелкі емес

Бақылау төмен жерде баға жоғары

COVID-19 індеті тараған тұста еліміздің Президентінен бастап, Үкімет басшысы, министрлер, облыс пен аудан әкімдері бағаның тұрақты болатыны туралы айтумен болды. Уәде жоғарыдан берілгендіктен, қарапайым халық солай болатынына сенді.

Осылайша уәдеге сенім артқан ел, алғашында аз-кем көтерілген бағаға аса назар аудармады. Төтенше жағдайдан кейін барлығы қалпына келеді деп үміттенді. Бірақ мемлекет басшысы Төтенше жағдайды 1 мамырға дейін созғаннан кейін тұрғындарда алаңдаушылық басталғаны байқалады. Осы орайда Келес ауданынан хабарласқан азаматша жанайқайын былайша жеткізеді.

«Мен Келес «Абай» аудандық емханасында қызмет атқарамын, – дейді өзін Ұлбосын деп таныстырған оқырман. – Аурухана қызметкерлерінің белгілі бір санатының жалақыларына үстеме ақы қосылды. Емханадағы қызметкерлерге ондай үстеме жоқ. Бәлкім, аурухана дәрігерлеріне келер қауіп жоғары шығар, бірақ, емханадағылардың да жұмысы ауырлады. Табанымыздан тозып көше аралаймыз. Кеңестер береміз, түсіндіреміз. Ел іші болғасын кімнің науқас, кімнің сау екенін білу мүмкін емес, яғни кез-келген уақытта ауру жұқтыру ықтималдығы жоғары деген сөз. Бұл еңбегіміз ескерілмейді. Дегенмен олар міндетімізге кіреді, осы мамандықты таңдағаннан кейін көнеміз.

Бізді толғандырып отырғаны — баға мен жолкүренің көтерілуі. Біз көше аралап көп жүреміз. Төтенше жағдайға дейін орталықта такси бағасы 80 теңге болатын, қазір 100 теңгеге көтерілді. Бесқұбыр ауылынан орталыққа 100 теңгемен келуші едім, оған да 50 теңге қосылды. Ал жанар май бағасы керісінше төмендеп жатыр. Осы мәселе жайында аудан әкімдігіндегі тиісті азаматтарға айттым. Ол кісілер «жол жөнделіп бітсе бағаны бұрынғы қалпына келтіреміз» деп уәде бергенімен, сөздерінде тұрмады.

Базардағы баға да тұрақты емес, өсіп барады. Мысалы, бұрын 250 теңгеден алып жүретін алманың келісі 500 теңгеге көтеріліп кетті. Ұнның бағасы 10 мың теңгеден асты. Базар жабылды деп ресми айтылғанымен, саудасын әлі жалғастырып жүргендер жоқ емес. Оларды полиция қызметкерлері көргенімен, ешқандай шара қолданбайды».

Оқырманымыздың осы жанайқайына байланысты аудан орталығы Абай ауылының әкімі Ерғали Әбдірамановтың пікірін білмек болғанбыз. Бірақ ол кісімен байланысу мүмкін болмады. Сондықтан Келес ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімін басқарып отырған Мадияр Әшірбаевқа телефон шалдық. «Жолкүрені бақылау қиындау. Себебі такси жүргізушілері бағаны өздері белгілейді. Қымбатсынғандар мінбей-ақ қойсын, — деген бөлім басшысы сөзін әрі қарай басқаша жалғастырды. — Қазір мұнай арзандап жатыр. Сондықтан олардың бағаны көтеруі орынсыз деп есептеймін. Бұл жөнінде тиісті орындар жұмыс жасағаны дұрыс шығар. Ал, азық-түлік бағасына келер болсам, қымбаттағаны жайлы естімедім. 10 мың теңгелік ұнды қайдан алып жүр екен? Бәлкім жоғары сортты ұн шығар? Абай ауылында бірінші сортты әлеуметтік ұнның бағасы 6400 теңгеден аспайды. Картоптың келісі 80 теңге. Бүгін Талдықорғаннан 120 теңгеден бір «КамАЗ» картоп келе жатыр.

Жуырда үш министрлік келісіп, әлеуемттік маңызы бар 9 түрлі азықтың шектеу бағасын бекітті. Ол жерде бірінші сортты ұнның келісі 169 теңге деп көрсетілген. Яғни, бұл 50 келілік бір қап ұнның бағасы 8450 теңгеден аспау керектігін білдіреді. Төтенше жағдай кезінде бұл ережеге бағынбағандар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеумен жазаланады. Ал, енді алма, қызанақ, қияр секілді көкөніс пен басқа да заттарға шектеу баға қойылмаған. Олардың бағасын сұранысқа байланысты базар нарқы белгілейді».

Төтенше жағдай кезінде бағаны толықтай бақылау мүмкін болмай тұрғаны байқалады. Сол себепті де әр жерде баға әркелкі. Әлеуметтік ұндар орталықта арзан болғанымен, ауылдарда қымбат. Сондықтан, аудан басшылары орталықтарды ғана емес, шалғайдағы ауылдарға да бір сәт көз салып қойғандары жөн болар. Сонда ел арасында да наразылық туындамас еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *