Біле жүріңіз Қоғам Өмірдің өзі

Қонақ үйі бар ауыл

 Жүзімдік ауылының бүгіні кісі қызығарлық

Мемлекет басшысының салиқалы саясатының бірі – ауыл мен қаладағы өмір сапасының алшақтығын азайту. Осы мақсатта бүгінде аудан, елді мекен, ауылдарда көптеген игі істер атқарылуда. Әрине, мұқтаждықтар әлі де аз емес. Дегенмен, қазір бұрынғыдай емес, көптеген ауылдарда өмір сүру сапасын көтеретін көріністер, атап айтқанда, асфальт жол, газ, сапалы ауыз су, электр энергиясы, ғаламтор желісімен қамтамасыз етілуде. Ауылшаруашылық, шағын және орта бизнес саласы да біртіндеп дамып келеді. Сөзіміз жалаң болмас үшін Келес ауданы Жүзімдік ауылының тыныс-тіршілігі жайын округ әкімі Ораз Смаиловтан сұрап көрген едік. 

           «Ауылдық округте Жүзімдік, Оңтүстік, Бірлесу және Ақсу деп аталатын төрт елді елді мекен бар, – деп бастады әңгімесін әкім. – 663 отбасыда 4620 адам тұрады. Екі мектеп, төрт бөбекжай-балабақша, бір дәрігерлік емхана, екі дәріхана, бір байланыс бөлімшесі, бір ауылдық клуб, бір кітапхана, екі монша, екі шаштараз, екі көлік жөндеу шеберханасы, он екі дүкен халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл болсақ та мәртебелі меймандар үшін қонақ үй қызмет етеді.

           Тұрғындар негізінен ауыл және мал шаруашылығымен айналысады. 278 шаруа қожалығы, екі өндірістік кооператив, бір ЖШС және бір СТК жұмыс істейді. Округ аумағында екі мектептегі  оқушылар саны 1067. Сауықтыру демалыс орындарында 31 бала демалып қайтты. №31 Ш.Уәлиханов атындағы мектептің базасында ІТ сыныбы ашылып, заманауи интернет құралдарымен жабдықталды. Жүзімдік ауылынан елу орындық дәрігерлік емхана құрылысын жүргізу үшін арнайы жер бөлініп, құжаттары тапсырыс беруші мекемеге берілді. 

Бұрын ауыз су тұрғындарға тәулігіне 12 сағат беріліп келген болатын. 2018-19 жылдары Жүзімдік ауылында ауыз судың құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, өткен жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне ұсынылды. Төрт елді мекенге де табиғи газ кіргізу құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта табиғи газды қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

25 көшеге асфальт төсеу үшін құжат әзірленіп, Ақсу елді мекеніндегі Рамадан көшесіне ағымдағы, Жүзімдіктегі Ы.Алтынсарин, Т.Бигелдинов көшелері орта жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, дәрігерлік пунктке апаратын жолға демеушілер есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңызға ие Жүзімдік-Ақсу бағытындағы жолдың 2,5 шақырымына, сондай-ақ Боханбиік көшесі мен Республикалық трасса бойындағы ауылдың екі көшесін жөндеуге құжаттар әзірленіп, аудандық ТҮКШ және автолмобиль жолдары бөлімі мен аудандық экономика және қаржы бөліміне өткізілді. Оңтүстік елді мекеніндегі трансформаторға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталыққа көшіріліп, бағаналар ауыстырылды. Сондай-ақ ауыл округіндегі тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілерін ауыстыру, жаңғырту жұмыстары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2017-2021 жылдарға арналған инвест жобасына енгізіліп, Жүзімдік ауылының жеті көшесінің, Оңтүстік ауылының құрылыс жұмыстары толығымен атқарылды.

Ауыл аумағында жыл басынан бері 1357 гектар жерге егіс егілді. Картоп 81, Көкөніс 40, жоңышқа 80, дәндік жүгері 140 гектарға егіліп, шаруалар меже биігінен көрінді. Тағы бір гектарға жылыжай салынды. Қазіргі таңда ауыл дихандары редиска, қырыққабат, қызылшаны, сондай-ақ, жылыжайда өсірген қияр, қызанақ өнімдерін жинап өткізуде. Ауыл округі бойынша 1800 бас ірі-қара мал, 8000 бас уақ мал, 480 жылқыға көктемгі профилактикалық егу-емдеу жұмыстары жүргізілді.

Ауыл округі аумағында тұрғындар өз кәсіпкерлігімен айналысып келеді.50 орындық монша құрылысы, қонақ үйімен қоса пайдалануға берілді. Кәсіпкерлердің қолдауымен Жүзімдік ауылынан заманауи үлгідегі стадион, дәріхана салынып, жихаз цехы, дәмхана іске қосылды. 300 орындық тойхана,  желімдеу орталығы және нан жабатын цехтың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауылдық округі бойынша 245 зейнеткер, 91 әр түрлі топтағы мүгедек, жалғызілікті төрт қарт зейнеткер бар. Сонымен қатар ауыл округінде Ауған соғысының төрт ардагері, Семей полигонында болған тоғыз азамат, тылда еңбек еткен тоғыз ардагер, 184 алтын және күміс алқа иелері тұрады. Бұл топтағы азаматтарға ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен демеушілер арқылы материалдық жәрдем көрсетіліп, мереке күндері сый-сияпат жасалып келеді. Жыл басынан бері алты зейнеткер сауықтыру орындарында демалып, емделіп қайтты. Ауыл орталығындағы кәсіпке Исраилов Ораздың дүкеніндегі ашылған әлеуметтік бұрыш арқылы тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге демеушілер көмегімен тегін азық-түлік пен киім-кешек беріліп келеді. Мақтаарал ауданындағы су тасқынына байланысты ауыл халқы атынан 625 мың теңгеге азық-түліктер мен күнделікті тұтынатын заттар көмек ретінде жеткізіліп берілді.  

           Ауылдық округте екі стадион, екі жабық спортзал, бір баскетбол алаңы, екі волейбол, екі минифутбол алаңдары бар. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен, денешықтырумен айналысу мақсатында ауыл жастары арасында ұдайы және мереке күндері спорт жарыстары ұйымдастырылып тұрады. Рухани жаңғыру аясында Туған жерге тағзым кіші бағдарламасы бойынша кәсіпкер Оспанова Қырмызы тарапынан заманауи үлгідегі стадион құрылысы жүргізіліп, ауыл жастарына тарту етілді.

           Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша іс-шара жоспары жасалып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағдарламаның «Туған жерге туыңды тік!» бағыты аясында ауылдан шыққан меценат, кәсіпкерлерді елге шақырып, кездесу өткізіліп, ауылды көркейту, дамыту бойынша пікір алмасып, жоспарлар жасалды. Сондай-ақ  2019 жыл ауылымыз үшін ерекше жыл болды. Ауылымыздың Жүзімдік болып құрылғанына 50 жыл толды. Осы мерейлі күнге орай Наурыз айында «Елу жылда ел жаңа» деген тақырыппен елдігімізді, ауызбіршілігімізді көрсете отырып, ауылымыздың 50 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Ауылдыңмерейтойы қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш қоршалып, демеушінің есебінен абаттандыру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, ауыл жастарының ұйымдастыруымен Жүзімдік ауылының кіре берісіне ауыл атауы жазылған қақпа орнатылды. Сондай-ақ Рухани бағдарлама аясында ауылдың 50 жылдығына орай жасалған іс-шараға сәйкес ауылымыздың дамуына үлес қосқан Б.Қалмахановты, ауылдан шыққан танымал журналист А. Бәкірованы еске алу шаралары ұйымдастырылды.

           Ауылдан шыққан кәсіпкерлердің көмегімен туған жерге қолдау көрсету мақсатында балабақша, монша, мешіт, заманауи үлгідегі стадион салынды. Алдағы уақытта жаңа тойхана іске қосылады. Бүгінде Алматы қаласында тұрса да Көбей ата мешітіне демеушілік жасап, елдің рухани өміріне атсалысқан медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуірбек Рузиддинов ағамыздың есімін мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар, жуырда ғана пайдалануға берілген қонақ үй мен заманауи үлгідегі моншаның пайдалануға берілгені ауылымызды өркениетке барынша жақындата түсті. Туған еліне көмек қолын созған жаны жомарт азаматтардың қатарынан кәсіпкер Омар Жақыповты да көруге болады. Ауыл округінде ашылған үш балабақша да туған жерді түлетуге өз үлестерін қосып жатқан азаматтарымыздың үлесі. Міне осының барлығы Елбасының мақаласында айтылған бағдарламаларды қолдау деп білемін.

           Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген бағыттар — біздің бүгінгі өміріміздің өзегі. Жолдау еліміздің болашағы үшін жасалатын жұмыстарды айқындап берді. Жолдауға үн қоса отырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде әлі де көптеген жұмыстар жүргізетін боламыз».

           Елдің есінде болса дәл осы Жүзімдік ауылында ауыз суға, жолға, басқа да мәселелерге қатысты жергілікті тұрғындардың арыз-шағымы жоғарыға қарай жиі жолданып тұратын. Ал қазіргі жағдай қала өмірінен бір мысқал да кем емес екенін ауыл әкімінің әңгімесінен анық аңғаруға болады. Лайым, жақсы іс жалғасын тапсын деп тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *