Қоғам Мәселе

Сынақ өтер, өмір жалғасады

Түркістан облысында сала жұмыстарында қарқынға қарқын қосылып келеді

«Жұт жеті ағайынды» демекші, қазіргі кезең еліміз үшін үлкен сынақ алаңына айналып тұрғандай. Әлемді дүрліктірген коронавирус індетінің салдарынан елде төтенше жағдай жарияланған тұста көрші мемлекеттегі су қоймасының жарылуынан Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су басты. Ауыл тұрғындары үйлерін тастап шығып, оқшауланды. Үйлер жарамсызданып, мал шығыны орын алды. Еккен егіс су астында қалды. Ең бастысы – адам шығыны орын алған жоқ. Қалған шығындардың барлығын үкімет өтеп бермек.

Әрине, бұл оқиғалардың барлығы да жергілікті билік өкілдеріне жеңіл тиіп жатқан жоқ. Күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып жұмыс істеуге тура келеді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған команда бар күш-жігерін жұмсап жұмыс істеуде. Негізгі көңіл – апат аймағында қалған азаматтарға көмек беруге бөлінді. Өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына іссапармен келгенде арнайы Мақтаарал ауданына табан тіреп, аудан орталығында Өзбекстан Республикасындағы әріптесі, көрші елдің үкімет басшысы Абдулла Ариповпен кездесті. Қос елдің Үкімет басшылары Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарын аралап көріп, Жаңажол ауылдық округінің Нұрлыжол, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында болды. Тасқын салдарын жою аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Осы тұста айт кеткен жөн, апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 1300-ден астам адам мен 220 бірлік техника жұмылдырылса, оның 200-ден астам маман мен 100-ге жуық өрт сөндіру машиналары, экскаваторлар, тракторлар, су сорғыштар және басқа да техникалық құралдар Өзбекстаннан жеткізілген. Өзбекстан Республикасының ТЖМ бірінші орынбасары Абдулла Құлдашевтың айтуынша, су басқан аймаққа жалпы 300-ден астам қызметкер, 186 техника жұмылдырылған.

Екі мемлекет басшыларының ортақ шешімге келуімен су басқан ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілетін болғаны белгілі. Мұның алғашқы қуанышты көріністерінің бірі Мырзакент ауылында орын алды. «Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент ауылында Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-Министрлері жаңа шағын ауданның құрылыс жоспарымен танысып, алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты және тұрғындармен кездесу өткізді. Барлығы Мырзакент кентінде су тасқынының салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын Қазақстан және Өзбекстан республикаларының мамандары бірлесіп жүргізетін болады», — деп хабарлайды Түркістан облысының баспасөз қызметі. Жаңадан іргесі қаланған ықшам ауданда тәулік бойы құрылыс жұмыстары жүретін болады. Құрылыс алаңына 600-ге жуық жұмысшы тартылған болса, оның жартысынан астамы Жетісай мен Мақтаарал ауданының тұрғындары. Ауданда су алған үйлердің, мал басы мен егістік алқаптарының құжаттары жинақталып, сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен үйлерді бағалау жұмыстары арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Карантин құрылысқа тұсау бола алмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен елдегі төтенше жағдай 11 мамырдан бастап тоқтатылды. Алайда, қауіп сейілгенге дейін шектеу шаралары жалғасып, карантин режимі ұзартылды. Әрине, індет шарықтау шегіне жетіп, төмендеуге бет алды. Дегенмен, бұл қауіптің толыққанды сейілгендігін білдірмейді. Сақтық шараларын сақтамаса қайта өршу қаупі жоғары. Сол себепті мұны халық дұрыс түсінуі тиіс. Дегенмен, бұл жағдай елдегі, облысымыздағы маңызды жобалардың іске асырылуына кедергі бола алмайды. Бұл туралы облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы лездемелік мәжіліс отырысында «Еліміздегі төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Алайда коронавирус инфекциясының қаупі сейілмегендіктен, карантин талаптары әлі де сақталады. Сондықтан сақтық шаралары жалғаса береді. Әсіресе құрылыс саласында. Карантин құрылысқа кедергі емес», — деп атап өтті.

Құрылыс, әсіресе, облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан шаһарында қарқын алуда. Қала әкімі Рашид Аюповтың мәлімдеуінше, бірнеше ғимараттардың құрылысы аяқталуға таяған. Атап айтар болсақ, облыс орталығында бой көтерген оқушылар сарайы, 7 мың орындық стадион, Ұлттық қолөнершілер орталығы, амфитеатр, Керуен сарай, аттракциондар саябағы, бассейні бар спорт кешені, келу орталығы мен басқармалар, департаменттер үйінің ғимараттарындағы құрылыстың басым бөлігі бітіп тұр. Бүгінде олардың айналасын жасыл желекке бөлеп, абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар, қалада бүгінде 5, 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер салынуда.

Биыл Түркістан толығымен газдандырылмақ

Облыс әкімінің баспасөз қызметі өңір басшылығының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласын газдандыру бойынша тиісті жұмыстар қызу жүріп жатқандығын да хабарлады. Бүгінде Отырар мөлтек ауданы мен ХҚТУ тұрғын үй массиві аумағындағы ГРП-1,2,3 нысандарындағы газға қосылған үйлердің саны 130-ге жеткен. Бұл жұмыстар мөлтек аудан толығымен газдандырылғанға дейін жалғасын табатын болады.

«Бүгінгі күнге Түркістан қаласында 42 мың тұрғын немесе халықтың 26 пайызы табиғи газбен қамтылған. Қаланы көгілдір отымен қамтамасыз ету «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы іске асырылады. Жалпы, Түркістан қаласын газдандыру 11 кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Көне шаһардағы жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерді газдандырудың 4-кезеңінің құрылысы 2019 жылы аяқталды. Нәтижесінде қала тұрғындарының 41 пайызы көгілдір отымен қамтылды. Ауқымды шаруаның жалғасуына кедергі жоқ. Түркістан қаласын толығымен газдандыру құрылысын 2020 жылдың соңына 100 пайыз аяқтау жоспарланып отыр», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жүзге тарта көше жөнделеді

Қазір Түркістан қаласында барлық сала бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сол саланың ең маңыздыларының бірі – жол. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюпов қаладағы жол жөндеу жұмыстарына да айрықша мән берді. Карантин жағдайына қарамастан бұл жұмыстар да кестеге сай жүргізілуде.

«Қаланың басты көшелерінің бірі — Б. Саттарханов даңғылының қос қапталы ұзыннан салынып жатқан желілік саябақ —  субұрқақтар, ерекше дизайнды ландшафтар және ирригациялық арықшаларымен ерекшеленбек. Сонымен қатар, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін 100-ге тарта көшенің 26-сына тасжол салынса, 22-сінде жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы 48 көшеде жолдың іргесін нығыздау, кәріз жүйесі құдықшаларының деңгейін көтеру сынды жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысы Б. Саттарханов даңғылы және даңғылдың ішкі жолы, Жібек жолы, О.Датқа, Бөген, Сапарбай болыс, Келіншектау, Шойынбет би, Сырым батыр, Ақан сері, Майлықожа, Жүйнеки көшелерін аралып, онда атқарылып жатқан істерді пысықтады. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

      Ленгірдегі ірі кәсіпорынның тамырына қан жүгірмек 

Бар күш-жігерді бір мақсатқа жұмсап, көңілді бір ғана ауданға аударып, өзгелерін ұмыт қалдыруға болмайды, әрине. Елде жарияланған төтенше жағдай бүкіл тіршілікті тоқтата алған жоқ. Ол барлық аудандардағы жұмыс қарқынына кері әсер еткенімен, түбегейлі тоқтатты деп айтуға негіз жоқ. Тіршілік өз ағысымен жалғасып жатыр. Көктем шығысымен шаруа біткен егіс даласын бетке алса, құрылысшылар бастаған ісін жалғастыруда. Тіпті, жаңа жобалардың да тамырына қан жүгіруде. Айталық, өткен аптада Төлеби ауданына іссапармен барған облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы өнеркәсіп саласындағы ірі жобалардың бірі — «Ленгір машина жасау зауытында» болды. Кезінде бұл зауыттың атағы алысқа ұзап, тіпті, одақ деңгейінде өзіндік орны бар өндіріс орны есептелген. Тәуелсіздік алған жылдары тынысы тарылып, тоқтап қалған-ды. Міне, енді сол тоқтаған кәсіпорынды қайта іске қосу жұмыстары қолға алыныпты. Бұл жобаға 3-3,5 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Қазіргі кезде жалпы өндірістік аумағы 13 мың шаршы метрден асатын кәсіпорынға толықтай қайта құру, жаңарту жұмыстары жүргілізіп жатыр. Жоба жүзеге асырылған жағдайда машина жасау өнеркәсібіне құрылыс — темір өнімдері мен бөлшектері шығарылмақ. Маманданған зауыт тапсырыс болған жағдайда тіпті поезд вагондары мен бөлшектерін жасап шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында отандық шикізат пайдаланылып, өндірілген өнімдерді еліміздің ішкі нарығына шығару жоспарлануда. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары ашылып, 150 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұйыртса, бұл кәсіпорын жұмысын осы жылдың соңына дейін бастап жібермек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы осы іссапар барысында ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалармен танысқан. Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков облыс басшысын аудан орталығындағы «Жастық» стадионында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай аудан орталығында орнатылатын ескерткіш жобасымен таныстырды. Биіктігі 3,5 метр мыстан құйылған ескерткіш демеушілер тарапынан жүзеге асуда. Ұлы ойшылдың мүсіні жаңадан бой көтеретін Абай аллеясында орнатылады. Сондай — ақ, ауданда демеушілер есебінен халқымыздың қасиетті сөзін ел бірлігі мен жер тұтастығына арнаған тарихи тұлға Төле бидің 7 метрге жететін еңселі ескерткіші бой көтереді. Баба мүсіні Төлеби ауданының ең көрікті жерлерінің біріне айналмақ. Айта кетер тағы бір жағымды жаңалық — ауданда бірнеше білім ұялары жаңартылып, 20 пәтерлі 9 тұрғын үй бой көтерді.

Өмірзақ Естайұлы келесі кезекте Көксәйек елді мекеніндегі жеке шаруа қожалығымен танысты. Наурыз айында іске қосылған шаруа қожалығы 4 гектар жерге қызанақ, қияр, сәбіз, құлпынай, болгар бұрышы сынды көкөністерді егеді. Биыл ауданда егіс көлемі 65684 гектарға жеткен. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша 105 жоба іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Биыл минералды тыңайтқыштар алу заңнамасына өзгерістер енгізілуіне байланысты агроқұрылымдарға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде шаруашылықтар сатып алған тыңайтқыштары бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өтінім тастап, 50 пайыз субсидиялауға қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, тамшылатып суғару технологиясы мен қарқынды жеміс-жидектің көлемі 35 гектарға, суармалы жердің көлемі 80 гектарға артып, ауылшаруашылық техникалары 4 бірлікке жаңаланған. 

Биыл табиғат ана айрықша мінезімен танылып отыр. Көктемгі қатты жауынның салдарынан тау етегін ала орналасқан Төлеби ауданының тұрғындары бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келуде. Қатты жауған нөсерден аудандағы бірқатар өзен суы арнасынан асты. Ал Ленгір қаласында тасқын су бірнеше көшелерді шайды. Облыс басшысы селден жапа шеккен тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында олармен кездесіп, су шайған жерлерге бақылау жүргізді. «Нөсер жауыннан Ленгір өзенінде су деңгейінің жоғарылауына байланысты ішінара су басуы орын алғаны белгілі. Сел салдары толық жойылады. Ол үшін барлық қажетті жұмыстар жасалып жатыр. Сел ағынынан адамдар аман. Бұл ең бастысы. Мал шығыны жоқ. Құлаған немесе бұзылған құрылыс нысандары жоқ. 
Су келген үйлер толық жөнделіп, айналасына қоршаулар қойылады», — деді Өмірзақ Естайұлы. 

Су басу салдарынан Өзен жағалауы бойындағы 2 тұрғын үйдің аулалары мен қораларына су кіріп, 6 сарай, 16 аула, бір монша мен жазғы асхананы су шайып өткен. Сонымен қатар, өзен бойындағы Жаңаұйым елді мекеніндегі бірнеше көшедегі газ құбырына зақым келуіне байланысты жалпы 121 тұрғын үй газ жүйесінен уақытша ажыратылды. «Көктерек» су жинау имаратының жұмысы тоқтатылып, Ленгір қаласының шығыс бөлігіндегі 3 мыңнан астам үй ұңғымалар арқылы уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Келтірілген залалдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады.

Селден келген қауіпті жою мақсатында аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар қызметі мен елдімекен тұрғындары жұмыла бірлесіп, арналарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға 31 арнайы техника, 14 мотопомпа жұмылдырылған. Көршілес Сайрам, Түлкібас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көмекке келген. 

Иә, қазақ елін сан түрлі қауіп-қатерлерден, табиғат апаттарынан құтқарып келе жатқан осындай мінезі болса керек. Алланың қалауымен бұл қиындықтан құтылып, елдің әлеуметтік ахуалы әлі де көтерілетініне сенім мол. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *