Қоғам Мәселе

Биылғы ҰБТ қалай өтеді?

Төтенше жағдайдың салдарынан биыл мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқыды. Індеттің қаупі әлі де толығымен жойылмауына байланысты алдағы ҰБТ қалай өткізілмек? Осы сауал төңірегінде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған мәліметтердің қысқаша нұсқасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен…

Бұйыртса, биылғы жылы ҰБТ маусым айының 20-сы мен 5-шілде аралығында дәстүрлі форматта өтеді. Бірақ, санитарлық режим қатаң сақталуы тиіс. Түлектер бір-бірінен алшақ отыруы үшін бір мезетте аудиторияда болатын оқушылар саны да шектеледі.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуде 11-сыныптың 4-тоқсанында өткен бағдарлама сауалдары болмайды. Өйткені, оқушылар биыл карантин мен төтенше жағдайға байланысты соңғы тоқсанды қашықтан оқыды. Сондықтан осындай жеңілдік жасалып отыр. Алайда, тест тапсырудағы талап қатал. Егер оқушы білім сынағы кезінде ұялы телефон немесе түрлі көмекші құралдар пайдаланғаны дәлелденсе, жинаған ұпайы желге ұшады.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты 2020 жылы енгізілген жаңалықтар төмендегідей:

1. ҰБТ-ға қатысу үшін білім туралы құжат түпнұсқасының орнына Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар мен ағымдағы жылы орта білімді шетелде аяқтайтын түлектер өзі оқитын орта білім беру ұйымынан мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасымен еркін нысанда анықтама тапсырады;

2. 086-У нысандағы медициналық анықтама бекітілген электрондық форматқа ауыстырылды;

3. ҰБТ-ның қағаз сертификаты электронды сертификатпен ауыстырылды;

4. Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен анықталған түсуші сол тестілеуге жіберілмейді және ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады;

5. Тестілеу барысында аудиторияда тыйым салынған затпен анықталған тестіленушінің нәтижесі жойылады және ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады;

6. Тестілеуге өз орнына «бөтен тұлғаны» кіргізуге талпынған және кіргізген түсушілерге ағымдағы жылы ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді;

7. ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбаларына талдау жүргізіледі. Түсуші тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, оның ҰБТ мен білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.

Тестілеуге кіргізу кезінде өзімен бірге міндетті түрде болуы керек:
▪ Жеке куәлік;
▪ Тестілеу рұқсатнамасы;
▪ Қара немесе көк түсті ручка.

Тыйым салынады!

* Министрлік өкілінің рұқсатынсыз және алып жүруінсіз аудиториядан шығуға;

* Сөйлесуге, орын ауыстыруға, тестілеу материалдарымен алмасуға, аудиториядан алып шығуға;

* Ұялы байланыс құралдарын және басқа да электрондық құралдарын, оқу-әдістемелік құралдарды, шпаргалкаларды, калькуляторды пайдалануына;

* Тестілеу материалдарын (жауап парағы мен кітапшалар) умаждауға, беттерді жыртуға;

* корректор сұйықтығын қолдануға, жауап парағының бояуға қарастырылмаған секторларын бояу (жауап парағының нөмірі) арқылы бүлдіруге;

* Тестілеуге берілген уақыт аяқталған кезде тестілеу материалдарын уақытында кезекшіге тапсыру, тапсырмаған жағдайда нәтижелер қабылданбайды;

* Қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге.

Тестілеу уақыты — 3 сағат 50 минут.

Нәтижелер:
— Мемлекеттік комиссиямен сол күні хабарланады;
— Тестілеу өткізу орнындағы ақпараттық тақтаға ілінеді;
— Бланк түріндегі сертификат берілмейді;
— Тестілеу нәтижесімен www.testcenter.kz сайтында танысуға болады (тестіленушінің ТЖК мен ЖСН енгізу арқылы);
— Нәтижемен келіспеген жағдайда, тестіленуші апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция өтініштері ҰБТ нәтижелері хабарланғаннан кейін, келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады.

Тамыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге кімдер қатыса алады!

1. ҰБТ- ға қатыспаған немесе шекті балл жинай алмаған тұлғалар.

2. ҰБТ-ға қатыспаған, ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған, ҰБТ-ға жіберілмеген, ҰБТ нәтижесі жойылған тұлғалар.

3. ЖОО-ға ағымдағы оқу жылы аяқталғанға дейін күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдана алады

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *